«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰН БИРЖАДА САТЫЛМАЙДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылғы наурыздың 29-ында бірінші сұрыпты ұнды биржалық тауарлар тізіміне кіргізуді тоқтату туралы шешім қабылданды. Бұл жаңалық еліміздің ғана емес, солтүстікқазақстандық диқандарды да қуантып отыр.

Қызылжар өңірінде бидайдан ұн үгіп, оны саудалаумен айналысатын кәсіпкерлердің жанайқайын газетімізде осыған дейін бірнеше мәрте көтерген едік. Ол мақалаларда Сауда және интеграция министрлігінің 2021 жылдың 1-ші шілдесінен ұнды биржалық тауар тізіміне енгізу жайлы бұйрық қабылдағаны туралы да айтылды. Министрліктің сала өкілдерінің пікірлерімен санаспай, бірінші сұрыпты ұнды биржада саудалау туралы біржақты ұйғарымы жергілікті диірмен иелерін тақырға отырғызуы бек мүмкін еді.
– Астықты қайта өңдеушілер одағы мен диірменшілер Президентіміздің шешіміне қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізуде. Бұл мәселені жылдың басында облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен алқалы жиында көтерген едік. Мамандарға мәселенің анық-қанығын түсіндірдік. Ұн – биржалық тауар емес. Өнімді сақтау мерзімдері өте қысқа, оны тасымалдаудың өз ерекшеліктері бар. Оның үстіне, ұн ЕАЭО-ның биржалық тауарларының номенклатурасына кіргізілмеген. Есесіне Азия елдерінде де, әлемде де ұнды биржада саудалау тәжірибесі жоқ. Бұл тауар, көбінесе, сұрып бойынша емес, бренд пен сапаға қарап сатылады. Осының негізінде сапасына қарай, әр түрлі диірменнен шығатын ұнның бір тоннасының бағасындағы айырмашылық 30-40 долларды құрауы мүмкін. Биржаға түсетін болса, брендпен сатуға тыйым салынып, қымбат әрі сапалы ұн саудаланбайтын болады. Одан ұтылатын – астықты қайта өңдеушілер, – деп түсіндірді, «СевЕсильЗерно» ЖШС-нің коммерциялық директоры Таисия Колегова.
Қазіргі уақытта диірменшілік саласы құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Ұнның биржалық тауар қатарына өтуі қазақстандық өнім саудасындағы жағдайды одан әрі ушықтырар еді. Жыл санап, ұн экспортының көрсеткіштері төмендегені байқалады. Мәселен, 2012 жылы Өзбекстанға 1,2 млн тонна ұн жеткізсек, былтыр бұл көрсеткіш небары 650 мың тоннаны құраған. Тәжікстанға ұн экспорты 2009 жылғы 380 мың тоннадан 2020 жылы 85 мың тоннаға дейін түсіп қалыпты. Ал Ауғанстанға былтыр 600 мың тонна экспортталған.
– Қазір, шыны керек, жалғыз Ауғанстанға қарап қалдық. Өйткені, өзгелері бізден ұн емес, шикізат – бидайды импорттайтын болды. Ауғандықтар болса, ұнды биржадан сатып алуға дайын емес. Президенттің министрлік ұйғарымына тоқтау салуы дұрыс шешім болды. Біз өз кезегімізде отандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтасыз етуге әзірміз, – деді Таисия Колегова.

Гүлмира ШОҚТЫБАЕВА,
“SoltústikQazaqstan”.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp