«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Хас сұлудың көз жасындай

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 “Театр – хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер”, – деп сөз зергері Ғабит Мүсірепов адамзатты рухани тазалыққа тәрбиелеуде театрға жоғары баға берген еді. Ол рас. Театр – тәрбие мектебі. Өңірдегі қазақ руханиятының алтын діңгегі – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Дәурен Тойбазаровпен сұхбаттасып, өнер ордасының егемендіктің 30 жылдығына тартуы, алда тұрған жоспарлары туралы әңгімелестік.

– Дәурен Мұратұлы, әңгімеміздің әлқиссасын театрдың қазіргі тынысынан бастасақ. Сахнагерлердің алдында тұрған ауқымды міндеттер жайлы айта кетсеңіз.
– Балаларға арналған қойылымдарды есептемегенде, биыл төрт жаңа спектакль сахналау жоспарда бар. Көркемдік кеңестің отырысында бекітілген “Шоқан”, “Әл-Фараби”, “Толық адам” сынды жаңа қойылымдар көрерменге жол тартты. Карантин болса да, біздің жұмыс тоқтаған емес. Өйткені, театр – көрерменге рухани азық беретін қастерлі орын. Пандемияға байланысты кейбір қойылымдарды қашықтан көрсетуге тура келді.
Тұғырлы тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай тарихтан сыр шертетін қойылымды сахнаға шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазір ізденіс үстіндеміз. Тәжікстанның халық әртісі, режиссер, драматург, театр және кино актері Барзу Абдуразаковпен де шығармашылық байланыс орнатудамыз. Актердің бағын ашатын – режиссер. Бұған дейін театрымызда оның “Ревизор” спектаклі қойылған болатын. Сол шығармамен талай фестивальдарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Алайда, актерлер ауысқан соң “Ревизорды” толық құрамда шығару мүмкін болмады. Белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаевтың жетекшілігімен маусым айында Жан Батист Мольердің “Ақымақ болған басымай…” спектаклі қойылмақ. Биыл жерлесіміз, соғыс жауынгері Ысқақ Ыбыраевтың туғанына 100 жыл толады. Елімізді жаудан қорғаған батыр бабаға тағзым ету – ұрпақ парызы. Сондықтан аға ұрпаққа алғыс ретінде жаңа қойылым ұсыну ойда бар. Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ақынның өлеңдерінен композиция құрастыру көптен ойда жүр. Мұның барлығы – биыл атқарылатын шаруалар.
– Барзу Абдуразаковтан бөлек, Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының режиссері Фархадбек Қанафинмен бірге жұмыс істейсіздер. Жалпы, театрда тұрақты режиссердің болмауы жұмысқа кедергі келтіріп жатқан жоқ па?
– Театрда режиссер жоқ деп қол қусырып отыру дұрыс емес. Өзіміздің жоспарымыз бойынша сырттан мамандарды тартып, қызылжарлық көрерменге шама-шарқымыз келгенше жақсы шығармалар ұсынудамыз. Яғни, театр ұжымы ізденіс үстінде. Білікті мамандар қалыптасты. Ал режиссура білім мен біліктілік, талпыныс пен тәжірибе арқылы келеді. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары Мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов, жас дарын Фархад Молдағали режиссер болды. Әркімнің өз жолы, өзі шығар биігі бар. Сондықтан бірі – Қостанайға, екіншісі Алматыға ауысты. Демек, театр актерлеріне де режиссерлік қырынан танылуға мүмкіндік беріліп отыр. Мәселен, Думан Әдікенов қазір өзінің қойылымына дайындық үстінде. Өкінішке қарай, қазір театрларда режиссер тапшы. Жалпы режиссер бір театрға байланып қалмайды. Қай театрдан ұсыныс түссе, сонда барып қойылым қоя алады. Театрымыздың директоры Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларындағы жоғары оқу орындарында болып, өнерге жаңа жолдама алған жас түлектермен кездесулер ұйымдастырып, жастарды өңірімізге тартуға баса көңіл бөлуде.
– Актерлер құрамы туралы не айтар едіңіз? Театрда кадр тапшылығы бар ма?
– Қазір труппада 20 актер жұмыс істейді. Бала күтіміне байланысты үйде отырғандары бар. Театрдың жаңа ғимаратының құрылысы аяқталып, зәулім сарайға көшсек, бізге кадрлар қажет болады. Өйткені, үлкен театрға жиырма актер аздық етеді. Алдағы уақытта мамандарды кастингтен өткізетін боламыз. Жастар өнердің қайнаған ортасы – Алматыға барып, кино әлемінен көрінгісі келеді. Сол себепті соңғы бірер жылда актерлер құрамы өзгерді. Әрине, театрдан шыққан әр өнерпаздың биік белесті бағындырып, үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін қалаймыз. Мәселен, қазақ халқының мақтанышына айналған Самал Есләмова да кезінде біздің театрда өнер көрсеткен болатын. Бұл да біз үшін мерей. Өнерпаздардың еңбектері де ескерусіз қалған жоқ. Театрдың белді актерлері Асылхан Рәзиев пен Гүлнәз Гайнулина “Үздік маман” төсбелгісіне ие болса, 20 жылдан астам рухани ордада еңбек етіп келе жатқан Рашида Әбіжанқызы мен Ақтілек Құдайбергенқызы, Сержан Емелев Мәдениет саласының үздігі атанды. Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы университетті тамамдаған Эланар Кенжебеков, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі Дүйсехан Қасым сынды жастар бар. Өңірге келген жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Оларды қолдау мақсатында жалдап тұрып жатқан пәтердің ақысының 50 пайызы театр есебінен төленеді.
– 27 наурыз – Халықаралық театр күні құтты болсын! Дәстүрге сай биыл да “Алтын сақа” ұйымдастырыла ма?
– Жыл сайын дәстүр бойынша театр күніне орай “Алтын сақа” атты шара ұйымдастырылады. Биыл да үздіктерді анықтап, еңбектеріне қарай марапаттау көзделуде. Өнердің отымен кіріп, күлімен шыққан мамандарды ынталандыру мақсатында театрішілік шараның қорытындысы бойынша жыл үздіктері анықталады.
Алда тұрған басқа да жоспарларға тоқтала кетейін, ұжым қайырымдылық шараларына да белсене қатысатынын айту керек. Қайырымдылық марафоны аясында бірнеше отбасына азық-түлік пакеттерін таратып, жалғызбасты адамдардың ауласын қардан тазарттық. Өзге де ұжымдарды осындай істерге жұмылуға шақырамын. Өйткені, қайырымдылық – сауапты іс. Пандемияға байланысты бірқатар шаралар онлайн ұйымдастырылды. Биыл жағдай түзелсе, түрлі байқауларға қатысу ойда бар. Татарстанда 9-14 маусым күндері өтетін түркі халықтарына арналған театр фестиваліне жолдама алдық. “Шолпанның күнәсі” спектаклімен соған қатыспақпыз. Бағындыратын белес – алда. Сондықтан тынымсыз еңбек етіп, әрқашан сенім биігінен көрінуге тырысамыз.

Сұхбаттасқан
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp