Бүгіндері бағасы қымбат диагностикалық тексерулер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру есебінен тегін жүргізілуде. Соның ішінде көз ауруларын тегін емдеуге мүмкіндік бар. Петропавлдағы “Айна-көз” көз орталығы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында мамандандырылған офтальмологиялық қызмет көрсетеді.
Жиырма жылдан астам тарихы бар орталық стационарлық және стационарды алмасыратын қызметтер, сонымен қатар кеңес беру, диагностикалау шаралары жүргізіледі. 2019-2020 жылдары аталмыш орталықта МӘМС аясында 2463 науқас ем алды. Соның ішінде мыңнан астам адам күндізгі стационар қызметін пайдаланды. Ал амбулаторлық жағдайда 8719 адам 30 мыңға жуық қызмет алды. Жалпы, медициналық мекеме құрылған уақыттан бері 400 мыңнан астам науқас қабылданып, 30 мың адамға ота жасалды.
Медициналық мамандар көз орталығында тегін кеңес алу үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы болуы қажет екенін айтады. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесі бар науқастар үшін тегін жоспарлы ота да қолжетімді. Бұл орталықта көздің түрлі ауруларын заманауи техникалардың көмегімен емдеу оң жолға қойылған. Мәселен, көз бұршағының бұлдырап, қарауытып, ағаруымен сипатталатын катаракта ауруын емдеуге арналған сenturion® аппараты бар. Офтальмолог дәрігер Сергей Бородкин заманауи құрылғы көзішілік қысымды бақылап, ота 5-10 минуттың ішінде жасалатынын айтты. Бүгінгі күні бұл құрылғының көмегімен 1000-нан астам ота жасалды.
Қарлығаш ІЛИЯСОВА,
әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры
облыстық филиалының бөлім басшысы.