«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ертеректе біздің ауылда Қали деген кісі өмір сүріпті. «Қалиға бақытты ғұмыр кешкізген аузынан шыққан жақсы сөзі ғой», – деп айтып отыратын көзін көргендер. Бүгінде оның он баласынан тараған ұрпақтары сол елді мекенде түтін түтетіп отыр. Бәрі ағайын-туыстың ықыласы мен рақметіне бөленген жандар, олар туралы жаман сөз, ғайбат әңгіме айтылған емес. Қали марқұм аузынан шүкірін тастамаған кісі болыпты, тіпті, өзіне қиянат жасап, ақысын жегендерге теріс сөз айтпай: «сендерді қос дүниеде де кешірдім. Мінсіз кім бар бұл жалғанда? Алған дүниең өзіңе де, отбасыңа да берекесін төксін», деп рақым тілейді екен. Сексен жылға жетер-жетпес ғұмырында жардың, не баланың қасіретін көрмеді. Үйде де, түзде де сыйлы болды. О дүниеге аттанарында да: «Осынша ғұмыр жасағаныма шүкір, соңымнан ерген тұяқтарымның өмірі ұзақ та мағыналы болса етті», деп налымай кетіпті. Өмірден алынған бұл мысал атам қазақ айтып кеткен «жақсы сөздің жарым ырыс» екенін айғақтай түспей ме?

Біздің халқымызда «сөз құдіреті» деген ұғым бар. «Аузы құлып сандықты тіс ашпаса, тіл ашады» деп тілді аспандата дәріптейтін де, енді бірде – «Басқа пәле – тілден», «Көнектей басыңа шүмектей тілің жау», «Айтылған сөз – атылған оқ», деп тірнектеп жиған абырой-беделіңді орынсыз айтылған сөздің аймандай қылып төгіп жіберетінін алға тартатын да қазақ. «Сөз қадірін білмеген – өз қадірін білмейді» деген халық «Құлаққа кірген суық сөз, көңілге барып мұз болар» деп сөз семсерін оңды-солды серпи берудің көңіл жаралайтынын, сондықтан, әрбір сөзге абай болуды, сөзбен жұбатуға да, жылатуға да болатынын меңзейді. Әрине, орнымен айтылған сөзден құдіретті, одан әсем, одан келісті ой жоқтай көрінеді.
Өткен ғасырда өмір сүрген Қадиша әжей балалары мен немерелеріне ашуланса, оларды жамандыққа қимай: «береке тапқырлар», «бар болғырлар», «көп жасағырлар» деп «қарғайды» екен. Сөздің құдіретіне иланған жандар ғой. Өкініштісі сол, қазіргі қоғамымызда айтылған сөздің атылған оқтай екенін естен шығарып алатындар аз емес. Ажырасу, бақытсыздық, реніш, өкпе, ата-ананың алғысын алмау сияқты келеңсіздіктердің бір ұшы осы сөзге келіп тірелетініне ешкімнің қарсы дауы бола қоймас. «Көңілдегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда өңі» қашады деп Абай атамыз айтқандай, әр сөзді орнымен қолданудың орнына жағаға салар оюды, етекке зерлегендей әрсіз, нәрсіз сөйлейтіндерді де жоқ деп айта алмаймыз.
Жапондарда сен үшін бір қадам жасаған адамдардың өзіне рақмет айту әдетке айналған екен. Қандай ғанибет! Ал біздің… Көшеде кетіп бара жатып, жол берген бейтаныс кісіге алғыс айтуға жарамай қалатын кездеріміз кездеседі. Жақсы сөз арқылы кемтігіміздің орнын толтыруға болатынын қашан ұғынар екенбіз?

Нұргүл ОҚАШЕВА.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp