Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткі саудасына қатысты қылмыс саны артып келеді. Былтыр полицейлер заңсыз айналымнан 2 килограмм осындай психотропты зат алды.
Синтетикалық есірткі “қара нарықты” жаулап, дәстүрлі есірткілерді ығыстырып жатыр. Облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Жандос Басыбаевтың айтуынша, 2017 жылы есірткі саудасына қатысты 332 қылмыс тіркелсе, соның 6-уы немесе 1,8 пайызы синтетикалық есірткіге қатысты болған. 2018 жылы тіркелген 221 деректің 34-і, яғни үлесі 15,4 пайызға жетті. Ал 2019 жылы есірткі айналымына қатысты тіркелген 176 деректің 46-сы немесе 26,1 пайызы психобелсенді заттармен байланысты болды.
– 2020 жылы есірткі айналымына байланысты 195 дерек тіркелді. Оның 74-і синтетикалық есірткіге қатысты. Бұл есірткі қылмысының 38 пайызына тең. Заңсыз айналымнан 2 килограмға жуық “синтетика” алынды. Шамамен, 20 мың доза. Оның нақты бағасы ешқайда ресми түре көрсетілмейді. Бірақ біз өзіміз үшін ішкі талдау жасаймыз. Яғни, 2 килограмм синтетикалық есірткінің “қара нарықтағы” құны 20 млн. теңге шамасында, – дейді Жандос Басыбаев.
Бүгінде есірткі мен психотропты заттарды жасаған, пайдаланған және сақтап таратқан адамға 15 жылға дейін соттау жазасы қарастырылған. Бірақ бұл да тоқтау бола алмай отыр. Былтыр есірткіні өткізуге қатысты 49 дерек тіркелсе, соның 70 пайызы синтетикалық есірткімен байланысты.
– Қылмыстық кодекске есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізуге қатысы бар адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы өзгертулер енгізілгелі біздің басқарма синтетикалық есірткіні таратып келген 6 интернет-дүкенді анықтап жапты. Қазір бұл істе тәжірибеміз бар. Қылмыстық жауапкершілікке бұл сайттардың әкімгерлері ғана емес, осы дүкенді ұйымдастырғандар, қаржы бөлгендер, курьерлер, жарнама таратушылар да тартылды. Олар бірнеше жылға бас бостандықтарынан айырылды, – дейді облыстық есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының басшысы.
Былтыр тәртіп сақшылары әлеуметтік желіде “@McMagic_official” деген атаумен жұмыс істеп келген интернет-дүкенді анықтады. Екі “достың” бірі әкімгер болып тапсырысты қабылдаса, екіншісі “қара жұмысты” атқарған. Яғни, тапсырысты орындап, есірткіні арнайы орындарға жасырып келген. Олардың тобына адам көп кірген. Тіркелушілер санын арттыру үшін тұтынушыларының “тауар” жайында пікірін жариялап, жиі-жиі қайырымдылық шарасын өткізген. Нәтижесінде есірткінің екі дозасын тегін беріп отырған.
Оңай олжаға кенеліп, өз өнімдерін сату үшін екеуі бір бөлмелі пәтер жалдап, сол жерде есірткіні әзірлеген, сату үшін сақтаған. Полицейлер операция барысында бұл шағын зертханадан жалпы салмағы 400 грамм болатын 4 түрлі есірткіні: марихуана, гашиш, “тұз” бен “спайсты” тапты. Бұдан басқа таратуға әзірленген 60 дана “тұз”, 15 орама “спайс” және буып-түюге арналған материалдар алынды.
Петропавл қалалық соты екі “достың” әрқайсысын 10 жылға бас бостандығынан айырды. Есірткіге, синтетикалық препараттардың заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстары облыста жүйелі түрде жүргізілуде. “Карантинге байланысты жасөспірімдермен, жастармен онлайн форматта түрлі іс-шаралар өткізіліп жатыр. Соңғы екі жылда ата-аналармен жұмысты күшейттік. Өйткені, қазір балалар негізінен үйде отыр. Ал ата-ана олар үшін толық жауап береді. Жастардың волонтерлік ұйымдарын есірткімен күреске тарттық. Былтыр олардың көмегімен 379 есірткі жарнамасы боялды. Петропавлдағы пәтер иелері кооперативі төрағаларының ортақ чатын құрдық. Қала тұрғындары есірткі жарнамасын көрген жағдайда фотоға түсіріп, осы чатқа жібере алады”, – дейді Жандос Басыбаев.
Ақерке ҚАБЫКЕЕВА.