Бүгін – композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Тілендиев Нұрғиса Атабайұлының туған күні.
Дәулескер домбырашы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген.
Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория), Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1952-1961 жылдары – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 1960-1964 жылдары – Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. 1968-1981 жылдары – «Қазақфильм» киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан Отырар сазы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.
«Алтын таулар» операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), «Достық жолымен» балетінің (Л.Степановпен бірге), «Ортеке» балет-поэмасының, «Менің Қазақстаным» кантатасының, оркестрге арналған «Поэма», «Ата толғауы», «Ақсақ құлан», «Аққу», «Арман», «Махамбет», «Көш керуен «поэмалары мен «Халық қуанышы», «Қайрат», «Жеңіс салтанаты» атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды. 1998 жылы көз жұмған.
Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған. Астана, Алматы қалаларында Нұрғиса Тілендиев атындағы көше бар.
https://egemen.kz