«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫҚ МЕЙРАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халқымыздың сан ғасырлық қатпарлы тарихын парақтайтын болсақ, ұлттық құндылықтарымыздың, мәдениетіміз бен төл әдебиетіміздің, ата дініміз бен ана тіліміздің тоталитарлық жүйенің аранына жұтылып кете жаздағанының куәсі боламыз. Ұлан-ғайыр даланың ұлтарақтай жерін дұшпанның қолына бермеу үшін “түн қата жүріп, түс қашқан” баһадүр бабаларымыздың асқақ арманы бүгінде ақиқатқа айналып, рақымды Алла тағала бізге Тәуелсіздіктің рауандап атқан таңын көруді бұйыртты. Үш ғасырға жуық уақыт бойы ұлтымыздың өмірінен ғана емес жүрегінен жылыстауға шақ қалған қасиетті құндылықтарымыз еңселі егемендігімізбен бірге қайта түлеп, өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Ұлыстың ұлы күнінде шартарапқа сүйіншілей сауын айтып, Наурыз мерекесін ұлан-асыр тойлауымыз да тұғырлы Тәуелсіздіктің нәсіп еткен нығметтерінің бірі емес пе?

Иә, Наурыздың халқымызбен қайта қауышқанына, елімізде кеңінен тойлана бастағанына, міне, биыл отыз үш жылға аяқ басып келеді. Әр сәті ғасырға бергісіз осынау уақыттың бояу-бедерінде, жазушы Әбіш Кекілбаевтың тілімен айтсақ, “ортамыз толды, ойдағымыз болды”. Шын мағынасында жаңару мен жаңғырудың, береке мен молшылықтың құтты бастауына айналған Ұлыстың ұлы күнімен бірге еліміздің еңсесі көтерілді, жасампаздығы артты.


Осыдан жүздеген жылдар бұрын Ұлы дала төсін думанға бөлеп, алты сан алаштан алақайлатып сүйінші сұратқан әз Наурыздың тарихы бай, тамыры терең. Сондықтан да оның ұлт өміріндегі маңызы айрықша бөлек. Қазақ әдебиетінің көптомдығын зерделеп шықсақ, әз Наурыз мейрамы жайында халқымызда ең алғаш мағыналы деректер қалдырған біртуар тұлғалардың жазбаларын аз кездестірмейміз. Адамзат ақыл-ойының кемеңгері, данышпан Абай атамыз “Бірер сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы” атты мақаласында: “Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейра­мы болып, наурызнама қыламыз деп той-тамаша қылады екен”, – деп бұл мерекенің Табиғат-Анамен тамырласып жатқанын айтса, әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев: “Қазақтың қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы – наурызнама. Үйсін Төле бидің заманында наурызнаманың қадір-құны астан, тойдан ілгері болған”, – деп ой толғатады.

Әңгіме жанрының хас шебері Бейімбет Майлиннің:
“Қазан толы сары уыз,
Дастарқанда дәніміз,
Жайдарлымыз бәріміз
Көжесі көп, қыры көп
Қандай жақсы Наурыз!” – деп өрілетін өлеңін өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан кейін жарық көрген мектеп оқулықтары арқылы жаттап өстік емес пе?


Осы ретте, жоғары оқу орнында сабақ берген ұстазым, есімі елімізге белгілі ғалым, жерлесіміз Серік Негимовтің Ұлыстың ұлы күні сонау ықылымдағы батырлар жырында көрініс тапқаны туралы айтқан әңгімесі ойға оралады. Профессор бір дәрісінде былай деген еді: “Қобыланды батыр” жырында:

