Әр мемлекеттің тарихында даңқы мәңгі өшпейтін тұлғалар бар. Олардың есімдері әрқашан есте қалады. Еліміздің өткеніне көз жүгіртсек, Ұлы дала төсінде қанша қантөгіс орын алды емес пе? Ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығының арқасында бүгінгі тәуелсіз мемлекет қалыптасты.
Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа қол жеткізіп, бар-жоғымызды түгендей бастаған кезде, өкінішке қарай, бұрын-соңды аты да, заты да беймәлім “батырлардан” аяқ алып жүре алмай қалдық. Қалтасы қалыңдар, қолында билігі барлар найза түгіл, шоқпар сілтеп көрмеген ата-бабаларын түгендеуге кірісті. Соның салдарынан тұлпар мініп, ту ұстаған, буырқанып бұрсанған, мұздай темір құрсанған, жарғақ құлағы жастыққа тимей елін, жерін қорғаған талай ердің есімі тасада қалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Тәуелсіздік бәрінен қымбат” атты мақаласында ұлттық тарихымызды зерделеу міндетін алға тартты. Ұлт шежіресін түгендеп, жаңа заманның жақсы-жаманын екшеп, артықшылықтарын бойға сіңірумен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет екенін айтты. Бұл алдымен тарихты түгендеуден басталады. Ал тарихи ілім шындыққа түзелсе, ұлттық ой жүйесін қалыптастырып, ұлттық болмысымызды анықтап, қазақ идеологиясын, көзқарасын қалыптастырады. Сондықтан өткеннің ақтаңдақ беттерін зерттеп, зерделеу – уақыт талабы. Бұл орайда қазақ даласының Ресей империясы құрамындағы тарихы, қазақ хандығының Ноғай ордасы, Сібір, Қазан, Астрахан хандығымен қарым-қатынасы толық зерттеуді қажет етеді.
Абылай дәуірі – Ресей патшалығы мен Қазақ хандығы, Жоңғарлар мен Қытай-Цин империясының мүдделері қайшылықтарға толы кезең болатын. Міне осындай қиын-қыстау дәуірде орыс-қазақ келіссөздерінде бітімгершілік қарым-қатынас орнатуға, жоңғар-қалмақ басқыншыларынан елімізді азат етуге аянбай күрескен ірі тұлғалардың бірі – Құлеке батыр.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Құлеке Тәңірбердіұлы 1702 жылы Есіл бойында, Аютас өңірінде дүниеге келді. Пайғамбар жасына жетпей, 1763 жылы өмірден өткен. Құлеке батырдың ата-тегіне келсек: Атығай ішінде Бәйімбет. Одан – Жоламан – Дәулетай – Тәңірберді. Тәңірбердіден алты бала: Тілеке, Құлеке, Қожаберген, Малтабар, Бурабай, Ақан-Барақ. Құлекеден Бәбеке, Мөңке, Тілеуке (Шал ақын), Шардақ, Қазақбай, Жүсіп есімді алты ұл өрбіген. Оның ұрпақтары бүгінде Шал ақын ауданының Сергеевка қаласында, Алқаағаш, Қаратал ауылдары мен еліміздің өзге өңірлерінде тұрады.
Құлеке батыр – Абылай ханның оң қолы, сенімді серігі, данагөй кеңесшісі, тонның ішкі бауындай жақын, үзеңгілес жолдасы болған. Абылай күрмеуі қиын небір жауапты міндеттерді жаужүрек батыр әрі шашасына шаң жұқпайтын мәмілегер Құлекеге сеніп тапсырып отырған. Шал ақын өзінің бір өлеңінде әкесі Құлекенің атақты батыр болғанын былай жеткізеді:
Құдай жақсы жаратқан Нұрекені айт,
Елде жақсы бар болса бір-екіні айт.
Атығайда төрт қасқа батыр өткен
Жантелі, Жәпек, Тілеке, Құлекені айт!
Мұрағат деректері негізінде жазылған “XVIII ғасырдағы қазақ-ресей қарым-қатынастарының тарихы” атты кітапта Құлеке батырдың есімі жиі аталады. Онда Абылай сұлтанның Құлсары және Құлеке батырлармен бірге Есіл бойында қоныстанғаны туралы баяндалады. Демек, қазақ даласының ұлы билеушісі сенімді серіктерін өзіне жақын ұстаған. Тағы бір құжатта патша өкіметі тарапынан Абылай сұлтан мен Құлеке батырға ақы (жалование) тағайындалуы туралы сөз болады. Абылай ханның әмірімен Құлеке батырдың Санкт-Петербургке, Мәскеуге мәмілегерлік сапармен аттанғанын аңғарамыз. Соған қарағанда Құлеке батырдың орыс тілін білгенін болжаймыз. Шығыстағы көрші мемлекет – Қытаймен келіссөздер жүргізуге де Абылай хан көбіне Құлекені жұмсаған.
1733 жылы Орта жүздің ханы Сәмекенің бұйрығымен қазақ елінің елшісі ретінде Санкт-Петербургке барып, патшайым Анна Иоановнаның қабылдауында болып, орда бұзар 30 жасында Ұлы Жібек жолы бойында қазақ жерінде Ресей керуені тоналып, жергілікті халыққа жала жабылғанда – екі ел арасындағы араздықты реттеу мәселесімен арнайы елшілік миссиясын орындаған болатын. Бұл бабамызды білікті дипломат – елші дәрежесіне көтерген сын сағаты еді.
“XVIII ғасырдың екінші жартысы мен XIX ғасырдың бірінші жартысындағы Цин империясы мен қазақ хандығы” атты жинақта Омбы мұрағатынан көне деректер келтірілген. Онда: “Абылай сұлтан Құлеке батырды Цин империясымен келісім жасауға аттандырды”, – деп жазылған. Бір құжатта кіші жүзден Нұралы мен Ералы сұлтандардың, орта жүзден Құлсары, Құлеке, найман руынан Қабанбай, Қанжығалы Қошқарбай, керейден Қожаберген батырлардың есімдері аталады. Осы кітапта сол дәуірдегі қазақ елінің Еуропамен арадағы сыртқы саясатына қатысты құжаттар жиі ұшырасады. Мәселен, бір жазбада: “Абылай сұлтан Санкт-Петербургке төрт мәмілегерді, соның ішінде Құлеке мен Құлсары батырларды жөнелтті”, – деп жазылған. Сондай-ақ, “Абылай сұлтан генерал-майор Тевкелевпен жолығысқысы келеді және бұл кездесу Троицк қаласында өтуін, оған Құлеке мен Құлсары батырлардың да қатысуын қалайды”, – деген деректер бар.
Жалпы, XVIII ғасырдың 30-70 жылдары Ресей патшалығының Орынбордағы әкімшілігі қазақ елінің батыс және солтүстік өңірін өз билігіне қаратып, колониалдық үстемдігін белсенді түрде іске асырумен болды. Қазақ елі Жоңғар, Қытай басқыншыларының өктем, жаугершілік саясатынан жұтылып кетпеу үшін Ресей билігіне бағынышты болуды таңдағанды. Сондықтан да Абылай бастаған қазақ сұлтандарының Ресей патшалығына ант беруі саяси жағдайдан туған айла болды. Қол қойғандар санатында Құлеке бабамыз да бар болатын. Бұл рәсім Ресейдің өкілетті елшісі Тевкелевтің басшылығымен ұйымдастырылған еді. Бүгінгі таңда Ресей империясының Азия департаментінде барлық мәліметтер сақтаулы. Сол ақпараттар арқылы көп жаңалықтар ашылуда.
Құлеке Тәңірбердіұлы жалпы қазақ еліне ортақ мәселелер бойынша сауда-саттық, шекара келісімдері, жер дауы, жайылымдар талап ету мен тағы басқа жағдайларда Ресей үкіметінің шекара бастықтарымен, Орынбор губернаторы Неплюевтің қабылдауында болып, шиеленіскен мәселелерді шешіп, келісімге қол жеткізген.
1756 жылы Құлеке бабамыз Қожаберген жырау, баласы Бәбеке батырлармен бірге қол бастап, үш мыңдай шаңырақты Ертістің жоғары сағасына үдере көтеріп, Қытайдың Мачжур-шуршит әскерінің жерімізге басып кіруіне алдын ала қалқан болып, қазақ елінің байырғы жерін қорғады. Бұл қазақ елін, жерін қорғаудағы көрегендік жоспар еді. Ол елшілік тапсырмасымен Орынбор, Тобольск, Троицк қалаларымен жиі байланыста болып, жоңғар-қалмақтардан қазақ даласын қорғауда, Атығай руының жайылымына Ертіс бойынан жер талап етіп, Ресеймен сауда-саттықты молайту туралы келісімшарт жоспарына қол қойған. Сондай-ақ, Құлеке батыр қарулы қосынды басқарып Тобыл мен Ертіс арасындағы қазақ жерін жаудан азат етіп, Ертістің оң жақ сағасына мыңдаған отбасын қоныстандырған екен (Т.Шонанов “Жер тағдыры, ел тағдыры”, Алматы, 1995 ж).
