«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САҒЫНЫШ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таксиіміз келісілген уақыттан сәл кешеуілдетіп жетті. Далада күтеміз деп жаңбырдың астын­да қалдық. Шопыр – адам жат­сынбайтын аңқылдаған қазақ жігіті. Есікті аша астананың кө­ше­леріндегі кептелісті, оған кі­нә­сі болсын-болмасын әкімді бір сыбап алды. Бұл біздің ал­дымызды орап, сауалымызға берген жауабы деп ұқтық та ке­шігу себебін сұрап, онсыз да жұ­қарып біткен жүйкесін одан са­йын қажамайық деп үнсіз артқы орындыққа жайғастық. Жаным­да немере інім. Бағытымыз – Көкшетау, інім сонда қалады. Ал мен көлік ауыстырып, Қызыл­жарға тартпақпын.

Көліктің іші емханадағы екпе салатын бөлме ме дерсің. Мүң­кіген спирттің иісі. Алғашында коронавирустан залалсыздан­ды­рып қойғай-ау дегенбіз. Ал­дыңғы орындықта есі кіресілі-шығасылы, ықылық атып отыр­ған сары шаштыны көріп, кімнің жан-жағына “жұпар” сеуіп қой­ғанын бірден түсіндік. Ішпей мас боларсың. Жолаушы бізге бұры­лып қарады да тілін шайнап бір­деңе дегендей болды. Аман­дас­қаны-ау сірә. Шопыр да мына иістен бар вирус түгел қырылып қалды деп ойлады ма, маска­сын шешіп, көлік айнасына іліп қойды. Кемедегінің жаны бір, біраздан кейін ауа тарыла бас­таған соң бетпердені біз де тө­мен түсіріп, мұрынның еркін ты­ныстауына мүмкіндік бердік.
Елордадан шыққанша тура бір сағат уақыт өтті. Он метр ал­ға жылжисың да он минут тұра­сың. Осылай тасбақаның аяңы­мен ақыры автобанға да іліктік-ау. Бұл кезде алдыңғы орын­дықтағы жолаушы да есін жинап алған. Сасқан үйрек артымен жүзедінің кесірі, артық ештеңе айтып қоймадым ба деп кешірім сұрап әлек. Есімім Александр дейді. Ернімізді жыбырлатып біз де өз атымызды естілер-ес­тілместей сыбырлағанымызбен, сөй­лесуге аса құлықты емес еке­німізді емеурінмен таныттық. Уланған масаның кейпін киіп отырып, қайбір мандытып әңгі­ме айтасың. Сүт пісірім уақыт үнсіз отырған соң Александр терезеден кең далаға қарап те­рең күрсінді. Ішінде бір айтылмаған сыр жатқандай.
Тақтайдай тегіс жол, ауыз­да­рына “су ұрттап алған” жолау­шы­лар. Шопырдың мына көрі­ніс­тен іші пысты-ау, бір есінеп алды да радиосының дауысын барынша қосты. “Мынау менің туып-өскен жерім бе, мынау менің сан жүгірген белім бе?” – деп Мейрамбек Бесбаев әндете жөнелді. Тілін түсінбесе де сыр­лы әуен жүрек түкпіріндегі сезім қылын шертіп өткендей Алек­сандр бізге қарай кілт бұрылып, ұзын-сонар әңгімесін бастап кетті. Ара-арасында кей тұста­рын нақтылау үшін сұрақ қойға­нымыз болмаса сөзін бөлген жоқ­пыз. Бір жағынан жол қыс­қарғанын қалап келеміз.
“Мен бұрынғы Келлеров ау­данында туып-өстім. Ұлтым не­міс. Мекеніміз – көпұлтты шағын ғана ауыл. Сонда білім алып, үл­кен өмірге қадам бастым. Тоқ­саныншы жылдардың басын­дағы тоқырау тұрмысқа біраз өзгеріс әкелді ғой. Жұмыс бол­маған соң ең жақын қала Көк­шетауға көштік. Мемлекеттік кү­зет қызметінде еңбек еттім. Өмі­ріміз біреуден алда, біреуден кем.
