Таксиіміз келісілген уақыттан сәл кешеуілдетіп жетті. Далада күтеміз деп жаңбырдың астында қалдық. Шопыр – адам жатсынбайтын аңқылдаған қазақ жігіті. Есікті аша астананың көшелеріндегі кептелісті, оған кінәсі болсын-болмасын әкімді бір сыбап алды. Бұл біздің алдымызды орап, сауалымызға берген жауабы деп ұқтық та кешігу себебін сұрап, онсыз да жұқарып біткен жүйкесін одан сайын қажамайық деп үнсіз артқы орындыққа жайғастық. Жанымда немере інім. Бағытымыз – Көкшетау, інім сонда қалады. Ал мен көлік ауыстырып, Қызылжарға тартпақпын.
Көліктің іші емханадағы екпе салатын бөлме ме дерсің. Мүңкіген спирттің иісі. Алғашында коронавирустан залалсыздандырып қойғай-ау дегенбіз. Алдыңғы орындықта есі кіресілі-шығасылы, ықылық атып отырған сары шаштыны көріп, кімнің жан-жағына “жұпар” сеуіп қойғанын бірден түсіндік. Ішпей мас боларсың. Жолаушы бізге бұрылып қарады да тілін шайнап бірдеңе дегендей болды. Амандасқаны-ау сірә. Шопыр да мына иістен бар вирус түгел қырылып қалды деп ойлады ма, маскасын шешіп, көлік айнасына іліп қойды. Кемедегінің жаны бір, біраздан кейін ауа тарыла бастаған соң бетпердені біз де төмен түсіріп, мұрынның еркін тыныстауына мүмкіндік бердік.
Елордадан шыққанша тура бір сағат уақыт өтті. Он метр алға жылжисың да он минут тұрасың. Осылай тасбақаның аяңымен ақыры автобанға да іліктік-ау. Бұл кезде алдыңғы орындықтағы жолаушы да есін жинап алған. Сасқан үйрек артымен жүзедінің кесірі, артық ештеңе айтып қоймадым ба деп кешірім сұрап әлек. Есімім Александр дейді. Ернімізді жыбырлатып біз де өз атымызды естілер-естілместей сыбырлағанымызбен, сөйлесуге аса құлықты емес екенімізді емеурінмен таныттық. Уланған масаның кейпін киіп отырып, қайбір мандытып әңгіме айтасың. Сүт пісірім уақыт үнсіз отырған соң Александр терезеден кең далаға қарап терең күрсінді. Ішінде бір айтылмаған сыр жатқандай.
Тақтайдай тегіс жол, ауыздарына “су ұрттап алған” жолаушылар. Шопырдың мына көріністен іші пысты-ау, бір есінеп алды да радиосының дауысын барынша қосты. “Мынау менің туып-өскен жерім бе, мынау менің сан жүгірген белім бе?” – деп Мейрамбек Бесбаев әндете жөнелді. Тілін түсінбесе де сырлы әуен жүрек түкпіріндегі сезім қылын шертіп өткендей Александр бізге қарай кілт бұрылып, ұзын-сонар әңгімесін бастап кетті. Ара-арасында кей тұстарын нақтылау үшін сұрақ қойғанымыз болмаса сөзін бөлген жоқпыз. Бір жағынан жол қысқарғанын қалап келеміз.
“Мен бұрынғы Келлеров ауданында туып-өстім. Ұлтым неміс. Мекеніміз – көпұлтты шағын ғана ауыл. Сонда білім алып, үлкен өмірге қадам бастым. Тоқсаныншы жылдардың басындағы тоқырау тұрмысқа біраз өзгеріс әкелді ғой. Жұмыс болмаған соң ең жақын қала Көкшетауға көштік. Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек еттім. Өміріміз біреуден алда, біреуден кем.
Қайдан естігенін білмеймін, әйелім Германия немістерді көшіріп алып жатыр дегенді айтты. Алғашында назар аудара қоймағанмын. Күнде-күнде қақылдап қоймаған соң амалсыз құлақ түрдім. Көзіміз ашық адамбыз ғой, Германия даму жағынан алға кетіп қойғанын бұрыннан білемін. Ондағы әлеуметтік жағдайдың бізден әлдеқайда жоғары екені айтпаса да белгілі. Ал бізде бәрі керісінше, жарықты кешке ғана жағады, бөлмелер суық. Айлап жалақы көрмейсің. Сананы тұрмыс билейді деген рас екен. Кіндік қаным тамған жерді қанша қимасам да жақсы өмір үшін, қызымның болашағы үшін әйелімнің айтқанына көніп, көшу туралы шешім қабылдадым.
Қазір Кельн қаласында тұрамыз. Қызым өсті. Бірнеше оқу бітірді. Енді оның болашағына еш алаңдамаймын. Сендерге өтірік, маған шын. Көшіп кеткеннен бері жиырма жылдай уақыт өтті ғой. Жылына бір рет Қазақстанға келіп, туған топырақта аунап-қунап кетпесем жегенім ас болмайды. Осы жолы да жыл құсындай асығып келемін. Әуежайдан достарым қарсы алып, мейрамханада түстендік. Ащы судан артық алып қойғаным үшін кешірім сұраймын. Шынымды айтсам, адам арақты да сағынады екен ғой. Германияда заң қатал. Мен сияқты мас жүру қайда, кешкі 22-00-ден кейін үйіңде отырып ішуге де болмайды. Жарық жанып тұрса болды, көршілер полиция шақырады. Қазақстаннан, Ресейден достарым қыдырып барған кезде қатты ыңғайсызданамын. Кейін амалын таптық. Керек-жарақты күндіз көп қылып сатып аламыз да, түні бойы жертөледе тойлатамыз”.
Әңгіме ішімдікке ауа бастағанда онсыз да арақтың иісінен құса жаздап отырған біздің түріміз одан сайын бұзылып кеткен болуы керек Александр да тақырыпты басқа арнаға бұрды. Бұл жолғы әңгіме толеранттылық туралы өрбіді.
“Теледидардан қарасаң, Еуропада ұлтаралық мәселеге келгенде бәрі толерантты. Сырттан барып жатқан босқындарға жанашыр кейіп танытып жатады ғой. Бірақ шынтуайтында мұның бәрі көзбояушылық қана. Мысалы, өзге ұлттармен құқығымыз тең дейтін немістер ешқашан көршісі негр болғанын қаламайды. Шағым жаза ма, әйтеуір жолын тауып, көшіріп жіберуден тайынбайды.
Жұмыс істеу мәселесінде де дәл солай. Германияның тұрғылықты халқының біразында аталарынан бері жалғасып келе жатқан отбасылық бизнестері бар. Мемлекет те барынша қолдайды. Қазақстанда тұратын туыстарым бізді де солар сияқты өмір сүреді екен деп ойлайтын шығар. Жоқ. Ондағы барлық қара жұмысты ТМД-дан көшіп барғандар мен түріктер істейді. Өз басым рождествоға арналған түрлі сыйлықтар жасайтын фабрикада еңбек етемін”, – деп терезеден сыртқа көз тастаған ол бірдеңеден жиіркенгендей мұрынын тыжырайта отырып әңгімесін ары қарай жалғап кетті.
“Түсіне білгенге толеранттылықтың пайдасы да, зияны да бар. Мысалы, ол жақта қызтекелерге ешбір қысым жоқ. Көшеде емін-еркін жүреді. Бірде отбасыммен дәмханаға бардық. Тамаққа тапсырыс беріп, даяшының әкелгенін күтіп отырғанбыз. Көзім көрші столдағы сақалдары сапсиған қос еркекке түсті. Еркек екендерін беттеріндегі түктері ғана аңғартып тұр. Ал шын мәнінде бәрі керісінше. Шаштары көк, еріндері қызыл. Ұяттан жұрдай. Айналасындағылардан қымсынбайды да. Бірін-бірі аймалап, еріндері жабысып қалғандай шөлпілдетіп сүйісіп отыр.
Қызымнан ұялғаннан кіретін тесік таппадым. Әттең, заң қатал. Әйтпегенде, адам кейпі жоқ екі малғұнды атып-ақ тастар едім”, – деп тоқтады. Ашуланған кезде қос самайындағы тамырлары білеуленіп шығып кетеді екен. Шынымен күйініп отыр. Айтуынша, Кельн қаласы Германиядағы қос жыныстылардың ордасы саналатын көрінеді.
