«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БЕКТАЙДЫҢ БИІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Батылдық, еңбексүйгіштік, ашықтық және өз ісіне деген жауапкершілік – осы асыл қасиеттердің барлығы Бектай Хасеновтің бойында бар. Жерлесіміз спортта біраз биік белестерді бағындырды. Еркін күрестен КСРО біріншілігінде күміс медальға ие болды. Кейін бұл жетістікті жерлестері арасында ешкім қайталай алған жоқ.

Бектай Хасенов 1958 жылдың 23 наурызында қазіргі Уәлиханов ауданында дүниеге келген. Ауыл­да күреспейтін қазақ баласы кемде-кем. Алысып-жұлысып өсетіндіктен, шымыр болады ғой. Яғни күреске, боксқа, басқа да жекпе-жек спорт түрлеріне бейім келеді. Бектай Хасенов те спортқа бір табан жақын болып өсті. Мектеп қабырғасында жүргенде еркін күреске деген қызығушылығы оянды. Алдымен ауылдағы ұстазы, белгілі спорт шебері Ерболат Айқымбаевтан үйренді. Күрес әліппесін 6-сыныпта ашқан ол көп уақыт өтпей қатарластары арасында облыстық жарыста топ жарса, бір жылдан кейін ел біріншілігінде үздік атанады.
Ауыл мектебін бітірісімен Бектай Сұлтанғазыұлы Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтына оқуға түседі. Жоғары оқу орнының қабырғасында жүргенде ол еркін күрестің майталман мамандары әрі тәжірибелі бапкерлер Ахметжан Қазымбетов пен Мұсабек Қапановтың жетекшілігімен шеберлігін шыңдай түседі. Атағы жер жарған ба­луандардың ақылын тыңдап, кү­рес өнерінің тереңіне бойлай түсті. Қырағы бапкерлер Бектайдың кілемдегі қимылдарын қадағалап, одан мықты балуан шығатынына көздері жеткен болуы керек, үлкенді-кішілі жарыстарға үздіксіз қатыстыра бастайды. Жас балуан сенімді ақтады. Атап айтқанда, бұрынғы Көкшетау облысының бірнеше дүркін жеңімпазы 1975 жылы Қазақстан кубогында екінші орын алған. Бір жылдан кейін жастар арасындағы ел біріншілігіне қатысты. Осы дүбірлі жарыста жауырыны жер иіскеген жоқ. Бұдан соң іле-шала жастар арасында өткен КСРО спартакиадасында үздік үштікті түйіндейді. Сондай-ақ, Орта Азия әскери округінің жеңімпазы әрі Алматы қаласының біріншілігінде бірнеше мәрте жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл оның спорттағы жұлдызы ерекше жанған кез еді. Жас жігіт көп кешікпей Қазақстан құрама командасының сапына қабылданды.
Осындай жеңісті жолдың арқасында оның есімі спорт жанкүйерлеріне кеңінен танымал болды. Украинаның Запорожье қаласында өткен КСРО біріншілігінде еркін күрестен күміс медальға ие болады. Бұл 1978 жылдың жазы болатын. Осы жылы украиналықтар Кеңес одағының 15 республикасынан келген ең үздік еркін күрес шеберлерін құшақ жая қарсы алады. Жүзге жуық спортшының бәрінің мақсаты – жеңімпаз атану. Үздіктердің қатарында ҚазКСР құрамасы да болды. Құраманың белді мүшесі, Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының студенті Бектай Хасенов боз кілем­де барын салып күресті. Ел намысын қорғаған жас балуан кі­лемге 10 рет көтеріліп, қарсылас­тарының жауырынын жер иіскетті. Тек ақтық белдесуде ғана жарыс иесі, украиналық балуанға ғана ұпай саны бойынша есе жібереді. Осылайша, ол жиырма жасында КСРО-ның спорт шебері атағын алды. Өкінішке қарай, солақай саясаттың кесірінен Бектай Хасенов бірде-бір әлем, Еуропа біріншілігіне қатысып, өз мүмкіндігін толық көрсете алмағанына бүгінгі таңда қатты қынжылады.
Жоғары оқу орнын тамамдаған соң Бектай Сұлтанғазыұлы жаттықтырушылық қызметті таңдап, туған ауылына оралды. Жергілікті балалар мен жасөспірімдер мектебінде еңбек жолын бастады. Білікті жаттықтырушы балғындарды еркін күреске қызықтыра білді, біраз шәкірттер тәрбиеледі. Сейілбек Сарбасов, Жанат Амзенов, Қайрат Баймағанбетов, Болат Дүйсенов, Азамат Амзенов, Сәкен Құсайынов, Қанат Жолдасбаев және Ризабек Айтмұханды ерекше атап айтуға болады. Білікті бапкердің шәкірттері әр жылдары ел біріншілігінде, Азия және Еуропа чемпионаттарында белдесіп, сәтті өнер көрсетті. Тізе берсек, тізім ұзара береді. Шәкірттерінің әрқайсысы ұстазға қымбат. Бапкер оларды спорттағы жетістіктеріне қарай бөліп көрген емес. Ешқайсысын алаламай, бәріне бірдей қарауға тырысты.
Қазіргі таңда Бектай Хасенов өзі еңбек жолын бастаған аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне басшылық етуде. Талапты басшының жетекшілігімен Уәлиханов ауданының балуандары аудан және облыс деңгейінде қазақ күресі мен еркін күрестен өткізілетін біріншіліктерде үздіктер қатарынан көрінуде. Қазіргі уақытта спорт мектебінде 540 оқушы бар. Олар 27 жаттықтырушының жетекшілігімен еркін күрес, футбол, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, қазақ күресі, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, президенттік көпсайыс, гір көтеру, шорттрек, әйелдер күресі бойынша жаттығуда.
Білікті маманның көпжылғы еңбегі өз бағасын алғанын да атап айтқан жөн. 2018 жылы “Қа­зақстанның құрметті спорт қайраткері” атағына лайық деп танылса, 2019 жылы Уәлиханов ауданының құрметті азаматы атанды. Сондай-ақ, ол қазақ күресінен ұлттық санаттағы төреші екенін де атап айтқан жөн.

Болат ӘМІРИН.
Уәлиханов ауданы.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp