«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Су тасқынынан зардап шегушілерге 325 қосын әзірленді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынына әзірлік қызу жүріп жатыр. Зардап шеккен халықты уақытша орналастыруға 35 мың адам сыятын 325 пункт дайындалды.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент басшысының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, өңірде алты мыңға жуық тұрғыны бар 79 елдімекенді су басуы ықтимал. Оның 30-ы өзен суының көтерілуінен, 13-і көлдердің толуынан және қалғаны еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін. «Соңғы жылдары көктемгі су тасқынының зардабын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. 160-тан астам елдімекеннен су басу қатерінің алды алынды. 13 су өткізу құбыры орнатылды, су басуға аса бейім учаскелерде 119 км астам топырақ үйіндісі және 7,5 км қорғаныс бөгеті салынды», – дейді Мұрат Қанғожинов. Су тасқынымен күресу үшін облыста құқық қорғау органдары қызметкерлерінен құралған 484 адам, 155 техника, 8 жүзу құралы және 83 мотопомпа әзірленді. Жағдай күрделенер болса жергілікті атқарушы органдардан қосымша шамамен 1900 адам, 1473 техника, оның ішінде 316 су сорғыш техника және 57 жүзу құралы тартылады. Көктемгі су тасқынымен күреске 190 тонна жанар-жағар май, 32,4 мың тонна инертті материал және 27,8 мың қап әзірленді. Бүгінге дейін елдімекендерден 1 млн 900 мың текше метр қар шығарылды, 1300-ге жуық су өткізу құбыры тазартылды. Өзендердің проблемалық учаскелерінде жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемгі су тасқынында зардап шеккен тұрғындар болып жатса, олар уақытша 325 пунктке орналастырылады. Арнайы жарақтандырылған орындарға 35 мыңнан астам адам сыяды.

https://www.inform.kz
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp