Солтүстік Қазақстан облысында «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында есепте тұрған 6 мыңға жуық адам тексеріліп, алкоголь өнімін заңсыз сатудың 4 дерегі анықталды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Мамлют ауданының тұрғыны спирттік ішімдік сатуға лицензиясы болмаса да, дүкенінде алкоголь сатып келген. Полицейлер саудагерден 70 литр алкоголь өнімін тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Кәсіпкер енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл Мамлют ауданында анықталып отырған бірінші жағдай емес. «Тұрмыс» операциясы аясында үйде спирттік ішімдік сатудың тағы үш дерегі анықталды. Іс-шара өткен бес күннің ішінде тәртіп сақшылары есепте тұрған 6 мыңға жуық тұрғынды тексерді. Нәтижесінде түрлі 886 құқық бұзушылық тіркелді. Оның 88-і тұрмысқа қатысты. Жалпы жыл басынан заңсыз айналымнан 492 литр алкоголь өнімі алынды.
https://www.inform.kz