“100 жаңа есім” жобасы елімізде 2017 жылдан ұйымдастырылып келеді. Бұл байқауға Тәуелсіздік жылдары айтулы жетістіктерге жеткен, басқаларға үлгі боларлық кез келген қазақстандық қатыса алады.
Биыл шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткелі отыр. Жобаға қатысуға өтінім 22 ақпаннан 12 сәуірге дейін қабылданып, дауыс беру 100janaesim.ruh.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.
Былтыр облыстан 46 адам өтініш берсе, биыл үміткерлердің қатары үш есе көп. Барлығы 140 адам өтінім берді. Олар медицина, білім, ғылым және инновация, экология, мәдениет, спорт, бизнес және қоғам аталымдары бойынша өз бақтарын сынайды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясынан 10 үміткер бар. Солардың бірі – “Тең жол” әлеуметтік стартап-бағдарламасының авторы Сәлімхан Сәбитов. Жігерлі жастың елімізде бірінші болып тірек-қимыл аппараты зақымданған жандарға арнап автомектеп ашқаны белгілі.
2017 жылы жерлестеріміз Геннадий Зенченко, Күлбарам Баязитова, Татьяна Кучер, Андрей Кухарук, Рашбиль Евдаев, Алмас Бейсенов, Виталий Диденко, Гарик Бернецян көп дауыс жинап, жеңімпаз атанған болатын. 2018 жылы 67 адам қатысқанымен, ешқайсысы ақтық кезеңге жете алмады. Ал 2019 жылы Т. Зверяченко 19 мыңға жуық дауыс жинап, үздіктер қатарына қосылды.
Еркін ӘБІЛ,
облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.