Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Күн мен түн теңеліп, жер арқасы кеңіп, күллі тіршілік әлемі қайта түлейді. Қыс қыспағынан аман шыққан халықтың малы төлдеп, аузы аққа жариды. Бұл күні жеті дәмнен наурызкөже пісіріліп, ағайын-туыс бір дастарқанның басында жиналады. Яғни, Наурыз мейрамын ынтымақ-бірліктің мерекесі десек, артық айтпаспыз. Себебі, ол өткен-кеткен ренішті кешіріп, сананы серпілту арқылы әрқайсымызды жақсылық жасауға шақырады.
Көктем мен жаңаруды айшықтайтын ұлы мереке махаббаттың, ақ пейіл мен татулықтың символы іспеттес. Қазақстан халқы бұл күні өткенді саралап, болашағын болжайды. Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Асхат ИСЕНОВ,
“SMBGROUP Family”
ЖШС-нің директоры.