“Қаз жайлауын саз деймін,
Наурыздан соң жаз деймін.
Көлден ұшқан қаздаймын,
Наурыздан соң жаздаймын”, деген жыр жолдары кездеседі. Мұндағы “наурыз” парсы сөзі болғанымен, көне түркілерге, қазақтарға ерте заманнан кірігіп, сіңіп кеткендігін дәлелдейді. Қазақтар “Наурыздан соң жаз деймін” немесе “Наурыздан соң жаздаймын” деп наурыздың көктем мезгілі екендігін дәттеген, яғни көне түркілер, қазақтар Наурыз мерекесін жыл басы ретінде ғана емес, көктемнің, жылылықтың келуі, табиғаттың жаңаруы ретінде де тойлаған”.
Өкініштісі сол, “жетсе заман, қоймас аман” дегендей, 1926-27 жылдары бұл төл мейрамымызды үйіріліп соққан замана дауылы қатты шайқап, ұлтымыздың жадынан мүлдем өшіріп тастауға бекінді. Осылайша Наурыз мерекесі нақақтан-нақақ “кертартпа діни рәсімдер” қатарына жатқызылып, оны ресми тойлауға тыйым салынды. Көңіл түкпірінде туған еліне, жеріне, салты мен мәдениетіне деген сезімнің сәулесі сөнбеген ата-әжелеріміз әз Наурызды әмбеге жариялауға жүрексінсе де, оны ошағы мен қазаны басынан аластатқан жоқ. Марғасқа Мағжан ақынның: “Қазақтың наурызы – дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруашылық мейрамы”, деп ой топшылағанын ескерсек, мұның тұтас ұлтқа қолдан жасалған озбырлық, қиянат екенін мойындамасқа амалымыз қалмайды.
Құдайға мың да бір шүкір, бүгінде Ұлыстың ұлы күні тұғырлы тәуелсіздігімізбен бірге түлеп, ай алмасып, жыл жылжыған сайын жаңа сипатқа ие болып келеді. Ең бастысы халқымыз ұлттық рухымызды оятатын, түркітектес болмысымызды айшықтап, гүлдендіре түсетін мереке ретінде Наурызды санасынан өшірмеді, жадынан көшірмеді. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқан “ұлттық код” дегеніміз – міне, осы болса керек.
Қазір еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін Наурызды асыға күтеді. Ірі қалаларды айтпағанда, шағын елді мекендердің өзінде ақшаңқай киіз үйлер тігіліп, орталық алаңдарда басты жиындар өткізіледі. Қайсыбір жылы еліміздің оңтүстігіндегі облыстарда жасау-жабдығы түгел киіз үйлер қалашығы сән түзегенде ішіміз жылып, жанымыз жадырап қалған еді. Келесі жылы бұл үрдіс өзіміздің Қызылжар өңірінде де жалғасын тауып, Петропавл қаласының орталық алаңында облысымызға қарасты барлық аудан жабдықтаған киіз үйлер қойылып, этноауыл бой көтерді. Одан өзге қай үйге бас сұқпайық, Ұлыстың ұлы күнін мол жайылған дастарқанмен, ізгі ниет, ақ тілекпен қарсы алып жатады. Тілі мен түрі басқа өзге этнос өкілдерінің өзі қазақтың ұлттық тағамдары бауырсақ пен наурызкөже пісіріп, қазан көтереді. Сөзін ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жазған:
“Наурыз, наурыз, күн игі!
Күні игі жердің – түрі игі.
Бауыры жылып науатқар,
Бабымен ғана жібиді.
Шашылып ырыс шанақтан,
Шақырып бір үй бір үйді,
Шаттанушы еді бір игі”, деп өрілетін “Наурыз айы туғанда” әнін жиналған жұртшылықтың бірі қалмай, қосыла шырқағанын көріп көңілім марқайған.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің: “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында: “Халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады”, деген еді. Әлем халқын бір түйір тарының қауызына сыйдырып жіберердей әбігерге салған жаһандық пандемияға қарамастан, биылғы Наурыз мерекесі еліміздің барлық өңірлерінде ел Үкіметі қабылдаған жаңа тұжырымдама негізінде аталып өтілуде. Оның аясында наурыз айының он төртінші жұлдызынан жиырма үшіне дейінгі аралық арнайы атауларға ие болып, жаппай ұлттық киімдеріміз киіліп, ұжымдарда төл ойындарымыз ұйымдастырылып, көпшілік орындарда (сауда орталықтары, вокзал, әуежай, қонақүй, т.б.) ұлттық музыкаларымыз ойнатылуда. Жас ұрпаққа Ұлыстың ұлы күнінің маңызы жөнінде өсиет, өнеге айту мәселесі де ұмыт қалмақ емес. Осыдан-ақ, Наурыздың ажары да, мазмұны да өзгергенін аңғарамыз. Ғажап емес пе?
Елбасымыздың: “Ке­лешекте жыл басын өзіміздің Наурыздан бастаймыз” деп айтқан сөзі әр қазақ баласының есінде болар. Сол күнді көре­тін уақыт та алыс емес-ау деп ойлаймын.

 

Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp