«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЛЫСТЫ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА ҚАДАМДАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Алқалы мәжілісте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов баяндама жасады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кешенді жоспарын жасауға тапсырма берген болатын. Соған орай тиісті республикалық ведомостволар мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты жұмыс орындарын құруға әлеуеті жоғары жобаларды мұқият іріктеу бойынша жұмыстар жүргізді. Кешенді жоспар инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды, тұрғын үй, өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, сондай-ақ, қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін 4 бағыт пен 87 іс-шарадан тұрады. Жаңартылған кешенді жоспарды жүзеге асыруға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2 трлн. теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 517,9 млрд., жергілікті бюджеттен – 43,9 млрд., жеке инвестициялар есебінен 1,3 трлн. теңге бағытталады. Тұтастай алғанда, 1,4 трлн теңгенің 64 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Олар АӨК, өнеркәсіп, көлік пен логистика, туризм, спорт, сондай-ақ кәсіпкерлік салаларын қамтиды. Агроөнеркәсіп кешенін алатын болсақ, 52 тауарлы-сүт фермасы, құрама жем зауыты, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, жылыжай кешені салынады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында «CLAAS» ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі, «JOHN DEERE» сервис орталығы, «Ақсоран» және «Баян» вольфрам-молибден кен орындарын игеру, тау-кен металлургия комбинатының жаңа өндірістік алаңдары бой көтереді.
Өңірдің әкімшілік орталықтармен байланысын қамтамасыз ету үшін авиарейстер саны айына 16-дан 68-ге дейін артады. Туристік әлеуетті күшейту, спортқа кең серпін беру мақсатымен Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпбейінді туристік кешендер салынады. Отандық және шетелдік туристердің саны 100 мыңнан  280 мыңға дейін көбейеді.  Бұдан бөлек, 100 адамға лайықталған қонақүйі бар спорт орталығы, Петропавл қаласында 3 мың орындық спорт сарайы тұрғызылады.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданған 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар облыс экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал жасағанын, көптеген әлеуметтік мәселелер нақты шешім тапқанын атап өтті.
Өмір ЕСҚАЛИ.

   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp