Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер өртенген қора-қопсыдан 50 литрлік газ баллонын алып шығып, ерлі-зайыпты зейнеткерді аман алып қалды.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 1 сәуір күні Қызылжар ауданы Соколовка елді-мекенінде болған. Сағат 21.40-та жұмыс басталар алдындағы нұсқаулық кезінде, полицейлер өрттенген шифердің қатты дыбысын естиді. Жалын келесі көшедегі үйлердің бірінен шыққан екен. Кезекшінің көмекшісі өрт сөндіру қызметіне қоңырау шалып, қалған үш офицер өрт шыққан үйге қарай жүгіреді. Поселкелік полиция бөлімінің бастығы Эльдар Аллахверанов терезені тарсылдатып, үй иелеріне хабар береді. 65 жастағы ерлі-зайыпты ол кезде балаларымен телефон арқылы сөйлесіп жатқан екен. Ал учаскелік инспекторлар Азамат Қабдрашитов пен Назар Мендекеев қоршаудан секіріп түсіп, малды шығару қажет болар деген оймен қора-қопсыны тексерген. Жанып жатқан сарайдан олар от шарпуға жақын қалған 50 литрлік газ баллонды көреді. Баллонды екі полицей көтеріп алып, қақпаның сыртына алып шыққан. Үй иесі қораға кірмек болады, бірақ Эльдар Аллахверанов оны жібермеген: өрттің тез таралуынан, ішіне кіру қауіпті еді. Көмекке келген көршілермен бірге тәртіп сақшылары өртті сөндіруге тырысқан. Осы уақытта өрт сөндіру қызметі де жетіп, 14 шаршы метр жерді жайлаған жалын сөндірілді. Өрт сөндірушілердің жедел қимылының арқасында қалған ғимараттар бүлінген жоқ. Тұрғындардың тауықтары да аман қалды. «Поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері дағдарыс жағдайында дұрыс іс-әрекет жасай білді. Шұғыл қимылдап, дұрыс шешім қабылдап, ауыр зардаптың алдын алды. Ішінде газы бар баллон жарылғанда салдары ауыр болар еді. Полиция майоры Аллахверанов бастаған полиция қызметкерлері өз міндеттерін абыроймен атқарып, күнделікті міндеттеріне кірісті. Осындай сәттерде полиция қызметкерлерінің халыққа қызмет етуге деген адалдығы сыналады», – дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Петр Климов.
https://www.inform.kz