Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте неше адамнан «британдық штамм» анықталғанын айтты.
«Қаладағы үздік зертханалардың бірімен келісіп британдық штамды табу үшін зерттеу жүргізіп жатырмыз. Оның реактиві басқаша болады, күнделікті ПТР-ге алып жүрген реактив емес. Арнайы сол штамды табуға арналған. Ол бойынша 40 реактив әкелінді, соның 32-сі немесе 78 пайызында британдық штамм көрсетілді», – деді қала әкімі. Сондай-ақ ол қаладағы аграрлық университеттің зертханасында да тексеріс жүргізіліп жатқанын жеткізді. «Олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы гранты бойынша жұмыс істеп жатыр. Ондағы ғалымдар жүзден аса зерттеменің ішінен 56 пайыз жаңа штамды анықтаған. Олар мұндай тексерісті күнде жүргізбейді, бір реттік зерттемемен бізде жаңа штамның бар-жоғын анықтайды. Денсаулық сақтау министрінің мәліметінше жаңа штамдар еліміздің 13 өңірінде анықталған», – деді ол. Бақытжан Сағынтаев бұл екі штамның жұқтыру деңгейі өте жоғары екенін еске салды.
https://www.inform.kz