«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сипаты өзгеріп, мазмұны байи түсті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Наурыз десе, алдымен көз алдыма орталық алаңда басшылардың құттық­тауымен басталатын мерекелік концерт, ақшаңқан киіз үйлер, жерошақта мазда­ған от үстінде бұрқ-сарқ қайнаған қара қазан, қараша үйден табақ тасып жүрген даяшылар, әр шаңырақтың алдында домбырасын арындатып, әнін әуелеткен жаршы, “шіркін-ай, мен де кірсем, отыр­сам, мына ет пен қымыздан дәм татсам” деп бір жұтынып қойып, сеңдей соғы­лыс­қан халық келеді. Абай бабамыз айтқан “Базарға қарап тұрсаң, әркім барарының” нағыз өзі. Біреулер ән тыңдап, би билеп көңіл көтергісі келеді, енді біреулері арзанға ет-сүт, құрт-ірімшік секілді ауыл­дың таңсық дәмін сатып жатқан жәр­меңкені жағалайды.

Жылдағы бұлжымас сценариймен “Қыдыр баба” батасын береді, білектілер боз кілемнің шаңын көтерсе, асық ату сияқты ойындар да ретімен өтіп жатады. Ша­малы өзгешеліктер енгізілгенімен, жыл­да көретініміз осы. Алайда, былтыр соған да зар болып қалдық. Барлығы – коро­навирустың кесірі.
Ұзақ үзілістен кейін елімізге қайта оралған Наурыздың шет-жағасын мен де көрдім. Сондықтан бала кезімдегі Наурыз тойы туралы да айта кеткенім артық болмас. Еліміз әлі Тәуелсіздік алмаған тұс. Ес біліп, мектепке барған шағымыз­дан жадымда қалғаны – наурыз айының соңына таман өтетін “Қысты шығарып са­лу” мерекесі. Наурыз екеуі қабаттасып ке­летіндіктен бір-біріне ұқсас, астарлас бо­латын. Ол кезде апаларымыз үйде нау­рызкөженің ырымын жасағаны болмаса, бүгінгідей кең көлемде, жер-жаһанға жар салып, қауышып жатқан халықты көрген жоқпын. Онда да дәл қазіргідей көрініс. Ал­дымен, кеңшардан келген ауылдық кеңес төрағасы немесе парторг құттықтау сөзін айтады, жоғарыдағылардың сәлемін жет­кізеді, кеңшардың, ауданның өткен жылғы же­тістіктеріне тоқтала кетуді де ұмытпай­ды. Қонақтың ыңғайына жығылып, таза қазақ ауылы болса да, шараның жарты­сына жуығы орыс тілінде өтеді. Бала бол­ғасын бізге қызығы – ойын-сауық. Арқан тартысып, күрескен жігіттердің, кірдің та­сын көтерген ағаларымыздың өнерін та­машалаймыз. Алаңның ортасына орна­тылған 7-8 метрлік бағананың басына өрмелеп шыққандардың ептілігіне қайран қаламыз. Беліне дейін шешініп тастап, жалаңаяқ қалпы ағаш басына шыққан адам ілулі тұрған сыйлықтың бірін алады. Онысы көбіне етік, орамал секілді киім бо­лады. Ең қызығы сырғауылдың бір шетіне қой байлап, соның бойымен жүріп өткен адамның өнері еді. Бұл сыннан жігіттің жігіті ғана сүрінбей өтетін. Жан-жақтан қаумалап, қиқулап тұрған халықтан қой байғұс та үркіп, сырғауылды олай-бұлай жұлқылағанда тепе-теңдікті сақтау оңай емес, соған қарамастан мақсатына жетіп, бөлімше бәйгеге тіккен мериносты ба­қырта сүйреп, мерейі үстем болып, үйлеріне қайтатын.
Сол кездегі сауда-саттық та есте. Әйел­дер жағы тойдың көп бөлігін аудан­нан келген жылжымалы дүкеннің алдын­дағы ұзын сонар кезекте өткізеді. “Дефи­цит” тауардан алып қалуға тырысады. Осындай той-думаннан, әрине, балалар да шет қалмайды. Олар үшін ең қызы­ғы – тай-құнанына әдемі әбзел тағып, жүл­де алу. Қыс бойы баптап, ер-тұрманымызды сайлап, мерекені асыға күтетінбіз. Қазіргі күні бірен-саран ауылда болмаса, бұл дәстүр ұмытылып барады.
