Петропавл қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыс істейтін лауазымды тұлғаның қылмыстық әрекетінің жолы кесілді. Ол орталық теңгеріміндегі коммуналдық тұрғын үй қорынан мұқтаж адамдарға жалға берілетін тұрғын үйді бергені үшін жүйелі түрде пара алған деген күдікке ілікті.
Жұмыс істейтін жас отбасыларды 5 жылға дейін уақытша тегін баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бар. Лауазымды тұлға осы мемлекеттік бағдарламаны орындау және іске асыру міНдеті өзіне жүктелгенін пайдалана отырып, тұрғын үйге мұқтаж тұлғаларды іздестіруді және олардан пәтер бергені үшін ақша алуды өзінің сенімді тұлғалары арқылы жүзеге асырған. Пара сомасы тұрғын үйдің аумағына байланысты 550 мыңнан 800 мың теңгеге дейін өзгеріп отырған.
Лауазымды тұлға мен оның сыбайластарына қатысты 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді.
Тергеп-тексерудің мән-жайы тергеу мүддесі үшін жария етілмейді.
Күдіктілерге қатысты түпкілікті шешімді сот шығарады.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет.