Жер-Ана бусанып, аузымыз аққа кенелетін қасиетті мейрамда көктемнің шуағы мейірімін төгіп, адамдар қуаныш пен шаттыққа бөленеді. Көптен көріспеген адамдар бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болады. Молшылық пен берекенің нышанындай қыстан қалған сүр ет, сары бауырсақ, құрт-майды наурыз дастарқанынан табасыз. Наурызкөже дайындалып, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелетін мейрамда адамдардың да көңілі тазарып, жақсылық жасауға ұмтылады.
“Самарқанның көк тасы жібіген күн” деп текке айтылмаса керек. Бұл сөздің астарында терең мән-мағына бар. Біріншіден, бұл табиғатқа қатысты айтылған түсінік болса, екіншіден, адамдардың пейілімен байланыстырылған. Яғни, Наурыз кешірім айы десек те болады.
Түркі халықтарына ортақ мерекеде салт-дәстүр, әдет-ғұрыптың өзара үйлесім табуы бір ғанибет емес пе? Сондықтан халқымыз үшін қастерлі мейрамды өзіміздің отбасымызбен атап өту дәстүрге айналды. Балаларымызға Ұлыс күнінің маңызын түсіндіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп, өзіміздің ісімізбен үлгі көрсетеміз. Сондықтан Жаңа жылымыз құт-береке әкеліп, жақсылығымен, қуанышымен келсін. Бастысы ел аман, жұрт тыныш болғай.
Сәкен ӘМРИН,
Мағжан Жұмабаев аудандық
ауруханасының бас дәрігері.