Құлеке батыр Ресей, Қытай, Жоңғарияға қатысты тынымды істерімен кеңінен мәлім болуымен қатар, еліне қамқор, пана болып, бірлік пен тұрақтылықты, татулықты мақсат тұтты. Ресей әкімшілігінің бағалауы бойынша қазақ ру басыларының ішінде ең беделдісі деп танылған.
Құлеке батырдың қайратының арқасында естектерді Есілден ығыстырып шығарады. Естектердің Шуда, Бағанаты, Сарыбұлақ есімді үш батырын Құлекенің жекпе-жекте өлтіргені туралы тараған аңызды осы күнге дейін қариялар айтып отырады. Белгілі халық ақыны Ахметжан Нұртазин кезінде былай жырлаған:
Сарыбұлақ, Шуда менен Бағанаты,
Естектiң батыры екен шыққан аты.
Соғысып, сойылдасып берiлместен,
Белдеуден босамапты байлаулы аты.
Тiлеке сол ұрыста қаза тапты,
Құлеке ашуменен ерттедi атты.
Өлтiрiп Бағанаты, Сарыбұлақты
Ағасы Тiлекенiң кегiн апты.
Абылай сұлтан 1763 жылы Құлеке батырдың қайтыс болғанын патшайым ІІ Екатеринаға арнайы жазған хатында үлкен күйзеліспен, жабырқау көңілмен жеткізген. Ол жан тәсілім етер алдында баласы Шал ақынға мәйітін ұлы хандар мен белгілі тұлғалар жатқан Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерлеуді өтінген. Ал әкесі Құлеке батырдың қыр-сырын туған ұлынан артық ешкім білмесе керек. Оның:
“Құлеке жиырмада арқар еді,
Отызда – би, қырқында дарқан еді.
Кешегі гулеп өткен Құлекенің
Алдынан орыс, қазақ тарқап еді” – деп әкесі қайтыс болғанда жырға қосқаны бар. Шал ақын әкесінің аманатын орындап, перзенттік борышын адал атқарды. Құлеке батырды Есіл бойынан Бетпақ даланы көктей өтіп, бірнеше күн арып-ашып мәйітін киелі Түркістанға жеткізген. Ол дәуірде жол сілемі жоқ, түнде ғана жүріп, оңтүстіктен туған шолпан жұлдызын бағытқа алып, күндіз мәйітті қалың құмға жасыруға тура келген. Құлеке бабамыздың ел мүддесі үшін аянбай күресіп, қазақ ұлты үшін сіңірген еңбегі зор. Оның есімі ешқашан ұмытылмайды, халықпен бірге жасайды.
“Мәңгілік ел” атану үшін өзіміздің төл тарихымызды ғылыми негізде тәуелсіздік ұстанымы тұрғысынан қайта қарауымыз керек. Отан тарихында Құлеке батырдың есімін жаңғыртып, ұрпаққа өнеге, ғибрат ету – біздің тікелей міндетіміз. “Асқар таудың төбесі алыс, етегі жақын, хас жақсының денесі алыс, атағы жақын” – дегендей, Құлеке батырдың денесі туған топырақтан жырақ жатса да, ұрпақтары батыр бабасын ардақ тұтады. Оның ұлағатты істері тарих бетінде хатталып, жалпы оқырмандардың қолына ақпарат жүзінде тараса, рухани жаңғыру үрдісіне қосқан қомақты үлес болары сөзсіз.
Биыл Құлеке батырдың өмірден озғанына 258 жыл. Батырға тағзым ретінде есімі білім ордаларына, елді мекендерге, көше-алаңдарға, стадиондарға берілсе құба-құп. Ата қонысы Шал ақын ауданында ғана емес, облыс орталығында ескерткіші орнатылса ғанибет емес пе?! Тіпті Сергеевка қаласына Құлеке есімі берілсе нұр үстіне нұр болар еді.
Аманжол ҚОШАНОВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
тарих ғылымдарының докторы, генерал-лейтенант.