Петропавлдық “Қуаныш” волейбол клубы өз тарихында тұңғыш рет Ұлттық лиганың қола жүлдесін жеңіп алды. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік желіде жерлестерімізді айтулы жеңісімен құттықтады.
“Бүгін үшінші орын үшін күресте солтүстікқазақстандық волейболшылар Алматы қаласының командасынан басым түсті. Біздің команданың тірегі – Солтүстік Қазақстанның спортшылары. Клубтың резервтік құрамы толығымен жергілікті спортшылардан тұрады. Қола медаль – облысымызда волейболды дамыту бойынша жүргізілген жүйелі жұмыстың оң нәтижесі, біздің жаттықтырушылар мен ойыншылардың еңбегі. Мен клуб өкілдерін айтулы жетістікпен құттықтаймын және келер жылы қыздарымыздың бұдан да биікке көтерілуіне тілектеспін”, – деп жазды Құмар Іргебайұлы.
“Қуаныш” волейбол клубы аудандардағы бапкерлермен қоян-қолтық жұмыс істейді. Болашағынан үміт күттіретін балғын спортшыларды үнемі іріктеп алып отырады. Сондай-ақ, клуб үш жас санатындағы волейболшыларды даярлайды. Өңірімізде қыздардың волейбол үйірмелері 12 спорт мектебінде жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.