«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫЛ АҒАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам баласы жасы ұлғайған сайын арты­на қарап өткен өмірін, туып-өскен үйін, ата-анасын, бауырларын сағынышпен еске алады, мұңаяды. Мұндай сәттер кез келген жұмыр басты пенденің басында бар деп ойлаймын.

Мен де бүгін өмірден ерте озған аяулы ағам Сәбит Қалиасқарұлы Мұқашев туралы естелікпен бөлісуді жөн көрдім. Көзі тірі болғанда марқұм ағам үстіміздегі жылдың 7 сәуірі күні 70 жасқа толар еді. Асқар таудай тірегім болған жан жайлы мерейтойында айта алмаған ақ тілегімді естелік ретінде қағазға түсіргім келді. Ағамның қаншалықты жақсы адам болғандығын қалың жұртқа жария етіп, көкірегімдегі шерімді тарқатсам, оған деген сағынышым басылар, жүректегі шымырлаған шерлі мұң азаяр, бәлкім!
Үйдің тұңғышы Ибраһим атты бауырымыз төрт жасында шетінеп кетті. Сәбит үйдің үлкені болып қалды. Өзінен кейінгі тетелес інісі, екінші ағам Мәжит екеуі атамыз Мұқаштың бауырында өсіп, тәрбиесін көрді.
Үйдің үлкені болғасын ба, Сәбиттің өмір жолы басқа балаларға қарағанда өзгешелеу өрілді. Ауылдағы төрт сыныптық мектепті бітіргесін ата-анамыз оны Есіл ауданының орталығы – Явленкада тұратын көкем­нің (әкемнің інісі Күпәшті осылай атайтынбыз) қолына орысша оқуға берді. Ағам сабақты жақсы оқыды, өте алғыр болатын, орыс тілін тез меңгеріп әкетті. Әсіресе, математика пәнінен алдына жан салмайтын, тіпті жоғары сыныптың есебін де шығарып, мұғалімдерінің “есть такая светлая голова” деп басқаларға үлгі еткендігін естігенде біз де мақтандық. Жалпы біздің әулеттің бала­лары сабақты жақсы оқыды, математикаға бейім болды. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан машина, автобус жоқтың қасы, көшеден бірлі-жарым қызметтік көліктерді көріп қаламыз. Ауыл адамдары аудан орталығына атпен қатынайтын. Сәбит үйге келгенде бәріміз қуанып қаламыз, әсіресе, анам асты-үстіне түсіп бәйек болады. Оның киген киімі біздікіне қарағанда жаңа, ерекше болатын. Тіпті, шаш үлгісі ауылдың балаларына ұқсамайтын.
Явленкадағы сегіз жылдық мектепті бітіргесін Сәбит пен көкемнің үлкен ұлы Төлеген екеуі Покровка ауылындағы ауыл шаруашылығы техникумына оқуға түсіп, агроном мамандығын алып шықты. Техникумда оқып жүрген кезде ағам ауылға ат басын жиі бұратын. Үстінде көпшіліктің қолы жете бермейтін былғары күртешесі бар. Толқынды бұйра шашы, қыр мұрынды келбетті жүзі көрген адамның көңілін сүйсінтетін.
Техникумды бітіргесін әскер қатарына алынды. Сәбит әскерден өзгеше болып оралды. Тамақты дәмді етіп пісіруді үйреніпті. Бізге ауыл адамдарына таңсық көрінетін палау, чебуреки, борщ дайындап бергенде сүйсініп жеп алатын едік. Әскерден өзімен бірге Мәскеу түбіндегі Подольск қаласының Виталий деген орыс жігітін ауылға алып келді. Қазақ ауылына Мәскеу жақтың адамының келуі қызық оқиға еді. Ол кезде ауыл тұрғындары әскерден келгендерді үйлеріне кезек-кезек қонақ қылып шақыратын. Виталий біздің ауылда жарты айдай болды, жолына билет әперіп, шығарып салдық.