Ашуын бассын деп әңгіме тақырыбын тағы да басқа арнаға ауыстырып, туған жерге қандай көңіл күймен, нендей жоспармен келе жатқанын сұрадым.
“Жылына бір рет демалыс аламын. Әйелім мен қызым Еуропаның әсем қалалары мен жылы жағажайларын жағалап кетеді. Ал менің қызығушылығым мүлдем басқа. Кішкентайымнан ау құрып, аң атуға әуеспін. Еуропада бұл жағынан заң өте қатал. Сондықтан туған ауылыма келіп, бір ай бойы өзен-көл жағалап, үйрек-қаз аулауға шығамын. Балықтың да қызығы шаш етектен.
Бала кезден құлын-тайдай тебісіп өскен достарымды көрудің өзі бір бақыт. Туыстарымды да қатты сағынамын. Мен үшін туған жерімнің тұмса табиғаты әлемнің кез келген курортынан кем емес, керісінше артық деп ойлаймын. Жыл бойы жолға қажет ақшамды жинап, алдын ала ұшаққа билет алып қоямын. Биыл да карантинге қарамастан бағытты Қазақстанға қарай бұрдым”, – деп тоқтады. Жауабым қанағаттандырды ма дегендей бізге қарады.
Оң қолда Бурабайдың қарағай көмкерген таулары менмұндалайды. Сағынышын жасыра алмай отырған сапарласымыз түгіл, біздің өзіміз табиғаттың мынадай сұлулығына тамсанбай қарай алар емеспіз. Ары-бері талай жүрдік қой, қалай байқамағанбыз? Арқаның кең даласына бұл тауларды біреу көтеріп әкеліп қоя салғандай-ақ. Қысы-жазы өңін бір бермейтін ағаштарын айтсаңшы!
Елордадан шыққаннан құлағымыз Александрда. Туған жерге деген сезімінің кәміл екенін бізге барынша ұқтырғандай. Енді ұзын-сонар әңгіменің түйінін айтқызғым келіп: “Өзіңді-өзің қинап ол жақта қаншалықты жүрмексің? Еңбек еткен адамға Қазақстанда да табыс бар. Қайтып оралсаңшы”, – деймін. Жанды жеріне тиіп кеткен сияқтымын. Жауап бермес бұрын жолға қарап біраз ойланып отырды.
“Мына далаға қарашы. Қандай кең! Маған сеніңдер, мен әйтеуір туған жерге қайтып ораламын. Сөз беремін. Еуропада жер тар. Мысалы, жұмыс істейтін адам түрлі салықтар төлейді ғой, соның ішінде өлгенде жерлейтін жер үшін төлем жасайды. Мысалы, жиған қаржың он жылға ғана жетті делік. Сіздің қурап қалған сүйегіңізді қазып алып, өртеп, күлін құтыға салып, сөреге қойып қояды. Орныңызға басқа біреуді көмеді. Ал мүлдем ақша жинамағандар жан тапсырған күні өртеледі. Мен содан қорқамын. Бала күнімде сан жүгірген мынау кең далада өлгеннен кейін де алаңсыз жатқым келеді. Топырақ осы жақтан бұйырса екен. Бар тілегім осы”.
Александр жанарына еріксіз келіп қалған жасты бізден жасырғандай, бұрылып алға қарап отырды. Әңгіме осы жерден тамамдалғандай. Шопыр жігіт те қалаға келіп қалғанымызды ескертіп, қай жерден түсетінімізді сұрап әлек. Уақыт қалай зымырап өте шыққан десеңізші! Жаңа ғана елордадан шыққан сияқты едік.
Вокзалдың маңынан түсіп, қимас достардай қоштастық. Ол ауылына апаратын такси іздеп кетті. Мен інімнің үйіне барып, бір шай ішіп алып, Қызылжарға қарай бағыт алдым. Жолаушы жігіт ойымнан кетер емес. Туған жердің топырағын күнде басып жүрген соң қадір-қасиетін жете түсінбейді екенбіз ғой. Кешірші, бізді қасиетті Қызылжарым! Ақ қайыңдары көмкерген, ерке Есілі сылдырап ағып жатқан сендей жерді тастап, жақсы өмір үшін шетелге кетіп жатқандар ертең дәл осы жолаушыдай өзіңді сағынады-ау!
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.