Ескі дәуірдің көмескі тартқан қатпарынан сыр шертетін жетіген аспабының ұлттық музыкада алатын орны ерекше. Құлаққа жағымды үні, орындаушылық ерекшелігі бар аспап халқымыздың бітім-болмысы, тыныс-тіршілігі мен шежіре-тарихы іспеттес. Соңғы жылдары бұл аспапты кәсіби тұрғыда дамытуға көңіл бөлініп, оған жастардың қызығушылығы артып келеді. Біздің өңірімізде жетігенде ойнап, көпшіліктің ықыласына бөленіп жүрген өнерпаздың бірі – Сегіз сері атындағы халық аспаптары оркестрінің орындаушысы, жетігенші Айдос Ақылбеков. Ұлттық өнерді ұлықтаған өнерпазбен Наурыз мейрамы қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.
– Халқымыз үшін көктем мен жаңаруды айшықтайтын Наурыз мейрамының маңызы зор. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында жолығып отырғандықтан, әңгімеміздің әлқиссасын осы қастерлі мереке турасында бастасақ. Сіз үшін бұл мереке несімен ерекше, жалпы Ұлыстың ұлы күнін қалай атап өтесіз?
– Әз Наурыз – көне әрі қастерлі мейрам. Қуаныш пен мейірімнің, бақ пен ырыстың, молшылық пен кеңдіктің белгісі болған мейрамда әр адам ерекше көңіл күйге бөленеді. Ұлыстың ұлы күнінде халқымыздың салт-дәстүрі ерекше көрініс тауып, ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Бірақ ұлттық құндылықтарымыз мерекеде ғана насихатталмауы керек. Әр қазақ Ұлыстың ұлы күнін мақтанышпен қарсы алып, құрметтей білуі тиіс. Наурыздың сәні ұлттық тағам, салт-дәстүр мен өнер екені даусыз. Ата-бабаларымыздың салтымен ұлттық мерекені той-думанмен, ойын-күлкі, қуанышпен өткіземіз. Әсіресе, өнерде жүрген соң көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Отбасымызбен дастарқан басына жиналып, үлкендерден бата алып, бір-бірімізге жақсы тілек айту дәстүрі қалыптасқан. Сондықтан мен үшін бұл мейрамның орны ерекше.
– Наурыз ежелден келе жатқан мейрам ғой, жетіген де – ішекті аспаптардың көнесі. Кейбір шертпелі аспаптардың даму тарихы бізге күні бүгінге дейін белгісіз. Әсіресе, жетігеннің тарихы туралы зерттеушілер түрлі болжамдар айтуда. Осы ұлттық аспаптың тарихымен таныстырып өтсеңіз.
– Жетіген аспабының шығу тарихына қатысты халық арасында кеңінен тараған аңыз бар. Қаһарлы қыстың қақаған аязынан мал қырылып, үлкен жұт болады. Қазақтың ауылы ашаршылыққа ұшырайды. Онымен қоймай, ел ішінде сүзек ауруы тарап, көбейеді. Көпке әйгілі күйші қарттың жеті ұлы бірдей осы ауруға шалдығып, бірінен соң бірі көз жұмады. Қаралы қайғыға душар болған күйші көкірегін кернеген мұң-зарын күйге қосады. Сөйтіп, “Қарағыш”, “Қанат сынар”, “Құмарым”, “Ой сөнер”, “Бақыт көшті”, “Күн тұтылды”, “Жеті ұлымнан айырылдым” деген азалы күйлер дүниеге келді. Арнайы аспап жасап алып, әр ұлы қайтыс болғанда бір шектен байлап, астына асықтан тиек қойып отырыпты. Күйші қарттың жеті күйінен кейін “Жетігеннің жетеуі” деген атпен тартылып, ел ішіне кең тарап кетіпті.
– Өзіңіз жетігенде ойнауды қайдан үйрендіңіз? Өнерге алғашқы қадамыңыз қалай басталып еді?
– Мен 1986 жылы Жезқазған қаласында дүниеге келдім. Отбасымызбен өнерге жақынбыз. Анам ән айтса, туған ағам – дирижер әрі домбырашы. Сол ағама еліктеп, мен де өнер саласын таңдадым. Алдымен Жезқазған қаласындағы музыкалық колледжде халық аспаптары бөлімінде білім алдым. Музыкаға қобызшы, ұстазым Мәдениет қайраткері Байғара Сәдуақасов баулыды. Кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық музыка академиясында оқыдым. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, қобызшы Әлқуат Қазақбаевтың шәкіртімін. “Өнерлі өрге жүзер” демекші, қобызда ғана емес, бірнеше музыкалық аспапта ойнауды үйрендім. Соның ішінде сазсырнай, жетіген бар. Менің өмірлік серігім Жәмила да – жетіген аспабын кәсіби меңгерген маман. Сөйтіп, екеуміз 2010 жылы Петропавлға арнайы шақыртумен келдік. Бүгінде Қызылжарға әбден бауыр бастық. Қазір екеуміз де Сегіз сері атындағы халық аспаптар оркестрінің құрамында өнер көрсетеміз. Өзім аталмыш оркестр мен “Әлқисса” фольклорлық ансамблінің құрамында қобыз, сазсырнай, жетігенде ойнаймын.
– Қазір музыкалық оқу орындарында жетіген аспабын меңгеруге басымдық берілуде. Содан-ақ жастардың оған қызығушылығы ерекше екенін аңғаруға болады. Жетігенді ұмытыла жаздаған ұлттық аспап ретінде қарастыруға бола ма?
– Жетіген – көнеден жеткен нәзік үн. Ол рас, бір кездері ұмыт бола бастады. Бірақ өнер өміршең ғой. Өнерпаздардың арқасында ұлттық аспап жаңғыртылып, қайта оралды. Ертеректе көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылған. Жалпы жетіген түркітілдес халықтарының ортақ аспабы болып саналады және өзіндік тілдік атаулары бар. Музыканттардың орындаушылық шеберліктерінің арқасында шертпелі аспаптардың түрі өзгеріске ұшырап, дамыған. Аспапта ойнау техникасы да жетіле түсті. Қазір жетігенде 23 ішек бар. Бұл аспаптың музыкалық мүмкіндігін арттыруға ықпал етті.
– Жетігенде қандай күйлерді орындайсыз? Біздің өңірде жетігенге сұраныс бар ма?
Домбырада сияқты бұл аспапта кез келген күйді, тіпті, классикалық шығармаларды да орындауға болады. Кейінгі кездері жетігенге қыздардың қызығушылығы ерекше. Сондықтан оған сұраныс бар. Болашақта өнер колледжінде жетіген сыныбы ашылса, өзімнің білгенімді өзгелерге үйретуге дайынмын. Өйткені, біздің өңірде бұл аспапта ойнайтын өнерпаз көп деп айта алмаймыз. Үлкен қалалардың өзінде мамандар санаулы. Өз басым Тәттімбет, Сүгірдің, Тілендиевтің күйлерін жетігенде орындаймын.
– Наурыз – жыл басы. Өткенді қорытындылап, жаңа жылға жоспар құру – заңдылық. Алға қойған арман-мақсатыңыз, жоспарларыңыз бар шығар?
– Әрине, алға қойған жоспар көп. Тек оларды жүзеге асыру керек. Бойымдағы өнерді әрі қарай дамытып, биік белестерге қол жеткізу – арманым. Өскелең ұрпақты өнерге баулып, мектептерде де жетіген үйірмесін ашқым келеді. Өйткені, жас құрақтай өсіп келе жатқан жеткіншектердің бойында ізгілік, мәдени-рухани құндылықтарды қалыптастыру – басты парыз.
Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.