Қайдан естігенін білмеймін, әйелім Германия немістерді кө­шіріп алып жатыр дегенді айтты. Алғашында назар аудара қой­ма­ғанмын. Күнде-күнде қақыл­дап қоймаған соң амалсыз құ­лақ түрдім. Көзіміз ашық адам­быз ғой, Германия даму жағы­нан алға кетіп қойғанын бұрын­нан білемін. Ондағы әлеуметтік жағдайдың бізден әлдеқайда жоғары екені айтпаса да белгілі. Ал бізде бәрі керісінше, жарық­ты кешке ғана жағады, бөлме­лер суық. Айлап жалақы көр­мей­сің. Сананы тұрмыс билейді деген рас екен. Кіндік қаным тамған жерді қанша қимасам да жақсы өмір үшін, қызымның бо­лашағы үшін әйелімнің айтқаны­на көніп, көшу туралы шешім қа­былдадым.
Қазір Кельн қаласында тұра­мыз. Қызым өсті. Бірнеше оқу бітірді. Енді оның болашағына еш алаңдамаймын. Сендерге өті­рік, маған шын. Көшіп кеткен­нен бері жиырма жылдай уақыт өтті ғой. Жылына бір рет Қазақ­станға келіп, туған топырақта аунап-қунап кетпесем жегенім ас болмайды. Осы жолы да жыл құсындай асығып келемін. Әуе­жайдан достарым қарсы алып, мейрамханада түстендік. Ащы судан артық алып қойғаным үшін кешірім сұраймын. Шы­нымды айтсам, адам арақты да сағынады екен ғой. Германияда заң қатал. Мен сияқты мас жүру қайда, кешкі 22-00-ден кейін үйіңде отырып ішуге де болмай­ды. Жарық жанып тұрса болды, көршілер полиция шақырады. Қазақстаннан, Ресейден доста­рым қыдырып барған кезде қатты ыңғайсызданамын. Кейін амалын таптық. Керек-жарақты күндіз көп қылып сатып аламыз да, түні бойы жертөледе той­латамыз”.
Әңгіме ішімдікке ауа баста­ғанда онсыз да арақтың иісінен құса жаздап отырған біздің тү­ріміз одан сайын бұзылып кет­кен болуы керек Александр да тақырыпты басқа арнаға бұрды. Бұл жолғы әңгіме толерант­ты­лық туралы өрбіді.
“Теледидардан қарасаң, Еу­ро­пада ұлтаралық мәселеге кел­генде бәрі толерантты. Сырттан барып жатқан босқындарға жанашыр кейіп танытып жатады ғой. Бірақ шынтуайтында мұның бәрі көзбояушылық қана. Мыса­лы, өзге ұлттармен құқығымыз тең дейтін немістер ешқашан көршісі негр болғанын қаламай­ды. Шағым жаза ма, әйтеуір жо­лын тауып, көшіріп жіберуден та­йынбайды.
Жұмыс істеу мәселесінде де дәл солай. Германияның тұрғы­лықты халқының біразында ата­ларынан бері жалғасып келе жат­қан отбасылық бизнестері бар. Мемлекет те барынша қол­дайды. Қазақстанда тұратын туыс­тарым бізді де солар сияқ­ты өмір сүреді екен деп ойлай­тын шығар. Жоқ. Ондағы барлық қара жұмысты ТМД-дан көшіп барғандар мен түріктер істейді. Өз басым рождествоға арналған түрлі сыйлықтар жасайтын фабрикада еңбек етемін”, – деп терезеден сыртқа көз тастаған ол бірдеңеден жиіркенгендей мұрынын тыжырайта отырып әңгімесін ары қарай жалғап кетті.
“Түсіне білгенге толерантты­лықтың пайдасы да, зияны да бар. Мысалы, ол жақта қызтеке­лерге ешбір қысым жоқ. Көшеде емін-еркін жүреді. Бірде отба­сыммен дәмханаға бардық. Та­маққа тапсырыс беріп, даяшы­ның әкелгенін күтіп отырғанбыз. Көзім көрші столдағы сақалда­ры сапсиған қос еркекке түсті. Еркек екендерін беттеріндегі түктері ғана аңғартып тұр. Ал шын мәнінде бәрі керісінше. Шаш­тары көк, еріндері қызыл. Ұяттан жұрдай. Айналасын­да­ғылардан қымсынбайды да. Бі­рін-бірі аймалап, еріндері жа­бысып қалғандай шөлпілдетіп сүйісіп отыр.
Қызымнан ұялғаннан кіретін тесік таппадым. Әттең, заң қа­тал. Әйтпегенде, адам кейпі жоқ екі малғұнды атып-ақ тастар едім”, – деп тоқтады. Ашуланған кез­де қос самайындағы тамыр­лары білеуленіп шығып кетеді екен. Шынымен күйініп отыр. Ай­туынша, Кельн қаласы Герма­ния­дағы қос жыныстылардың ордасы саналатын көрінеді.
Ашуын бассын деп әңгіме тақырыбын тағы да басқа ар­наға ауыстырып, туған жерге қан­дай көңіл күймен, нендей жоспармен келе жатқанын сұрадым.
“Жылына бір рет демалыс ала­мын. Әйелім мен қызым Еу­ропаның әсем қалалары мен жылы жағажайларын жағалап кетеді. Ал менің қызығушылы­ғым мүлдем басқа. Кішкен­тайым­нан ау құрып, аң атуға әуеспін. Еуропада бұл жағынан заң өте қатал. Сондықтан туған ауылыма келіп, бір ай бойы өзен-көл жағалап, үйрек-қаз ау­лауға шығамын. Балықтың да қы­зығы шаш етектен.
Бала кезден құлын-тайдай те­бісіп өскен достарымды көрудің өзі бір бақыт. Туыстарымды да қатты сағынамын. Мен үшін туған жерімнің тұмса табиғаты әлемнің кез келген курортынан кем емес, керісінше артық деп ойлаймын. Жыл бойы жолға қажет ақшамды жинап, алдын ала ұшаққа билет алып қоямын. Биыл да карантинге қарамастан бағытты Қазақстанға қарай бұр­дым”, – деп тоқтады. Жауабым қанағаттандырды ма дегендей бізге қарады.
Оң қолда Бурабайдың қара­ғай көмкерген таулары менмұн­далайды. Сағынышын жасыра алмай отырған сапарласымыз түгіл, біздің өзіміз табиғаттың мы­надай сұлулығына тамсан­бай қарай алар емеспіз. Ары-бері талай жүрдік қой, қалай байқа­мағанбыз? Арқаның кең дала­сына бұл тауларды біреу көте­ріп әкеліп қоя салғандай-ақ. Қы­сы-жазы өңін бір бермейтін ағаштарын айтсаңшы!
Елордадан шыққаннан құла­ғы­мыз Александрда. Туған жер­ге деген сезімінің кәміл екенін бізге барынша ұқтырғандай. Ен­ді ұзын-сонар әңгіменің түйінін айтқызғым келіп: “Өзіңді-өзің қи­нап ол жақта қаншалықты жүр­мексің? Еңбек еткен адамға Қа­зақстанда да табыс бар. Қайтып оралсаңшы”, – деймін. Жанды жеріне тиіп кеткен сияқтымын. Жауап бермес бұрын жолға қарап біраз ойланып отырды.
“Мына далаға қарашы. Қан­дай кең! Маған сеніңдер, мен әйтеуір туған жерге қайтып ора­ламын. Сөз беремін. Еуропада жер тар. Мысалы, жұмыс істей­тін адам түрлі салықтар төлейді ғой, соның ішінде өлгенде жер­лейтін жер үшін төлем жасайды. Мысалы, жиған қаржың он жылға ғана жетті делік. Сіздің қурап қалған сүйегіңізді қазып алып, өртеп, күлін құтыға салып, сөреге қойып қояды. Орныңызға басқа біреуді көмеді. Ал мүлдем ақша жинамағандар жан тап­сырған күні өртеледі. Мен содан қорқамын. Бала күнімде сан жүгірген мынау кең далада өл­геннен кейін де алаңсыз жатқым келеді. Топырақ осы жақтан бұ­йырса екен. Бар тілегім осы”.
Александр жанарына еріксіз келіп қалған жасты бізден жа­сыр­ғандай, бұрылып алға қарап отырды. Әңгіме осы жерден тамамдалғандай. Шопыр жігіт те қалаға келіп қалғанымызды ес­кертіп, қай жерден түсетіні­міз­ді сұрап әлек. Уақыт қалай зы­мырап өте шыққан десеңізші! Жаңа ғана елордадан шыққан сияқты едік.
Вокзалдың маңынан түсіп, қимас достардай қоштастық. Ол ауылына апаратын такси іздеп кетті. Мен інімнің үйіне барып, бір шай ішіп алып, Қызылжарға қарай бағыт алдым. Жолаушы жігіт ойымнан кетер емес. Туған жердің топырағын күнде басып жүрген соң қадір-қасиетін жете түсінбейді екенбіз ғой. Кешірші, бізді қасиетті Қызылжарым! Ақ қайыңдары көмкерген, ерке Есі­лі сылдырап ағып жатқан сен­дей жерді тастап, жақсы өмір үшін шетелге кетіп жатқандар ертең дәл осы жолаушыдай өзіңді сағынады-ау!

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp