«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қорғаныш киімдерін негізсіз қымбат бағаға алған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы коронавируспен күресте қажет қорғаныш киімдерін негізсіз қымбат бағаға сатып алған.

Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет денсаулық сақтауға қатысты үш мемлекеттік ұйымды тексеріп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Нәтижесінде республикалық деңгейде шара қолданылады. «Облыстық денсаулық сақтау басқармасына, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның Петропавлдағы басқармасының жұмысына талдау жүргізілді. Жұмыс барысында COVID-19-бен күреске бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуы, яғни жеке қорғаныш құралдарын, медициналық жабдықтарды тиімді бағаға жеткілікті түрде сатып алу жағдайлары және медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге бөлінген бюджеттің дұрыс игерілуі тексерілді. Сыртқы талдау барысында бірқатар олқылық анықталып, сыбайлас жемқорлыққа жол беретін жағдайларды жоюға 41 ұсыныс жасалды», – дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департамент жетекшісі Жарқын Ғалымов.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қызметкерлеріне үстемеақы төлеуде олқылықтар анықталды. Коронавируспен күреске жұмылдырылмаған мамандар, яғни құжатпен жұмыс істеген қызметкерлерге үстемеақы төленген. Артық төленген қаражат 500 мың теңгеден асады. Ақша бюджетке қайтарылды», – дейді Дамир Хабибулин. Ал жеке қорғаныш киімдерін сатып алуда денсаулық сақтау басқармасы бюджет қаражатын тиімсіз жұмсаған. Тексеріс барысында мекеменің кәсіпкерден қорғаныш киімдерінің бір данасын 40 327 теңгеге сатып алғаны анықталды. Осылайша 27 млн 664 мың теңгеге 686 данасы алынған. Дәл сол уақытта «СК-Фармация» ЖШС 7020 костюмді 165 млн 250 мың теңгеге алған. Мұнда бір данасы 23 540 теңгеге шыққан. Басқармаға 115 млн теңгені үнемдеуге болар еді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Аймановтың айтуынша, ол уақытта елде төтенше жағдай жарияланып, сатып алуларды ерекше тәртіппен жүргізуге тура келген екен.
 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген сыртқы талдау нәтижесінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысында негізгі қауіпті аймақтар анықталды. «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 425-бабы 1-бөлімін әмбебап деп айтуға болады. Бұл бап азық-түлік өнімін шығарушылар техникалық регламентті және медициналық мекемелердің, қоғамдық тамақтану орындары мен сауда орталықтарының жауапты тұлғалары санитарлық талаптарды бұзғанда, ал 2020 жылдың жазынан қарапайым тұрғындарға карантиндік шараларды бұзғаны үшін қолданылып келеді», – дейді ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменттің басқарма басшысы Дамир Хабибулин. Бұл бапты бұзғандарға 30 АЕК – 87 510 теңге айыппұл салынады. Маска тақпағаны үшін осындай үлкен көлемде айыппұл төлеу отбасы бюджетіне айтарлықтай салмақ салады. Айта кететін тағы бір жайт, сауда орталықтарында карантин талаптарының сақталуына жауапты тұлғаларға маска тақпағаны үшін жеке тұлға ретінде де дәл сол көлемде айыппұл салынады екен.

https://www.inform.kz
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp