Солтүстік Қазақстан облысында пән мұғалімдері арасында дәстүрлі олимпиада өтіп жатыр. Биыл оған аудандық кезеңнің 100-ден аса жеңімпазы қатысуда.
Облыстық білім басқармасының мәліметінше, пән мұғалімдерінің облыстық олимпиадасы 25-31 наурыз аралығында өтеді. Бұған дейін аудандық кезеңі өтіп, оған 2 мыңнан астам ұстаз қатысты. Облыстық сайыста үздік танылған 100-ден астам ұстаз бақ сынап жатыр. Бұл шара тек Солтүстік Қазақстанда ғана 2019 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.
«Бұл олимпиада пән мұғалімдері қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған. Өткен жылы тек химия және биология пәні мұғалімдерінің арасында өткізілді. Ал биыл ауқымы кеңейіп, 8 пәнді қамтыдық. Олимпиада облыстың үздік те, талантты мұғалімдерін қолдау мақсатында өткізіледі. Жеңімпаздар марапатталып, сертификаттар алады», – дейді облыстық білім саласындағы әдістемелік орталық және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары Айгүл Жылқожина.
Биыл мектеп мұғалімдері биология, физика, математика, тарих, химия, география, қазақ тілі пәндері бойынша және бастауыш сынып ұстаздары олимпиадаға қатысып жатыр.
https://www.inform.kz