«Алаш» қозғалысының көшбасшысы, 1917 жылы құрылған Қазақ автономиялы республикасының тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейханның туғанына биыл 155 жыл толып отыр. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада қоғам қайраткерінің өмірі мен шығармашылығына арналған «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Оған өңіріміздегі тарихшылар мен архив қызметкерлері, ардагерлер, ұстаздар мен студенттер қатысты.
Шараның басты мақсаты – қайраткердің шығармашылығын кеңінен таныстыру арқылы Қазақстанның мәдени, ғылыми мұрасын насихаттау. Іс-шараны жүргізген Қазақстан Жоғары мектебі ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбай «Алаш» идеясы мен оның ұлтқа пайдасы жөнінде айтып өтті.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің қызметкері Назерке Рамазанова «Қызылжардағы Алаш қайраткерлері» тақырыбында баяндама жасап, Әлихан Бөкейханның ізбасарлары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров сынды ұлт ардақтыларының қызметі жайлы әңгімеледі. Оның айтуынша, Мағжан Жұмабаев «Алаш» партиясы идеологының бірі болған. Ол өз жырлары және алдымен «Кедей сөзі», кейін Петропавлда «Бостандық туы» атауымен шыққан басылымда жарияланған мақалалары арқылы халықты ұлт болып ұйысуға шақырған. Сондай-ақ, Алаш қайраткерлерінің бастауымен елімізде тарихты зерттеу ісі қолға алынғаны айтылды.
Жиын барысында М. Қозыбаев атындағы СҚУ-дің «Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зылиха Бимақанова «Әлихан Бөкейхан – ұлт тәуелсіздігінің жаршысы», №25 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі, директордың ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Жадыра Зұлқарнаева «Әлихан Бөкейхан – ұлт көсемі» деген тақырыпта баяндама жасады. Кездесу соңында қонақтар «Алаштың асылы» атауымен ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Мұнда Әлихан Бөкейханның еңбектері мен ол жайлы жазылған шығармалар қойылған.
Сағындық МАУҒАЗИН,
«Soltüstık Qazaqstan».