Облыстық мәслихаттың кезекті үшінші cессиясында бірнеше мәселе қаралды. Депутаттар отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысты.
Алдымен экономика басқармасының басшысы Арсен Қазбековтің облыста жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының жүзеге асырылу барысы жайлы есебі тыңдалды. Соңғы екі жылда екіжақты келісім негізінде 70-тен астам бағдарламаның жартысынан астамы іске қосылған. Жобалар бойынша мониторинг жүргізіліп, сапалық жағы қадағаланып отырылады. “Радуга” ЖШС-і Бескөл мектеп-гимназиясын өз қамқорлығына алған. Жеке инвестор оған 300 млн.теңге қаржы құйып, білім ошағының ғимаратын толық қалпына келтірмек. Оның жанынан 9-шы сыныптан кейін түлектерді қабылдайтын колледж ашу да жоспарланған. Бұл мәселеге қатысты депутаттар Асхат Барлыбаев, Ольга Клишина өз ойларын ортаға салды.
Сессияда мәслихаттың облыстық бюджет туралы, әлеуметтік маңызы бар бағыттарды айқындау жайлы шешімдеріне, облыс азаматтарының жекелеген санаттарына амбулаторлық емдеу кезінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін, оның ішінде дәрілік заттарды, арнайы емдік өнімдерді, медициналық бұйымдарды қосымша тегін беру туралы, облыстық әкімдік жанындағы адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия мен кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамына қатысты бірқатар өзгерістер енгізілді.
Сессияның күн тәртібіне енгізілген Мамлют ауданына қарасты Ленин ауылдық округі мен осы аттас елді мекенге сол төңіректе қайырымдылығымен, кесімді билік жүргізуімен аты шығып, абырой-құрметке бөленген, еланасы атанған – Бике анамыздың есімін беру туралы тұрғындардың ұсынысы бірауыздан қолдау тапты.
Қайрат САДЫҚОВ,
облыстық мәслихаттың баспасөз хатшысы.
Сурет: https://pkzsk.info/