«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕДИЦИНАДА МӘСЕЛЕ КӨП

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық ардагерлер кеңесінде денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары мен зейнеткерлердің қатысуымен отырыс өтті.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Баязитов медициналық ұйымдарды сандық жүйеге көшіру мәселесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, қазір өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдары компьютерлік техникамен 100 пайыз қамтылған. Үстіміздегі жылы 44 елді мекендегі ауруханаларды ғаламтор желісіне қосу жоспарланып отыр. Ілкімді істер көңіл қуантқанымен компьютер, мобильдік құрылғылар арқылы көрсетілетін қызметке бәрінің бірдей қолы жете бермейді. Мұның негізгі себебі – тұрғындардың компьютерлік сауаты әлі де төмен деңгейде қалып отырғанында. Әсіресе, егде жастағы адамдарға сандық технологияны игеру қиын. Маман өз сөзінде «Damumed», «SKOMed» сияқты мобильдік қосымшаларды пайдаланатындар негізінен 18-50 жастағы тұрғындар екенін айтты.
Бүгінде №3 қалалық емханада 72491 адам тіркеуде тұр. Ауруханаға көбінесе егде жастағы адамдар дәрігерлік көмекке жүгінеді, тіркеуде тұрғандардың жартысынан астамы жиі сырқаттанады. Бұл емхана ұжымына айтарлықтай салмақ салып отыр. Өйткені, дәрігер тапшы. Емханада сандық жүйе қолданысқа енгізілгенімен әлі де атқаратын шаруа аз емес. Отырыста емханаға қоңырау шалып күні бойы жауап ала алмай жүйкесі тозған қартаң адамдар реніштерін бүкпесіз айтты. Бұл орайда, облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік-тұрмыстық комиссия төрағасының бірінші орынбасары Сергей Яковенко медициналық ұйымдардың басшыларына емдеу мекемелерінің басшыларына телефон деректерін дұрыс көрсетіп, тұрғындарды тиісті ақпаратпен қамтамасыз етуді тапсырды.
– Сандық жүйенің артықшылықтары күмән тудырмайды. Бұл – заман талабы. Алайда, медициналық ақпарат жүйесінде компьютерлік бағдарламаны жетілдіру қажет. Мысалы, «Damumed» ақпараттық қосымшасы іске қосылмай қалатын жағдайлар жиі кездеседі, – дейді еңбек ардагері Раиса Полищук.
Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіздіктер бағдарламаны жасап шығарғандардың кінәсінен туындап отыр. Десе де денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары да өз тарапынан бұл мәселені шешуге ықылас танытуы қажет. Зейнеткерлерді дәріханалардағы кейбір дәрі-дәрмек тапшылығы да алаңдатады. №1 қалалық емхананың бас дәрігері Светлана Кашенцева өткен жылы бірыңғай дистрибьютор «СК-Фармация» компаниясында орын алған кедергілер дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін тудырғанын айтты. Қазір жағдай дұрысталып келеді.
Шара соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов денсаулық сақтау мекемелерінің басшыларына қордаланып қалған мәселелерді бірлесіп шешу үшін алдағы уақытта да осындай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп тұруды ұсынды.
Марат ЕРМҰҚАНОВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің баспасөз хатшысы.

 

 


 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp