1997 жылы ел Үкіметі республикамыздың солтүстігінде стратегиялық маңызды оқу орнын ашу туралы шешім қабылдаған еді. Дәл сол жылы білім ордасының ашылу салтанатына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Солтүстіктің суық климатында тұрып, сынақтан өткен жас сардарлар болашақта еліміздің қорғаныс саласының мықты кадрлары болатынына сенімдімін”, деп атап өткен болатын.
Жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Бауыржан Абжанов пен Ұлттық гвардия Ұлттық қорғаныс университетінің факультет бастығы генерал-майор Жұмабек Ахметов әскери құрам мен оқытушыларды, тәлімгерлерді құттықтап, еңбегімен ерекшеленгендерге марапат табыстады. Ширек ғасырға жуық тарихында білім ордасынан 3700 офицер түлеп ұшты. Тек еліміздің қорғаныс саласына ғана емес, Қырғызстан мен Тәжікстанға 100-ден астам маман даярланды. Түлектердің 45-і алтын медальмен бітірсе, 260-ы үздік диплом иегері атанған. Қазіргі таңда институт түлектері – еліміздің қорғаныс саласындағы, ішкі әскерлердегі барлық құрылымдарда еңбек етуде. Жас мамандарды даярлау ісіне кіріскендер де бар. Осы орайда, Петропавл Әскери институтының ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауға да ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткен жөн. Оқыту-әдістемелік базасын жетілдіру мақсатында биыл Әскери институтқа Ұлттық гвардияның Академиясы мәртебесін беру мәселесі қарастырылуда. Институт аумағында жаңа оқу корпусы, казарма мен спорттық кешеннің құрылысы басталмақ.
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.