Тепловоз жүргізушісі теміржолды басып өтпек болған көліктің салдарынан шұғыл тоқтауға мәжбүр болған.
Петропавл қалалық полиция басқармасы теміржол өткелінде болған оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді. Белгілі болғандай, «ВАЗ 2110» маркалы автомобильдің 41 жастағы жүргізушісі «СТОП» жол белгісінің талаптарын елемей, № 1216 тепловозының өтуін бөгеп, теміржолға шығып кеткен. Осыдан кейін тепловоз жүргізушісі тез арада тежегішті басуға мәжбүр болған.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан жедел жәрдем мамандары жеңіл көлік жүргізушісін Петропавл медициналық мекемесіне жеткізді. Алғашқы шұғыл көмек көрсетілгеннен кейін медицина қызметкерлері ер адамды үйіне жіберді», деді полиция.
Сарапшылар Оңтүстік Орал теміржолына келтірілген материалдық залалды анықтағаннан кейін жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-тармағы «Көлік құралдары жүргізушілерінің жол жүрісі қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтіруге, көлік құралдарының немесе өзге де мүліктің бүлінуіне алып келген заң бұзушылығы» бойынша әкімшілік хаттама толтырады.
Процессуалдық шешім қабылдау үшін барлық материалдар Петропавл қаласының полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне тапсырылады.
https://egemen.kz