Соңғы күндері ауа райының күрт жылынуына байланысты қар еріп, өзен-көлдердегі су деңгейі біртіндеп көтерілуде. Осыған орай облыс аумағында суы тасуы мүмкін өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы өзендерде көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов Чистополье, Рузаев және Новоишим ауылдық округтерінде болып, техникалардың дайындығын саралап, инженерлік іс-шараларды тексерді.
– Өзендердегі мұздарды жылда жарамыз. Біздің міндетіміз – мұз кептелісін тудырмау және су деңгейінің күрт көтерілуіне жол бермеу. Өзен суы тасыса ауылдардың шеткі көшелеріне қауіп төндіреді. Бүгінге дейін ауданның елді мекендерінен 27 мың текше метр қар шығарылып, 112 шақырым су өткізу құбыры тазартылды. Жергілікті әкімдіктер көктемгі су тасқынына дайындықты тиісті деңгейде жауапкершілікпен жүргізіп жатыр, – дейді Рамиль Фаткулович.
Департамент мамандары Ақанбұрлық өзенінің Есіл өзеніне құятын жерінде, Григорьевка елді мекенінің маңында, Ақанбұрлық және Шарық өзендері қосылатын жерде және Раисовка ауылының маңындағы Шарық өзенінде күні бойы мұз жарды. Бұл жұмыстар барысында 122 килограмға жуық жарылғыш зат қолданылды.
Бұдан кейін департамент басшысы бастаған топ Айыртау ауданындағы су тасқыны қаупі бар ауылдарын аралап, Бабықбұрлық өзені мен Имантау көлінде атқарылып жатқан жұмыстың барысын тексерді.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің ішкі және сыртқы коммуникациялар тобының бас маманы.