«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАСКАҢ ҚАЙДА?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Былтыр атың өшкір коронавирус­тың біздің өңірге де ауыз салғанына көз жетіп, жұрт жаппай бетперде таға бастағанда, тілінің уыты бар бір досымның айтқанынан заматта айнып қалатын құрдасына: “Саған масканың керегі жоқ, өзіңдікі де жетеді“, – дегені бар. Сол секілді, бетперденің де түр-түрін тағып жүрміз ғой, ішің жылап тұрса да сыртың күліп қарайтыны, керісінше, жағынатыны, жағындыратыны, мақтайтыны, мақтауды ұнатпайтын сыңай танытатыны, т.с.с толып жатыр…

Індетке қосылған қымбатшы­лық пен шектеулер көптің жүйкесін жұқарта бастағаны жасырын емес. Медициналық маска дегенің алғашында қат болып, дүкенде кемі 500 теңгеден сатылды, оның өзі болмай қалып, ателье жағалап кеткен кездер де ұмытыла қойған жоқ. Сол кезде қазіргі 20 теңгеден аспа­сын деп жүрген қоғамдық бақылауың да үн-түнсіз қалып еді, қазір ғой дәріхана қожайындарын сілкілеп, халық жағына шыққаны. Оған да тәубе. Әйтеуір үйрендік, шыны керек, бетпердең болмаса, бірдеңе жетіспей тұрғандай күй кешесің.
Жуырда Нұр-Сұлтан қаласына жолым түсті. Сол жағалаудағы жаңа салынған зәулім үйлердің бірі. Дүкені жапсарлас, есігі қатар тұр. Дүкеннен бір нәрсе керек болып, кіре беріп, қалтамды қарманып едім, бетперде құрғыр болмай шықты. Амалсыздан, көлікке қайта барып, тұмылдырығымды тағып кірмеймін бе? Шалқамнан түсе жаздадым, аядай ғана дүкеннің ішіндегі 10 шақты адамның тек біреуінде ғана маска бар, қалғаны жайбарақат жүр. Тіпті сатушының өзінде жоқ, резеңке қолғап туралы әңгіме қозғау артық. Оған қара­ғанда біздің Қызылжарда тәртіп бар, сауда-саттық орындарындағы кіреберісте күзетші тапанша кезенгендей қарсы алып, дене қызуыңды өлшеп барып кіргізеді.
Жалпы, осы бетперде деген қашан, қалай пайда болғанын білеміз бе? Ғаламторды шолып шықсаңыз, бұл сұраққа жауап табасыз. Алғашқы маска 17 ғасырдың басында пайда болған екен. Оның авторы француз дәрігері Чарль Лорм. Негізгі мақсаты емшілерді аурудан қорғау, яғни науқастан жұқтырмау үшін жасалған. Алғашқы бетперденің пішіні де күлкілі. Бетті түгел жауып тұрады, көзге арнап ойық қалдырған, ол жерге шыны салған екен және танау тұ­сы құстың тұмсығы пішінді. Әдейі жасалған. Осы құстұмсықтың қуы­сына зарарсыздандыру қасиетіне ие түрлі шөп пен камфора майы, сірке суына малынған мақта салған. Былайша айтқанда, кәдімгі респиратор қызметін атқарған. Ал қазір­гі қолданыстағыларға ұқсайтындары 19 ғасырдың соңында пайда болыпты. Француз Поль Бержер мен польшалық Ян Микулич – Радецки шамамен бір уақытта жұқа кездемені қабаттап тігіп, сақалды да жауып тұру үшін алжапқышқа бекітіп қойған. Осылайша, ота кезінде пациентке хирургтың сілекейі мен демі арқылы түрлі инфекция түсуден қорғаған. Ал бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде химиялық шабуылдардан қорғану үшін және оның алдында “Испанка“ деген атаумен белгілі обадан сақтану үшін жұрт жаппай бетперде тағуға көшіпті.
Бірінші қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісі Ғалия Сыздықованың айтуынша, бүгінгі таңда бетперде тағу – өзің мен айналаңдағыларды қорғаудың ең тиімді тәсілі. Және зарарсыздандыру шараларын да ұмытпаған жөн. Ол үшін жиі-жиі қолыңды арнайы сұйықтықпен шайып тұруың керек. Тағы бір маңызды нәрсе – әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдар көп шоғырланатын жерлерде бір-біріне екі метрден артық жақындауға болмайды. Ең бастысы, қонақ шақырмау және себепсіз адамдар жиналатын жерге бармау.
Адамдардың індетсіз-ақ бетперде тағып жүргенін осы коронавирус тарамай тұрғанда Қытайда көріп едік. Теледидардан. Оның өзінде Димаш қатысқан байқауда жұрттың жаппай таққанын байқадық. Байқадық та таңғалдық. Бақсақ, миллион тұрғыны бар ірі мегаполисте маска лас ауадан қорғаныш ретінде пайдаланылады екен. Айтпақшы, осы Қытай мен Жапония, Вьетнам секілді елдерде жіті респираторлық аурулар тараған кезде халық айтқызбай-ақ бетпердесін таға қоятын көрінеді. Және мұны өздері мәдениеттілік пен әлеуметтік жауапкершілік санайды. Ал бізде дәрігерлердің ескертуіне қарамастан әлі де бей-жай жүргендер көп. Мамандардың айтуынша, сәуірде індет тағы өршімек. Енді, Америка мен Африка штамдары пайда болыпты. Қазірдің өзінде Алматы қаласында ауруханалар 80 пайызға толған. Сақтансақ қана сау болатынымызды ұмытпайық! Маска тағайық!

Сағындық МАУҒАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp