«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЙЛЕР СҮРІЛІП, ЖОЛДАР КЕҢЕЙЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қаласы әкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің кезекті отырысында жергілікті мәслихат депутаттарының назарына 4 мәселе ұсынылды. Жиында ең әуелі облыс орталығының жеке тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қозғалды.

Белгілі болғандай, қаламызда тіркелген өрт оқиғаларының 40 пайызы тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан орын алады. Мәселен, биыл шаһар аумағында 47 төтенше жағдай тіркелді. Өкінішке қарай, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге өсіп отыр. Кеңесте сөз алған қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бас маманы Әсет Шайкиннің айтуынша, тілсіз жаудың құрбаны болған азаматтардың саны да азаяр емес.
– Жыл басынан бері Петропавлда 6 адам өрттен қаза тапты. 18 тұрғын түрлі дене жарақатын алды. Жалпы, төтенше жағдайлардың 60 пайызы жеке тұрғын үй секторында тіркеліп отыр. Сол себепті шағынаудандарда рейдтік іс-шаралар жиі өткізілетін болады, – деді ол.
Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың басшысы Дмитрий Растихиннің сөзінше, соңғы кездері газ баллондары бар пәтерлер мен қоғамдық тамақтану орындары қатаң бақылауға алынып отыр. Себебі, жарылыс салдары үлкен апатқа әкеліп соқтыруы мүмкін.
Қоғамдық кеңес мүшелері қаланың 2021 жылға арналған бюджетін де талқылады. Былтыр шаһар көшелерін қардан тазарту жұмыстарына 700 млн. теңге бөлінсе, биыл бұл сома 100 млн. теңгеге кеміген. Әйтсе де, осы жылы толассыз жауған ақ ұлпаның көлемі едәуір көп болып отыр. Сондықтан қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандары халық қалаулыларына қосымша қаражат бөлу қажеттігін алға тартты. Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына жататын азаматтарға бос жұмыс орындары жайлы SMS-хабарламалар жіберуге де бюджет қаржысы жұмсалады. Құны 12 теңгені құрайтын мұндай хабарламалар ұялы байланыс операторлары арқылы жіберіледі.
Жиында қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің жетекшісі Жанболат Батырбековтың баяндамасы тыңдалды. Ол биыл жергілікті бюджеттің шығын көлемі 532 млн. теңгеден асқанын айтты. Қаржы негізінен қаладағы Интернационал көшесі, 21 мекенжайындағы жатақхананы жөндеуге, №21 және №31 орта мектептерге спорт залдарын салуға, мемлекеттік рәміздерді сатып алуға, әкімдікке «Е-кызмет» жүйесін орнатуға жұмсалған. Сонымен қатар Амангелді және Парк көшелерін қайта жаңғырту жобасын әзірлеу қарастырылып отыр. Оған қоса, алдағы екі жылдың ішінде Мағжан Жұмабаев көшесі қайта жаңғыртылмақ. Оның бірінші кезеңіне қазынадан 600 млн. теңге бөлініп отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында ескі жер үйлер сырылатын болады. Бұдан басқа, алдағы уақытқа Береке шағынауданындағы Досмұхамбетов көшесін кеңейтіп, №26 орта мектептен Батыр Баян көшесіне дейінгі аумақта орналасқан баспаналарды сүру жұмыстары да белгіленген.

Аманжол НҰРТАЗИН.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp