Өңірімізде короновирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны – 12805 адам. Соның ішінде 8 мыңға жуық науқаста ауру белгісі анықталды. Наурыздың 17-і күніндегі жағдай бойынша 21 адамның ауру жұқтырғаны белгілі болды. Науқастардың дені Петропавл қаласында тіркелді. Дертке шалдыққандардың қатарында Айыртау, Мамлют, Ақжар, Қызылжар, Есіл аудандарының тұрғындары да бар. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Татьяна Горлова өңірде қауіпті індеттің таралу жағдайы туралы баяндады. Маман соңғы бір аптада аурудың таралу көрсеткіші 14 пайызға төмендегенін айтты.
– 2020 жылдың 14 желтоқсанынан бастап облыста шектеу шаралары жеңілдетіліп, жаңажылдық мерекеден кейін қаңтарда ауру көрсеткіші 42 пайызға өсті. Өңіріміз тағы да «қызыл» аймаққа өтіп, локдаун режімін енгізуге тура келді. Сондықтан алдағы Наурыз мейрамында өңір тұрғындарын санитарлық талаптарды орындауға шақырамыз. Қауіпті індеттің өршуіне жол бермеу үшін көпшілік іс-шараларды өткізуге тиым салынғанын айтып өткен жөн. Мейрамды отбасында, шағын ортада атап өтуге болады, – дей келе Татьяна Горлова көпшілік жиналатын орындарға баруды шектеп, әлеуметтік қашықтықты сақтап, тазалық тәртібін қатаң ұстануға кеңес берді. Сондай-ақ, ол инфекциялық аурудан құтылудың жолы екпе алу екенін айтты.
Өңірімізде үстіміздегі жылдың ақпан айында вакцинациялау науқаны басталған болатын. Наурыз айында облысқа қауіпті індетке қарсы екпенің тағы 2800 дозасы жеткізілді. Бұған дейінгі 1200 доза негізінен вирусты жұқтыру қаупі жоғары медицина мамандарына салынды. Қазір екпені мұғалімдер, полицейлер мен әскери қызметшілер алуда. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Құмар Күсемісов короновирусқа қарсы екпенің екінші партиясын бүгінде мыңнан астам адамның салдыртқанын айтты.
Гүлнәр САЙЛАУҚЫЗЫ,
облыстық денсаулық сақтау басқармасының
баспасөз хатшысы.
Сурет: https://www.bbc.com/