Облыс аумағында өткен аптада «Стоп-трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүргізілді. Оның мақсаты сексуалдық сипаттағы қызметтер көрсетуге мәжбүрлеу, адам саудасымен байланысты қылмыстардың жолын кесу мен алдын алу болды. Бұл күндері ойын-сауық орындары, базарлар, қосалқы шаруашылықтар полицейлердің ерекше бақылауына алынды.
Іс-шараның екі күні ішінде облыс аудандарында қайыршылықпен айналысудың 21 фактісі анықталды. Интернет кеңістігіне мониторинг жүргізу арқылы адам саудасымен байланысты қылмыстарды жасауға ықпал ететін ақпараты бар веб-ресурс табылды. Оны бұғаттау үшін Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция департаментіне жолданды.
– Бұдан бөлек, Петропавл қаласының аумағындағы үш саунада жеңгетайлықпен айналысқандар анықталды, – дейді облыстық криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев. – Тексеріс жезөкшелікпен айналысуды ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында өткізілді. Ойын-сауық мекемелерінің әкімшілері клиенттер мен сыйақы үшін жыныстық сипаттағы қызмет көрсететін қыздар арасында делдалдық еткен. Аталған сауналарды жалға алушы – облыс аудандарының бірінің 35 жастағы тұрғыны күдікке ілініп отыр.
Нұрбек БАЕКИН,
облыстық полиция департаменті
ішкі және сыртқы коммуникациялар
бөлімінің инспекторы.