Тышқан жылы “GOVID-19” атауын иеленген коронавирустық індетпен ұмытылмастай есте қалды. Тосыннан келген пандемия миллиондаған адамды ажал тырнағына іліктіріп, төрткүл дүниені бір тарының қауызына сыйғызғандай үлкен әбігерге түсірді. Сол себепті болар, Тышқан жылы тарих қойнауына еніп, жыл қайыру бойынша Сиыр жылы табалдырықтан аттағанда жақсылық күтіп, иығымыздан ауыр жүк түскендей жеңілденген көңіл күй кешкеніміз рас.
Биылғы Сиыр жылының бір ерекшелігі – мерейтойларға толы. Жыр алыбы Жамбылдың – 175, Алаш арысы Әлихан Бөкейханның – 155, күш атасы Қажымұқанның – 150, Исатай Тайманұлының – 230, Ыбырай Алтынсариннің – 180, Дина Нұрпейісованың – 160, Ахмет Жұбановтың – 115, Латиф Хамидидің – 115, Қасым Аманжоловтың – 110, Салық Зимановтың – 100 жылдығын, “Айқап” журналының шыққанына 110 жыл толатынын айта кеткен жөн. Ең шоқтығы биік, бірегей мейрам, әрине, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” мақаласындағы: “Тәуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тәуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз әрі дәйекті елдік саясатпен мәңгі жалғасады”, – деген сөздері ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тәуелсіздігімізді патриоттық рухта асқақтата беруді басты мұрат тұтқан әр қазақстандыққа үлкен ой салары анық.
Болжамдар Сиыр жылы өткен жылға қарағанда жемісті болып, экономика мен саясатта тұрақтылық орнайды дегенге саяды. Десек те, шағын кәсіп иелеріне белді бекем буып, қиындықтарға қарсы тұруларына тура келеді. Бір қуантарлығы, індет біртіндеп азая бастайды.
Нумеролог Жанна Кеңесбаева ірі көлемде кредит және қарыз алмауға, проблемаларды жеке шешуге кеңес береді. Кезінде көріпкел Ванганың 2021 жыл бетбұрыс кезеңі болуы ықтимал деп айтқан сәуегейлігін еске алсақ, есіктен еніп, төрге озған Сиыр жылынан жұртшылық тек жан жадыратар игілікті істер ғана күтетіні заңды.
Қазақ халқының мифологиялық наным-сенімінде алар орны ерекше сүтті жануар – сиыр атқарылатын қат-қабат шаруалардың, реформалардың піріне айналып, елімізге бірлік, халқымызға тыныштық, дастарқанымызға молшылық, шаңырағымызға шаттық әкелсін деген ақжарма тілек айтқымыз келеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.