Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласында «Білім-Өркениеті» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу және білімді жаңғырту орталықтарының ұйымдастыруымен «Білімді ұрпақ – тәуелсіздігіміздің тірегі» атты республикалық эссе байқауы өтті. Сайыста «Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Мен – Тәуелсіз Қазақстанның патриотымын» сынды үш тақырып бойынша жұмыстар қабылданды. Бұл байқауға Әскери институттың 9 курсанты өздерінің шығармаларын жолдады. Курсанттарға тілдік дайындық кафедрасының бастығы, капитан Ақмарал Сәркенқызы мен кафедра оқытушысы, подполковник Кенжегүл Абілғаламова ғылыми жетекшілік етті.
Ерекше белсенділік танытқан 1-курс курсанттары Тәуелсіздік, «Рухани жаңғыру», «Мәңгілік Ел» сынды отаншылдық рухтағы шығармалары мен Бауыржан Момышұлы, Сағадат Нұрмағамбетов туралы жазған эсселерін ұсынды. Байқау барысында курсант Ерасыл Әйтікеновтің жұмысы жоғары бағаланып, І дәрежелі дипломға ие болды. Курсант Нұрлыбек Жылқыбаевтың «Іргелі істер – ілгері даму кепілі» тақырыбында жазған эссесі көптің көңілінен шығып, І орыннан көрінді.
Олжас ӘДІЛБЕК,
Әскери институттың
баспасөз хатшысы.