Тәуелсіздікпен бірге Ұлыстың ұлы күнін мерекелеудің сипаты да, мазмұны да өзгерді. Мәселен, бүгіндері ұмыт болған дәстүрлерді қайта жаңғырту қолға алы­нып жатыр. Соның бірі – ұлттық киім кию. Биыл тіпті осы мәселеге байланысты Пет­ропавл қаласының әкімі Болат Жұма­беков бастама көтеріп, челлендж жария­лады. Қолдаушылар да табылып жатыр. Қуанарлық жағдай, әрине. Бірақ бір әтте­ген-айы, науқаншыл болып кеттік. Әй­теуір, бірдеңе істеу керек деген желеумен жел­пінеміз. Онымыз кейде әп-әдемі шы­ғады, кейде күлкіге қалып жатамыз. Со­ның бірі осы ұлттық киімге де қатысты. Өз басым, ұлттық киімге қарсы емеспін, кию керек. Бірақ жылына бір рет – Наурыздың қарсаңында ғана емес, күнде болмаса да ара-тұра іліп шыққан артық болмас еді-ау деген ой келеді. Ал біз болсақ, базарда қаптап тұрған арзанқол шапан, телпекпен суретке түсіп, әлеуметтік желіге жүктеу­ден әрі аспаймыз. Ұлттық киімге деген сүйіспеншілік қайда, мақтаныш қайда?
Қазіргі таңда қазақ дизайнерлері ұсын­ған ұлттық киімнің түрлері жеткілікті. Қам­зол, бешпет, пиджак, френч үлгісінде ті­гілген, әдемі ою-өрнек салынған киім көз қуантқанынан бөлек, күнделікті киюге де ыңғайлы. Осы ою демекші, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мектепте өткізілетін Наурыз тойындағы мерекелік шаралар естеріңізде болар. Бүгінгідей дайын киім жоқ, әжелеріміз амалдап, қолда бар мата­дан қошқар мүйіз ойып, мектеп форма­сына көктеп беретін. Түлкі тымақ, құндыз бөріктің ата-бабаларымыздан қалған ұлттық киім екенін сол кезден бастап ұқ­тық. Сондықтан әлем-жәлем ою жапсыр­ған шапаннан гөрі жеңіл әрі ықшам, күн­делікті киюге ыңғайлысын жиірек қол­дансақ, сол жақсы емес пе?!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында көктем мерекесі – Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған бола­тын. Соған орай ел үкіметі тиісті тұжы­рымдама жасады. Онда: “Мейрам кезінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақса­тында халық жаппай ұлттық киімдерімізді киіп, төл ойындарымызды ұйымдас­ты­рып, көпшілік орындарда (сауда орталық­тары, вокзал, әуежай, қонақүй, т.б.) ұлт­тық музыка ойнатылуын қамтамасыз ету, салт-дәстүрлерімізді жаңғыртып, жас ұр­паққа Ұлыстың ұлы күнінің маңызы жөнін­де өсиет, өнеге айтуы маңызды”, – деп жа­зылған. Осы құжатқа сәйкес бұдан былай Наурыз мейрамын тойлауға қатысты іс-шаралар 14-23 наурыз аралығында (10 күн) өткізіледі.
Шынында да, биыл Қызылжар өңіріне Наурыз лебі ерте жетті. Наурыз мейра­мын тойлау алғаш рет Көрісу күнінен бас­тау алды. Ежелден келе жатқан ата сал­тымыз бойынша жастар осы күні үлкен­дерге сәлем беріп, батасын алды. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнады. Енді мерекелік шаралар “Жайлау күні”, “Шежі­ре күні”, “Тарихқа тағзым күні”, “Игі істер күні”, “Шымырлық пен шеберлік күні”, “Зияткерлік күні”, “Ұлттық тағамдар күні”, “Ұлыстың ұлы күні”, “Жоралғы күні” – осы­лай жалғасып кете береді.
Береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы құтты болсын!

Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp