Сәуір айынан бастап электр энергиясының құны қымбаттауы мүмкін. Петропавл №2 жылу-электр орталығында өткен баспасөз мәслихатында электр қуатының бағасын өсіруге не себеп болып отырғаны түсіндірілді.
2020 жылы көмірдің құны 10 пайызға қымбаттап, мазут пен жанармай бағасы өскен. Сондай-ақ, темір жол тарифтері де артты. Осы мәселелерді саралай келе, облыс орталығы мен сегіз ауданды жарықпен қамтып отырған «СевКазЭнерго» акционерлік қоғамы Энергетика министрлігіне шекті тарифті өсіру бойынша өтінім берген. Нақты шешім бір айдың ішінде қабылданбақ. Тариф өскен жағдайда солтүстікқазақстандықтар электр энергиясына орта есеппен айына 12 пайызға артық төлейді. Жергілікті электр өндіруші компанияның бас директоры Игорь Татаровтың айтуынша, бүгіндері монополист 157 мың жерлесімізді электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Оның 90 мыңнан астамы – петропавлдықтар.
– 2008 жылдан бері электр қуатының тарифі жыл сайын ең кемінде инфляция деңгейінде ғана реттеліп отырды. Бұл шешім сол сәтте саланың «күйреуіне» жол бермейтін мәжбүрлі шара болғаны анық. Алайда, тарифтердің өсуін жасанды тежеудің салдарынан біз шығынға батып отырмыз, – дейді Игорь Витальевич.
Соңғы жылдары отын сатып алу, бюджетке төлемдер және жүйелік оператордың көрсетілетін қызметтерін төлеу бойынша шығындар ұлғайған. Бұл электр энергиясының бағасына әсер етіп отыр. Компания басшысының айтуынша, нысандарға жүргізілетін жөндеу жұмыстарына, жаңғыртуға және қайта қалпына келтіруге тартылатын инвестиция көлемі кеміді. Сондай-ақ, 2020-2021 жылғы қысқы жылыту маусымы барысында апаттар саны артты.
Тарифті өсіру арқылы қызметкерлердің жалақысын көтеру де көзделіп отыр. Бүгінде кәсіпорындағы орташа еңбекақы – 160 мың теңгені құрайды. Табыстың аздығынан соңғы 5 жылда ұжымның 84 пайызы басқа салаға ауысып кетіпті. Қазірдің өзінде 300 білікті маман жетіспейді.
Тарифті өсіруге нарықтағы өзгерістер де себеп болып отыр. Мамандардың айтуынша, энергетика жабдықтарына жөндеу жүргізуге, негізгі және қосалқы қондырғыларды қалпына келтіруге металл өнімдері қажет. 2020 жылы темірдің құны үш рет өскен. Тарифті өсіру қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».