«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ СӘНІ – СӘЙГҮЛІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады” дейтін қазақ бәйгеге қосар атты жаратуға ерекше мән берген. Нағыз атбегі “жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар” шығатын жануарды алыстан таниды. Бүгінде қыл құйрықтыға қызығатын қалталы азаматтар көбейгенмен, мықты атбегілердің қатары әлі де сирек. Өңірімізге белгілі атбегі – Мақсат Азбаевпен әңгіме­лесіп, ата-бабамыздан мирас болып жеткен бекзада өнердің қазіргі жай-күйіне қанықтық.

Атам қазақ аттың жалында өс­кендіктен жылқының сын-сипатын, кү­тімін бес сауса­ғындай білген. Тайынша ауданындағы Аққұдық ауылының тұрғыны Мақсат Азбаев та бала күнінен асау тізгіндегендер қатарынан. Ол атбегілік өнер қанмен дари­тын қасиет деп біледі.
– Менің атам Қалиақпар Азбаев бәйге алатын атты алыстан танитын. Өзі де тұлпар баптады. Өмір бойы аттан түскен жоқ. Мені бала кезімнен атбегілік өнердің қыр-сырына үйретіп, қызығушылығымды оятты, – дейді Мақсат Қажығалиұлы.
Атаның тәрбиесін өн бойына сіңіріп өскен ол мектепті бітірісімен “Спорт және туризм” мамандығына оқуға түседі. Бұл сала­ны болашақта ат спортын дамытып, демалыс орындарын ашсам деген оймен таңдаған. Оқуын та­мамдаған соң ауыл­дағы орта мектепке дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасты. Балаларды атбегілік өнерге де баулиды. “Құлан” бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие ресімдеп, 24 бас жылқы сатып алып, шаруашылығын да дөңгелетіп отыр.
– Атбегілік – үлкен өнер. Бұл өнерден айырылып қалсақ, қайта қалпына келтіру қиын. Мәселен, футболда жаттықтырушы табылмаса, оны шетелден алдыртуға бола­ды. Ал атбегіні әкеле алмайсың. Өйткені қазақтан артық аттың бабын білетін халық жоқ. Біз тұлпарды таңдап, сәйгүлікті сайлап мінген үлкендердің көзін көрдік. Жүйрікті жаратудың түрлі тәсілін меңгердік. Өкінішке қарай, қазір тәжірибелі атбегілердің қатары сиреп барады. Ал жас жігіттердің көпшілігі әлі жетік білмейді, – дейді ол.
Айтуынша, жүйрікті жаратудың тәсілдері сан алуан. Бәрін бір әдіспен баптауға болмайды. Мақсат Қажығалиұлы қарашадан қаңтарға дейін атты семіртеді. Көп мінбейді де. Ал қар ери бастағаннан 10-15 шақырымға дейін желе шоқытып, бірте-бірте майынан арылтады. Жүйріктің терін алу, суыту, таң асыру әдістерінің де өз реті бар. Дұ­рыс суымай, тері алынбаған жүйріктің қаны бұзылады екен. Жүйріктің күші – етінде. Өрге қарай шауып, аттың бұлшық етін шынықтырады. Атбегі жылқының жанарына бір қарағаннан-ақ жануардың қандай күйде екенін аңғаруы тиіс. Сонымен қоса тілін біліп, оның пысқыруынан және қимылынан-ақ көп жайтты байқауы қажет.
Мақсат Қажыға­ли­ұлы соңғы уақытқа дейін “Тұлпар” ат спорты клубының Тайынша ауданындағы филиалында жас­өспірімдерді ұлттық спорт тү­ріне машықтандырса, бүгіндері “Арғымақ” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің Аққұдық ауылындағы бәйге және жамбы ату бөлімшелерінде еңбек етуде. Жиырмаға жуық жас­ты ұлттық спортқа баулып, атбегілік өнердің дамуына өзіндік үлесін қосуда.
Өңірімізге есімі белгілі атбегінің ба­ғындырған биіктері де аз емес. Атап айтқанда, оның тұлпарлары талай бәй­ге­нің алдын бермеді. Мәселен, 2014 жылы Көк­ше­тау қаласында өткен Ақмола об­лысы ат спорты маусымының ашылуында “Чемпион” есімді құ­наны екінші орынды ен­шілесе, 2016 жылы Павлодардағы ел біріншілігінде “Фаворит” атты тұлпары үздік үштікті түйіндеді. Бір жылдан кейін ұйымдастырылған мау­сымашарда “Алан” мәреге бірінші кел­ді. 2018 жылы астанада жалауы желбіреген “Ұлы дала ойындары” республикалық фес­тивалінде облыс құрамасының жалпыкомандалық үшінші орынға ие болуына Мақсат Азбаевтың қосқан үлесі зор.
Мақсат Қажығалиұлы – нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жігіт. Аңшылықпен және тазы асыраумен айналысады. Саятшылық – сүйікті кәсібі. 2017 жылы “Құ­лагер” ипподромында “Қансо­нар” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған республи­калық көрмеде Мақсат Азбаевтың “Басар” атты тазысы екінші орынға ие болды.
Жігіттің үш бақыты бар. Ол – мін­ген аты, алғыр тазысы және сүйген жары. Бұл атам заманнан бері келе жатқан түсінік. Мақсат Азбаевта бұл аталғандардың үшеуі де бар. Демек, ол 
нағыз бақытты жан.

 

Қанат АТАМАНОВ.
“Soltüstık Qazaqstan”.

СУРЕТТЕ: атбегі Мақсат Азбаев ұлымен бірге. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp