Көктемгі жаңару күні – Наурыз мейрамы баршамызға құтты болсын! Ұлыстың ұлы күні – бағзыдан келе жатқан ұлық мерекеміз. Бұл күні елдің ынтымақты бірлігі мен тату-тәтті тірлігін, болашаққа деген сенімін, ұлттар арасындағы өзара сыйластық пен достық қарым-қатынастардың жарқын көрінісін айқын сезіне аламыз. Бір кездері ұмыт қалған бұл мейрам егемендіктің арқасында қайтадан ортамызға оралды. Наурыз – күн мен түн теңеліп, барша тіршілік атаулы оянып, айналаны шуаққа, жылылыққа, мейірімге бөлейтін тамаша мезгіл. Бұл мейрамды ата-бабаларымыз ежелден-ақ асыға күткен. Қыс бойы көріспеген халық бір-бірінің үйіне қонаққа барып, арқа-жарқа араласқан. Келіспей қалған адамдар кешірім сұрасып, татуласқан.
Тәуелсіздігіміздің осынау 30 жылдық тарихында елімізде үлкен жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылып, қыруар жұмыс атқарылды. Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан әлемдік аренадағы өз орнын белгіледі. Ендігі кезекте қолымыздағыны көзіміздің қарашығындай сақтап, бағалай білуіміз керек. Халқымызда “Ескі жыл есіркесін, жаңа жыл жарылқасын” деген нақыл сөз бар. Ендеше, ұлыс оң болсын! Барлығыңызды әз Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, бақ-береке және бірлік тілеймін!
Махаббат ҮМІТЖАНОВА,
велоспорттан халықаралық дәрежедегі спорт шебері.