Қазақ халқы Ұлыстың Ұлы күні деп тойлайтын ұлттық мереке – әлемнің көптеген халықтарына ортақ. Көктемнің төрімізге жетіп, табиғаттың жаңаруын білдіретін мейрамды Әзірбайжан, Албания, Ауғанстан, Индия, Иран, Қырғызстан, Македония, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия мен Өзбекстан да атап өтеді. Бірқатар елде бұл мейрамға мемлекеттік мәртебе берілген.
Оңтүстігіміздегі көршіміз – өзбек жұрты көктем мерекесін тойлауды наурыздың 21-інде бастап, екі апта көлемінде той мен ойынның көрігін қыздырады. Ел көлемінде мерекелік шаралар ұйымдастырылып, оларға жұртшылық бірі қалыспай жиналады. Өзбектің игі дәстүрлеріне сай кең дастарқан жайылып, мерекелік базарлар, ат жарысы ұйымдастырылады.
Қырғыздар болса, Нооруз мейрамына орай Бішкек қаласының басты алаңында жылдың ең ірі той-думанын ұйымдастырады. Мерекенің басталғаны жайлы қарнай, сырнайдың жаңғырған үні белгі беріп, әр шаңырақта дастаркондар жайылып, сумелек, чон-көже ұсынылады. Бір-бірін қонақ қылып, күтіп құрметтеген жұрт кейін “айқұш-ұйқыш”, аударыспақ ойындарына атсалысады.
Тәжіктердегі Навруздың басты нышаны – от. Қызыл жалын сауықтырып, тазартатын қасиетке ие болғандықтан, бауырлас халық өкілдері ойындарда, көріністерде отты жиі пайдаланады. Төрге жеткен жылда бай-қуатты болу үшін олар мереке күні отты айналып жүреді. Мейрамның тағы бір нышаны – өрген дән. Биыл Тәжікстанның астанасы – Душанбе қаласының жұртшылығы Наурызға орай өнген бидайдың алып мүсінін әзірлеген. Нышанның биіктігі 30 метрді құрайды. Мерекелік шаралар наурыздың 21-і мен 24-і аралығында жалғасады.
Жыл сайын бауырлас түрік, күрд халықтары да Неврузды атап өтеді. Бұл елде меймандар дастарқандағы сұмалақтан ауыз тиеді. Сонымен қатар жұмыртқа бояу, өнген бидай мен майшам да түрік еліндегі Наурыз мерекесінің нышандары саналады.
Соңғы 15 жылдың көлемінде Наурыз Ресейде де аталып өтіле бастады. Әсіресе, бұл мейрамды көрші федерацияның Башқұртстан, Татарстан мен Дағыстан жұрты ерекше етіп тойлайды. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан биыл алғаш рет Ресей басшылығы Наурызды онлайн тойлауға бел буған. Мереке көшеде думандатқан жұртшылықсыз өткізілсе де, дәстүрлі шараларды тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік жасалып отыр.
Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.