Сәбит өзіміздің ауылда – Қарағайда өмірінің соңына дейін агроном, бригадир, бөлімше басқарушысы болып еңбек етті. Оның еңбекқорлығы, ақкөңілділігі туралы ел арасында тараған әңгімелер көп. Соның бір ғана дәлелі ауылда трактор сынып қал­са, қандай да бір техника істен шықса, ол бастықпын деп қол қусырып қарап тұрмай, өзі жөндеуге кірісетін. Ауыл кеңсесіндегі күнделікті таңертеңгілік жиналыстан кейін ақжарқын ағам сол жерге жиналғандардың бәрін анамыздың балдай тәтті қымызын ішуге үйге ертіп келуші еді.
Сәбиттің тағы бір ерекшелігі вальсты өте жақсы билейтін. Ауыл клубында немесе көрші ауылдағы Мәдениет үйлеріндегі іс-шараларда вальс билеуден алдына жан салмайтын. Оның әдемі ырғағына қарап тұрып көңілім марқаятын.
Ағам 1975 жылдың қысында көрші ауылдың Гауһар есімді сұлу қызына үйленіп, бес бала сүйді. Ата-анамыз оны өз алдына отау етіп шығарса да, туған үйінен кете алмай көпке дейін қимай жүрді. Мен үйдегі қыздардың үлкенімін, ауылда мұғалім болып қызмет етіп жүрген кезім. Ағам бөлек шыққаннан кейін біздің үйді айналшықтайтын болды. Ал біз болсақ, жас отауды қызық көріп, сол үйге жиі баратынбыз. Ең алдымен анам: “аналар не істеп жатыр екен, көріп келейін” деп үйден шығып кете­ді, іле-шала біз, балалар барамыз, ең соңында “бәрің осында екенсіңдер ғой” деп әкеміз келеді. Бауырмал ағам бір күні ма­ған “сен бізбен бірге тұрсаң қайтеді”, деп қолқа салды. Әлі есімде, жас отауға “Рекорд” радиосын сыйладым. Гауһар жеңгем жер қозғалса қозғалмайтын сабырлы адам ғой. “Біздің Гауһарда олимпийское спокойствие” деп Сәбит әзілдеп жүретін. Жеңгеммен біздің арамыз бір-ақ жас. 19 жасында келін боп түскен оны анам қызындай көріп, екеумізге киімді бірдей алатын.
Ағамнан кейін бәріміз өз алдымызға шаңырақ құрып, жан-жаққа тарастық. Қарашаңырақта екінші ағам Мәжит қалды. Мен де отбасын құрып, жеке өмір бастадым. Қиыншылық заман туа бастаған уақыт. Осындай жағдайға қарамастан ағам Толымбек екеумізге соғым беріп, күйеу баласына өзінің әдемі жейдесін сыйға тартты. Ағам өте балажан адам еді.
2001 жылы аяулы қызы Айнұрды ұзатып, Темірлан атты жиенін көруді Алла нәсіп етті оған. 2003 жылдың мамыр айында екінші ұлы Әсет, сол жылдың қазан айында үлкен ұлы Дәурен үйленді. Дәуреннің тойында көңіл күйі болмады. Осы тойдан кейін тура екі ай өткенде асыл ағам дүние салды деген суыт хабар алдым. Ақкөңіл бауырымның жүрегі 52 жасында соғуын тоқтатты. Тұңғышынан айырылған анам аңырап қалды. Алдынан кесе көлденең өтпеген Сәбитінің қазасы қабырғасын қайыстырып, келер жылы анамыз Шәрбан да ұлының қасына мәңгілік мекеніне аттанды.
Содан бері 18 жыл өтіпті. Тірі болғанда биыл жетпіс жылдығын атап өтер ме едік? Ел қатарлы дүбірлі той жасап, балаларының ортасында шаттыққа бөленер еді. Тағдыр оны жазбапты бізге. Бүгіндері артыңда қалған ұрпағың сенің өміріңнің жалғасы. Үлкен ұлы Дәурен – астанада телевизиялық орталықтың басшысы, қызы – Айнұр Петропавл қаласында ұлағатты ұстаз, екінші ұлы – Әсет қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Кенже ұлы Абзал да өмірден өз орнын тапты. Гауһар жеңгем ағамның ор­нын жоқтатпай, перзенттеріне ақылшы болуда.

Кәмила МҰҚАШЕВА.

 

 

  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp