Солтүстік Қазақстан коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «жасыл аймақта».
Өңірде күнде орта есеппен 15-17 адамнан ауру анықталады. Бұл әрине шілде, қараша айында ауырғандар санымен салыстырғанда аз. Жедел жәрдем қызметі сол уақытта тәулігіне 660 шақыртуға дейін барып жүрді. Қазіргі облыстағы жағдай да кез-келген уақытта өзгеруі мүмкін. «Еліміздің бірнеше өңірі «қызыл аймаққа» кірді. Ауырғандар саны көбейіп барады. Біздің облыста жағдай тұрақты. Осы көрсеткішті сақтап қалу үшін маска тағып, қолымызды жиі жуып, адам көп шоғырланған жерлерге барудан бас тарту қажет. Қауіпті вирусты жұқтырмау өз қолымызда. Өзіміздің, жақындарымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарайық», – дейді облыстық көпбейінді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Руслан Абетов. Руслан Абетовтың айтуынша, коронавируспен күресудің тағы бір тиімді жолы – оған қарсы вакцина алу. Дәрігер – ақпан айында алғашқы лекпен екпе алғандардың бірі. Жалпы өңірде 7 мыңға жуық медицина қызметкері бар болса, соның 33% вакцинацияланған. «Вакцинаның бірінші компонентін алғанда алғашқы күні аздап әлсіздік болды. Екінші компонентін алғанда өзімде еш өзгерісті байқамадым. Коронавирусқа қарсы екпе алудан қорқудың қажеті жоқ. Оның тек пайдасы ғана бар. Осы күнге дейін біздің аурухананың 152 қызметкері «Спутник V» вакцинасын қойдырды. Барлығының жағдайы жақсы», – дейді дәрігер. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 4712 адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін алса, 2118 адам екпені толық алды.
https://www.inform.kz