«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙСАР ҰЛЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің рухына тағзым етіп, ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұл шара қайсар қайраткердің туғанына 106 жыл толуына орай ұлт күрескерінің есімін ұлықтау, ерлік істерін жастарға насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.

– Қазақтың қаһарман ұлы көзі тірісінде республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Оның еліне сіңірген басқа да еңбектері аз емес. Сондықтан тау тұлғалы азаматтың іскерлігін, қайсарлығын, елжандылығы мен азаматтығын халқы ұмытпайды, – дей келе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жангелді Тәжин республика бойынша алғашқылардың бірі болып біздің өңірде білім ордасына арда ұлдың есімі беріліп, еңселі ескерткіш орнатылғанын тілге тиек етті.
Ұлт күрескерінің есімі берілген Петропавл қаласындағы №20 орта мектептің жанындағы еңселі ескерткіштің маңына жиналған зиялы қауым өкілдері Жұмабек Тәшенев туралы толғаныстарын одан ары білім ордасында өткен оқушылармен кездесуде жалғастырды.
– Қатардағы қызметкер өзінің іскерлігімен облыстық партия комитеті хатшысының орынбасары, облыстық атқару комитетінің төрағасы болды. Жұмабек Тәшеновтің біздің өңірдің өркендеуіне сіңірген еңбегі зор. Қандай жауапты қызмет атқарса да, әрқашан абырой биігінен көрінді, – дей келе облыстың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов онымен алғаш рет Шымкентте кездескенін жеткізді. Сағынышқа айналған сол сәттен естеліктер айтқан ақсақал оның кісілігі мен кішілігі, азаматтық тұлғасы жайлы сыр шертті. Көненің көзіндей, өткеннің өзіндей болған өзге де аға ұрпақ өкілдері кездесуде сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Жалпы, жыл сайын аталмыш мектепте мемлекет және қоғам қайраткерінің туған күніне орай түрлі жиындар өтетінін айтып өткен жөн. Биыл да бұл дәстүр жалғасын тапқанына көңіл шат. Ал зиялы қауымның әсерлі әңгімесін тыңдаған оқушылар тағылымды шарадан ғибрат алып, алмағайып, аласапыран кезеңдерде туған еліне ес болып, бағыт-бағдар көрсеткен  Жұмабек Тәшеневтей қазақтың маңдайына біткен қайсар қайраткердің жүріп өткен жолын мақтаныш етті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

 

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp