«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚОЛ БАСТАҒАН ҚҰЛЕКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әр мемлекеттің тарихында даңқы мәңгі өшпейтін тұлғалар бар. Олардың есімдері әрқашан есте қалады. Еліміздің өткеніне көз жүгіртсек, Ұлы дала төсінде қанша қан­төгіс орын алды емес пе? Ата-бабала­рымыздың ерлігі мен батырлығының арқасын­да бүгінгі тәуелсіз мемлекет қалыптасты.

Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, бар-жоғымызды түгендей баста­ған кезде, өкінішке қарай, бұрын-соңды аты да, заты да беймәлім “батырлардан” аяқ алып жүре алмай қалдық. Қалтасы қалың­дар, қолында билігі барлар найза түгіл, шоқ­пар сілтеп көрмеген ата-бабаларын түген­деуге кірісті. Соның салдарынан тұлпар мі­ніп, ту ұстаған, буырқанып бұрсанған, мұз­дай темір құрсанған, жарғақ құлағы жастық­қа тимей елін, жерін қорғаған талай ердің есімі тасада қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты ма­қа­­ласында ұлттық тарихы­мызды зерделеу міндетін алға тартты. Ұлт шежіресін түген­деп, жаңа заманның жақсы-жаманын ек­шеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қа­тар, тамырымызды берік сақта­уымыз қа­жет екенін айтты. Бұл алдымен тарихты тү­гендеуден басталады. Ал тари­хи ілім шын­дыққа түзелсе, ұлттық ой жүйе­сін қалып­тас­тырып, ұлттық болмысымыз­ды анық­тап, қазақ идеологиясын, көзқа­ра­сын қа­лып­­тас­тырады. Сондықтан өткеннің ақтаң­дақ беттерін зерттеп, зерделеу – уа­қыт та­лабы. Бұл орайда қазақ даласы­ның Ресей империясы құрамындағы тарихы, қа­зақ хан­дығының Ноғай ордасы, Сібір, Қа­зан, Ас­трахан хандығымен қарым-қаты­насы то­лық зерттеуді қажет етеді.
Абылай дәуірі – Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы, Жоңғарлар мен Қытай-Цин империясының мүдделері қайшылықтарға толы кезең бо­латын. Міне осындай қиын-қыстау дәуір­де орыс-қазақ келіссөздерінде бітімгер­ші­лік қарым-қатынас орнатуға, жоңғар-қал­мақ басқыншыларынан елімізді азат етуге аянбай күрескен ірі тұлғалардың бірі – Құлеке батыр.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Құлеке Тәңірбердіұлы 1702 жылы Есіл бойында, Аютас өңірінде дүниеге келді. Пайғамбар жасына жетпей, 1763 жылы өмірден өткен. Құ­леке батырдың ата-тегіне келсек: Атығай ішінде Бәйімбет. Одан – Жоламан – Дәу­ле­тай – Тәңірберді. Тәңірбердіден алты ба­ла: Ті­леке, Құлеке, Қожаберген, Малтабар, Бу­рабай, Ақан-Барақ. Құлекеден Бәбеке, Мөң­ке, Тілеуке (Шал ақын), Шардақ, Қазақ­бай, Жү­сіп есімді алты ұл өрбіген. Оның ұр­пақ­тары бүгінде Шал ақын ауданының Сер­геев­ка қаласында, Алқаағаш, Қаратал ауыл­­дары мен еліміздің өзге өңірлерінде тұрады.
Құлеке батыр – Абылай ханның оң қолы, сенімді серігі, данагөй кеңесшісі, тонның іш­кі бауындай жақын, үзеңгілес жолдасы бол­ған. Абылай күрмеуі қиын небір жауапты міндеттерді жаужүрек батыр әрі шашасына шаң жұқпайтын мәмілегер Құлекеге сеніп тапсырып отырған. Шал ақын өзінің бір өле­ңінде әкесі Құлекенің атақты батыр бол­ғанын былай жеткізеді:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт!
Мұрағат деректері негізінде жазылған “XVIII ғасырдағы қазақ-ресей қарым-қа­ты­настарының тарихы” атты кітапта Құлеке ба­тырдың есімі жиі аталады. Онда Абылай сұлтанның Құлсары және Құлеке батыр­лармен бірге Есіл бойында қоныстанғаны ту­ралы баяндалады. Демек, қазақ даласы­ның ұлы билеушісі сенімді серіктерін өзіне жақын ұстаған. Тағы бір құжатта патша өкіметі тарапынан Абылай сұлтан мен Құлеке батырға ақы (жалование) та­ғайын­далуы туралы сөз болады. Абылай хан­ның әмірімен Құлеке батырдың Санкт-Пе­тер­бургке, Мәскеуге мәмілегерлік сапар­мен аттанғанын аңғарамыз. Соған қара­ғанда Құ­леке батырдың орыс тілін білгенін болжай­мыз. Шығыстағы көрші мемлекет – Қытай­мен келіссөздер жүргізуге де Абылай хан көбіне Құлекені жұмсаған.
1733 жылы Орта жүздің ханы Сәмекенің бұйрығымен қазақ елінің елшісі ретінде Санкт-Петербургке барып, патшайым Анна Иоановнаның қабылдауында болып, орда бұзар 30 жасында Ұлы Жібек жолы бойын­да қазақ жерінде Ресей керуені тоналып, жергілікті халыққа жала жабылғанда – екі ел арасындағы араздықты реттеу мәселе­сі­мен арнайы елшілік миссиясын орында­ған болатын. Бұл бабамызды білікті дипло­мат – елші дәрежесіне көтерген сын сағаты еді.
“XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Цин импе­риясы мен қазақ хандығы” атты жинақта Ом­бы мұрағатынан көне деректер келтірілген. Онда: “Абылай сұлтан Құлеке батырды Цин империясымен келісім жасауға аттан­дырды”, – деп жазылған. Бір құжатта кіші жүзден Нұралы мен Ералы сұлтандардың, орта жүзден Құлсары, Құлеке, найман руы­нан Қабанбай, Қанжығалы Қошқарбай, ке­рейден Қожаберген батырлардың есім­дері аталады. Осы кітапта сол дәуірдегі қазақ елінің Еуропамен арадағы сыртқы саяса­тына қатысты құжаттар жиі ұшырасады. Мә­селен, бір жазбада: “Абылай сұлтан Санкт-Петербургке төрт мәмілегерді, соның ішін­де Құлеке мен Құлсары батырларды жө­нелт­ті”, – деп жазылған. Сондай-ақ, “Абы­лай сұлтан генерал-майор Тевкелевпен жолығысқысы келеді және бұл кездесу Троицк қаласында өтуін, оған Құлеке мен Құлсары батырлардың да қатысуын қа­лайды”, – деген деректер бар.
Жалпы, XVIII ғасырдың 30-70 жылдары Ресей патшалығының Орынбордағы әкім­шілігі қазақ елінің батыс және солтүстік өңі­рін өз билігіне қаратып, колониалдық үс­темдігін белсенді түрде іске асырумен бол­ды. Қазақ елі Жоңғар, Қытай басқыншы­ла­рының өктем, жаугершілік саясатынан жұ­тылып кетпеу үшін Ресей билігіне бағы­ныш­ты болуды таңдағанды. Сондықтан да Абылай бастаған қазақ сұлтандарының Ре­сей патшалығына ант беруі саяси жағ­дай­дан туған айла болды. Қол қойғандар сана­тында Құлеке бабамыз да бар болатын. Бұл рәсім Ресейдің өкілетті елшісі Тев­ке­левтің басшылығымен ұйымдастырылған еді. Бүгінгі таңда Ресей империясының Азия департаментінде барлық мәліметтер сақтаулы. Сол ақпараттар арқылы көп жа­ңалықтар ашылуда.
Құлеке Тәңірбердіұлы жалпы қазақ елі­не ортақ мәселелер бойынша сауда-сат­тық, шекара келісімдері, жер дауы, жайы­лымдар талап ету мен тағы басқа жағ­дайларда Ресей үкіметінің шекара бастық­тарымен, Орынбор губернаторы Неплюев­тің қабылдауында болып, шиеленіскен мә­селелерді шешіп, келісімге қол жеткізген.
1756 жылы Құлеке бабамыз Қожаберген жырау, баласы Бәбеке батырлармен бірге қол бастап, үш мыңдай шаңырақты Ертістің жоғары сағасына үдере көтеріп, Қытайдың Мачжур-шуршит әскерінің жерімізге басып кіруіне алдын ала қалқан болып, қазақ елі­нің байырғы жерін қорғады. Бұл қазақ елін, жерін қорғаудағы көрегендік жоспар еді. Ол елшілік тапсырмасымен Орынбор, То­больск, Троицк қалаларымен жиі байла­ныс­та болып, жоңғар-қалмақтардан қазақ даласын қорғауда, Атығай руының жайы­лы­мына Ертіс бойынан жер талап етіп, Ре­сеймен сауда-саттықты молайту туралы ке­лісімшарт жоспарына қол қойған. Сондай-ақ, Құлеке батыр қарулы қосынды басқа­рып Тобыл мен Ертіс арасындағы қазақ же­рін жаудан азат етіп, Ертістің оң жақ са­ға­сына мыңдаған отбасын қоныстандырған екен (Т.Шонанов “Жер тағдыры, ел тағ­ды­ры”, Алматы, 1995 ж).
Құлеке батыр Ресей, Қытай, Жоңғарияға қа­тысты тынымды істерімен кеңінен мәлім бо­луымен қатар, еліне қамқор, пана болып, бірлік пен тұрақтылықты, татулықты мақсат тұтты. Ресей әкімшілігінің бағалауы бойын­ша қазақ ру басыларының ішінде ең бедел­дісі деп танылған.
Құлеке батырдың қайратының арқасын­да естектерді Есілден ығыстырып шығара­ды. Естектердің Шуда, Бағанаты, Сарыбұ­лақ есімді үш батырын Құлекенің жекпе-жекте өлтіргені туралы тараған аңызды осы күнге дейін қариялар айтып отырады. Бел­гілі халық ақыны Ахметжан Нұртазин кезін­де былай жырлаған:
Сарыбұлақ, Шуда менен Бағанаты,
Естектiң батыры екен шыққан аты.
Соғысып, сойылдасып берiлместен,
Белдеуден босамапты байлаулы аты.
Тiлеке сол ұрыста қаза тапты,
Құлеке ашуменен ерттедi атты.
Өлтiрiп Бағанаты, Сарыбұлақты
Ағасы Тiлекенiң кегiн апты.
Абылай сұлтан 1763 жылы Құлеке ба­тыр­дың қайтыс болғанын патшайым ІІ Ека­теринаға арнайы жазған хатында үлкен күй­зеліспен, жабырқау көңілмен жеткізген. Ол жан тәсілім етер алдында баласы Шал ақын­ға мәйітін ұлы хандар мен белгілі тұл­ғалар жатқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яс­сауи кесенесіне жерлеуді өтінген. Ал әкесі Құлеке батырдың қыр-сырын туған ұлынан артық ешкім білмесе керек. Оның:
“Құлеке жиырмада арқар еді,
Отызда – би, қырқында дарқан еді.
Кешегі гулеп өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді” – деп әкесі қайтыс болғанда жырға қосқаны бар. Шал ақын әкесінің аманатын орындап, перзенттік борышын адал атқарды. Құлеке батырды Есіл бойынан Бетпақ даланы көктей өтіп, бірнеше күн арып-ашып мәйітін киелі Түркістанға жеткізген. Ол дәуірде жол сілемі жоқ, түнде ғана жүріп, оңтүстіктен туған шолпан жұлдызын бағытқа алып, күндіз мәйітті қалың құмға жасыруға тура келген. Құлеке бабамыздың ел мүддесі үшін аянбай күресіп, қазақ ұлты үшін сіңір­ген еңбегі зор. Оның есімі ешқашан ұмы­тылмайды, халықпен бірге жасайды.
“Мәңгілік ел” атану үшін өзіміздің төл тарихымызды ғылыми негізде тәуелсіздік ұс­танымы тұрғысынан қайта қарауымыз ке­рек. Отан тарихында Құлеке батырдың есі­мін жаңғыртып, ұрпаққа өнеге, ғибрат ету – біздің тікелей міндетіміз. “Асқар таудың тө­бе­сі алыс, етегі жақын, хас жақсының де­не­сі алыс, атағы жақын” – дегендей, Құлеке ба­тырдың денесі туған топырақтан жырақ жат­са да, ұрпақтары батыр бабасын ардақ тұ­тады. Оның ұлағатты істері тарих бетінде хат­талып, жалпы оқырмандардың қолына ақ­парат жүзінде тараса, рухани жаңғыру үр­дісіне қосқан қомақты үлес болары сөзсіз.
Биыл Құлеке батырдың өмірден озғаны­на 258 жыл. Батырға тағзым ретінде есімі бі­лім ордаларына, елді мекендерге, көше-алаңдарға, стадиондарға берілсе құба-құп. Ата қонысы Шал ақын ауданында ғана емес, облыс орталығында ескерткіші орна­тылса ғанибет емес пе?! Тіпті Сергеевка қаласына Құлеке есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Аманжол ҚОШАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp