Ғабеңнің “Боранды түнде” әңгімесі мен Сәбеңнің “Өмір мектебіндегі” қосшы бала атанған тұсты суреттейтін жерін қайта-қайта оқығандықтан болар, әйтеуір, ұлып тұрған, табиғаттың қаһарына шыдап, ақ түтекте жол тауып, үйге аман жетуді ерлік санаушы едім. Бұған көңіл түкпірінде қалған, атамнан естіген әңгімелердің де, әсер етуі ғажап емес. Қыстың ұзақ кештерінде, ұйқыға жатқанша атамды айналдырушы едім.
Ауылдағы боранды түндердің бірінде айтқан мына әңгімесі есімде ерекше қалыпты. Көрші Өрнек ауылында апамның інісі Марс нағашым тұратын. Қыста шекеге шақырғасын апам екеуі шанаға ат жегіп аттанған екен. Қанша отырғанын кім білсін, жайлайтын мал бар деп, кештетіп үйге қарай шығып кетеді. Анау айтқандай алыс та емес, 7-8 шақырым ғана жер, қыстыгүні Есілдің үстімен тура тартса, жарты сағаттың ар жақ-бер жағында үйде болады. Бірақ сол кеште аяқ астынан ақ түтек боран көтеріліп, ат құлағы көрінбей кеткен. Кәдімгі ақырған, аһ ұрғызған жынды жел, ербеңдеген аттың доғасы ғана байқалады. Ойында ештеңе жоқ атам ауыл осы тұста болуы керек деп қамшыны басыңқырап жібереді. Бірақ қара бие арындап, алға баспай қояды. “Мұнысы несі?” деген секеммен шанадан түсіп қараса, Есілдің биік жарқабағына тіреліп тұр екен. Енді сәл жүрсе құлдиға құлағандай. Жылқы – қандай боранда да бағытынан адаспайтын жануар ғой, тек ерік берсең болғаны. Биенің басын бос жібергесін ғана үйге аман-есен жеткізіпті. “Ақылды жануардың арқасында бір ажалдан аман қалып едік”, – деп еске алушы еді атам.
Жуырда өзім де дәл сондай боранға тап болдым. Екібастұз қаласынан үйге – Қызылжарға жол тарттым. Таңертең шықтық, аракідік жаңбыр сіркірегені болмаса, күн райы қауіптене қоятындай мінез танытпады. Ерейментаудағы таныстарға хабарласып, жағдайды біліп алдық. Төтенше жағдай қызметі де тыныш, қайта-қайта хабарлама жіберіп мазасызданып жатқан жоқ. Жол мұраты – жету. Шідерті мен екі ортадағы 70 шақырымды оңай еңсердік. Бозшакөлден өткенде қар ұшқындап, ауа райы құбылып сала берді. Өлеңті өзенінен асқан тұста кәдімгідей төңірек тұтасып кетті. Таяқ тастам жерден ары қарай түк көрінбейді. Шыбын жанды шүберекке түйіп, алға жүріп келеміз. Осыған дейін жолда қалғандарды естігенде “боранда ит пен бала құтырады, үйде отырса қайтеді?” деуші едім, өзім де солардың қатарына қосылдым. Әйтеуір астымдағы көлігіме сеніп, тоқтамауға тырыстым. Кейбір қылталарды қар алып қалған, оппаға күмп бергенде ақ көбік аспанға атып, әйнекті жауып қалады. Жол азабын тартпасам да, біраз қиналғаным рас. Оған жолда жауапкершіліктен жұрдай жүргізушілердің есерлігін қоссаң, зәрең зәр түбіне кетеді. Есерсоқтық емес деп көріңізші, қар басқан жолда әупірімдеп әзер келе жатқанда басып озып, апаттық жағдай туғызатындар да кездесті. Осыдан-ақ, “көлік жүргізуші әдебі мен тілектестігі” дегеннің де ұмытылып бара жатқанына куә болдық.
Боран демекші, биылғы қыс солтүстік жұртын біраз әуре-сарсаңға салды. Әсіресе, соңғы бір ай көлемінде ақ түтектен көз аша алмай қалдық қой. Автокөлік жолдары жабылып, әуе қатынасы тоқтады. Полиция мен құтқарушылар адасып кеткендерді іздеп, әуре-сарсаңға түсті. Әсіресе, Есіл ауданындағы екі баланың жоғалып-табылуы көпшілікті бейжай қалдырмағаны анық. Тоңған інісіне сырт киімін шешіп беріп, көтеріп жүрген бозбаланың ісін ерлікке теңесең де артық емес. Бұл бір ғана жағдай емес, мал қарауға шыққан екі жылқышының орманды паналап аман қалғанын да періштесі қақты деуге келер.
Наурыз мерекесінің демалысында үш ауданда жол жабылып, 70-тен астам техника мен 200-дей адам құтқарылды. Арасында балалар да бар. Күні-түні жұмыс істеген тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың арқасында ешкімді үсік шалған жоқ. Қыс аяқталып, жер аяғы кеңіді деген кезде табиғаттың тосын қылық танытуы, “Қардың басын қар алар, жауып тұрып…” деген ертеден қалған нақылдың өміршеңдігін көрсетсе керек. Дана бабаларымыз айтқан “Сәуір болмай, тәуір болмас” деген сөздің де жаны бар. Жылдың қай мезгілінде болмасын, табиғаттың тосын мінезінен сақтанып жүрейік!
Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.