«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКТЕГІ СОНЫ СЕРПІН Өңірді дамытудың кешенді жоспары жасалды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Солтүстік Қазақстан облысының 2021-2025 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қаралды. Алқалы мәжілісте Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов баяндамалар жасады.


Инвестиция — 2 трлн. теңге

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кешенді жоспарын жасауға тапсырма берген болатын. Соған орай тиісті республикалық ведомостволар мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен тұрақты жұмыс орындарын құруға әлеуеті жоғары жобаларды мұқият іріктеу бойынша жұмыстар жүргізді. Кешенді жоспар инвестициялық бағдарламаларды іске асыруды, тұрғын үй, өзге де инфрақұрылымды, әлеуметтік саланы дамытуды, сондай-ақ, қоғамдық құқықтық тәртіпті және азаматтық қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін 4 бағыт пен 87 іс-шарадан тұрады. Жаңартылған кешенді жоспарды жүзеге асыруға тартылатын инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 2 трлн. теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 517,9 млрд., жергілікті бюджеттен – 43,9 млрд., жеке инвестициялар есебінен 1,3 трлн. теңге бағытталады. Тұтастай алғанда, 1,4 трлн теңгенің 64 инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Олар АӨК, өнеркәсіп, көлік пен логистика, туризм, спорт, сондай-ақ кәсіпкерлік салаларын қамтиды.
Агроөнеркәсіп кешенін алатын болсақ, 52 тауарлы-сүт фермасы, құрамажем зауыты, 3 бордақылау алаңы, 2 құс фабрикасы, жылыжай кешені салынады. Арнайы экономикалық аймақ аумағында “CLAAS” ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі, “JOHN DEERE” сервис орталығы, “Ақсоран” және “Баян” вольфраммолибден кен орындарын игеру, тау-кен металлургия комбинатының жаңа өндірістік алаңдары бой көтереді.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары қандай нәтиже беретініне тоқталды. Атап айтқанда, 26 мың жұмыс орнын құру, өңдеу өнеркәсібін – 25 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 54 пайызға өсіру қамтамасыз етіледі.Тұрғындардың нақты табысы мен еңбек өнімділігі 30 пайызға көбейеді. Нысаналы көрсеткіштерге қол жеткізудің арқасында жалпы өңірлік өнімнің нақты өсімі 5,2 пайызға артады. Осылайша, облыс экономикасының өсу қарқыны, халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқаты айтарлықтай ілгерілейді. Қойма және сауда алаңдарымен қамтамасыз ету үшін “Қызылжар” сауда-логистикалық хабы құрылып, кәсіпкерлерді ынталандыру мақсатымен “Бизнестің жол картасы – 2025” бағдарламасы аясында сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдендіру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар беру, шағын және орта бизнес субъектілеріне қажетті алғышарттар жасау көзделген.
“Ауыл – ел бесігі” жобасы шеңберінде 307 тірек және спутниктік ауылдарда жаңа стандарттарға орай жолдар, ауруханалар, дәрігерлік амбулаториялар, мектептер, балабақшалар, Мәдениет үйлері, тағы басқа нысандар бой көтеріп, ескілері жөнделеді. 412 шақырым сумен жабдықтау және су бұру жүйелері жаңғыртылады. Барлық елді мекен тұрғындары таза ауызсу тұтынатын болады. Осы кезең ішінде 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үй немесе 21,7 мың пәтер салынады. Жыл сайын шамамен 2100 шақырым жол қалпына келтіріледі.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі – 1,2 трлн. теңгеге, еңбек өнімділігі 2,5 есеге ұлғайып, 1,6 мың жұмыс орны пайда болатынын жеткізді. АӨК-ні дамытуға 17 іс-шара бағдарланса, 10-ы – инвестициялық бағдарламалар. Бес жылда 29,8 мың бас ірі қараға шақталған фермалар тұрғызылады. Олар “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы несие беру жолымен және жеке инвесторлар тарту есебінен қаржыландырылады.
“Бұл ретте ӘКК-нің тәжірибесі үлгі етерлік. Облыс әкімдігі де жергілікті бюджет есебінен қаржы бөліп келеді. Былтыр 10 жобаға 4 млрд. теңге қаржылық қолдау көрсетілді. Бүгінде облыс тауарлы-сүт фермаларын салуда көшбасшы саналады. Инвестициялық жобалар бес жыл ішінде 575 млрд. теңге қаражат құюға мүмкіндік береді. Биыл 129,8 млрд. теңге инвестиция құйылады. Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту деңгейі – 6 пайызға, майлы дақылдар көлемі – 1 млн. гектарға, сүт өндірісі – 1 млн. тоннаға, майлы дақылдарды өңдеу 14 пайыздан 30 пайызға дейін ұлғаяды”, – деді министр.

Әлеуметтік салаға — ерекше басымдық

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ламинатталған фанера мен шпон өндіру жолға қойылғанын айта келіп, жергілікті жерде іске асырылатын өнеркәсіптік жобалар туралы баяндады. Өндіруші салаларда 4500 жұмыс орны ашылып, жалпы сомасы 376,5 млрд. теңге болатын 20 жобаны іске қосу жоспарланған. Биылдың өзінде 8 жобаға 28,9 млрд. теңгенің инвестициясын құю арқылы бір мың жұмыс орны құрылмақ. Озық бағдарламалар есебінен ағаш өңдеу, фармацевтика, қағаз, жиhаз салаларының кеңінен қанат жаюына серпін беріледі. Ағаш-жоңқа плиталарын, сондай-ақ, қағаз, картон шығаратын жобалардың өнімдері сыртқы нарыққа да жөнелтіледі. Бұдан бөлек, “МедэкспортСолтүстік жұлдыз” ЖШС-і дәрі-дәрмек өндіруге бағдарланады. Өңірде “Cool Infinity” серіктестігі деп аталатын елімізде изотермия вагондарын құрастыратын жалғыз кәсіпорын жұмыс істейді. Биыл мұнда ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, шығарылатын вагондардың жылдық саны 1400-ге жеткізіліп, көрсеткіш 4 есеге дейін ұлғаяды. Өнімнің басым бөлігі Ресей мен ТМД елдеріне экспортталады. Трансформатор зауытының құрылысы аяқталып, оның жабдықтары да шетелге жіберіледі.
Министрдің сөзіне қарағанда, тоқтап тұрған нысандар базаларында жаңа өндіріс алаңдарын тұрғызу экономикалық жағынан өте тиімді. Осы себепті 21,6 млрд. теңгенің 4 жобасын жүзеге асыру арқылы 450 жаңа жұмыс орнын ашу ойластырылған. Жобалар толық қуатына қосылған кезде өндіріс көлемі 25,5 млрд. теңгеге дейін артады. Биыл жылына 300 ауыл шаруашылығы техникасын құрастыратын 30 млрд. теңгенің жобасы іске қосылады.
Өңірдің әкімшілік орталықтармен байланысын қамтамасыз ету үшін авиарейстер саны айына 16-дан 68-ге дейін артады. Туристік әлеуетті күшейту, спортқа кең серпін беру мақсатымен Имантау-Шалқар курорттық аймағында көпбейінді туристік кешендер салынады. Отандық және шетелдік туристердің саны 100 мыңнан 280 мыңға дейін көбейеді. Бұдан бөлек, 100 адамға лайықталған қонақүйі бар спорт орталығы, Петропавл қаласында 3 мың орындық Спорт сарайы тұрғызылады.
“Жоғары технологиялық жобалар солтүстікқазақстандықтар үшін сапалы да тұрақты жұмыс орындарын сақтауға және құруға, көші-қон ағымын реттеуге жағдай жасайды”, – деді Бейбіт Атамқұлов.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов қанша жұмыс орны құрылатынын айтып берді. Өңірге инвестициялар мен білікті мамандар тарту, жаңа өндіріс көздері мен жұмыс орындарын ашу жан-жақты ойластырылған. 2025 жылға дейін 97 мың, оның ішінде мемлекеттік бағдарламалар мен кәсіпкерлердің бастамалары бойынша 71 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Ал озық жобалар шеңберінде 16 мың тұрақты және 10 мың уақытша жұмыс орны ашылады. Министрдің айтуынша, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыруды ынталандыруға, демографиялық теңгерімсіздіктің және кері көші-қон сальдосының әсерін азайтуға бағытталатын жұмыстар 10 мыңнан астам жұмыс күшін көшіріп әкелуге, демографиялық мәселелердің жақсаруына, ал жұмыссыздық деңгейін 4,9 пайызға дейін төмендетуге ықпалын тигізбек.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мақсатымен көпбейінді аурухана, аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде 47 медициналық нысан, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 400 орындық түзету мектеп-интернаты, 16 мектеп, 2 студенттер жатақханасы салынатынын, Назарбаев университетінің тәжірибесі негізінде жоғары оқу орны, сонымен бірге Академиялық көшбасшы орталығы құрылатынын мәлім етті.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов өз сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қабылданған 2018-2021 жылдарға арналған кешенді жоспар облыс экономикасының дамуына айтарлықтай ықпал жасағанын, көптеген әлеуметтік мәселелер нақты шешімін тапқанын атап өтті.
– Үш жылдың ішінде жалпы өңірлік өнім көлемі – 34, инвестиция – 50, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру – 54, өңдеу өнеркәсібі – 37, бизнес үлесі 5 пайызға өсті. Алдағы уақытта бюджеттің 65 пайызы экономиканы одан әрі дамытуға, ал 35 пайызы білім беру мен денсаулық сақтау салаларына жұмсалады. “Қызылжар” арнайы экономикалық аймағы белсенді дамып келеді. Жолдар жөнделіп, 98 пайызы қанағаттанарлық жағдайға жеткізіледі. Салынатын 2,3 млн. шаршы метр тұрғын үйдің 500 мың шаршы метріне әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар қоныстанады. Кешенді жоспарды орындау нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері 400 млрд. теңгеге жетіп, өңдеу секторы 67 пайызды құрайды. 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Құмар Іргебайұлы.
Асқар Мамин Ұлттық экономика министрлігі мен облыс әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кешенді жоспарда белгіленген іс-шараларды уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуді жүктеді.

Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp