«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тәрбиені мектепке ысыра салуға болмайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұстаз жұмысы сан-салалы. “Оқу инемен құдық қаз­ғандай” де­мекші, әр баланың жүрегіне жол тауып, ізгілік дәнін сеуіп, білімге құштарлығын арттыру – мұғалімге жүктелген зор міндет. Сондықтан білім беру ісінде қандай да бір жетістікке қол жеткізу ерен еңбектің жемісі ретінде бағалануы орынды. Қазіргі заманауи білім беру үрдісі жаңа бағытта дамып келеді. Мен әріптестерімнің халықаралық білім стандаттарына сай ізденіп, озық технологиялар кө­шінен қалмауына тілектестердің бірімін. Өскелең ұрпақтың биік шыңдарды бағындырғанына әркез қуанамын. Дегенмен, бүгінгі білім беру саласындағы кейбір жағдайға көңілім толмайтынын ашық айтқанды жөн көрдім. Бәлкім, өзгелерге сабақ болар.

Қолыма диплом алып, мектепке қызметке орналасқаным күні бүгінгідей көз алдымда. Қиындықтарға толы сол уақытта мектептердің материалдық-техникалық жағдайы қазіргімен еш салыстыруға келмейтін. Алайда, жүрдек уақыт бір орында тұрушы ма еді!? Оқытудың жаңашыл әдістері қолданысқа ене бастады. Қазір не қажеттің бәрі бар, тек игере біл! Өкінішке қарай, балаға саналы тәрбие, сапалы білім беру жауапкерші­лігін мұғалімге итере салып, өз міндетін ұмытқан ата-аналар қарасы көбейіп келеді. Олар – бала тәрбиесіне мектеп жауап беруі тиіс деген қасаң қағиданы ұстанғандар санатынан. Қит етсе, жұмысбастылықтарын алға тартады. Бұл – сыныққа сылтау ғана. Еңбек еткен, отбасын асыраған дұрыс. Алайда, күйбің тірліктің қамымен осылай жүре берсе, өмірінің көп бөлігін мектептен гөрі түзде өткізетін баланың отбасы, ошақ қасындағы тәлім-тәрбиесі қайда қалады? Мені қатты ойландыратыны – осы жайт. Жалпы, өз басым ата-ана баланың сабағы мен тәртібін қадағалауға уақыт таппайды дегенін түсінбеймін. Бұрындары мектеп пен ата-ана арасындағы байланысқа, тығыз қарым-қатынасқа үлкен мән беріліп, мектеп әкімшілігі тарапынан қатты қадағаланатын. Күрмеуі қиын бір мәселе туындай қалса, ата-аналар жиналысын өткізіп, қашанда ортақ мәміле табылатын. Меніңше, осы үрдістерді қайта жаңғыртқан жөн. Ата-аналар мен мұғалімдердің көзқарасы, пайымы әрқилы, сәйкес келе бермейді деген ұшқары пікірлермен де келісу қиын. Қай тараптан болсын білім саласы қоғамның жіті назарында болуы тиіс. Өйткені білім – басты құндылығымыз.
Баланың толыққанды, еркін өскені жақсы. Бірақ солай екен деп бақылауды, қадағалауды әсте босаңсытуға болмайды. Аталарымыз “қызға – қырық үйден тыйым” деп текке айтпаған. Бүлдіршін ата-анаға еліктеп өседі, мінез-құлқы, өмірлік көзқарасы мен ұстанымы қалыптасады. “Әй дейтін әже, қой дейтін қожа болмаса” бетімен кеткен бала жаман әдеттерге тез үйір келеді. Жасқаншақ, бұйығы болады. Түрлі қылмыстарға ұрынуы да ғажап емес. Отбасында кешке дастарқан басына жиналғанда тәлімді әңгіме айтылып, жас ұрпаққа өнегелі тәрбие беріліп жатса, қандай ғанибет! Сонда жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты, обал мен сауапты айырар еді. Ұлт мақтанышы, данышпан Абай адамның ақылды, білімді болуы оның тумысынан емес, айналадағы дүниені сезіп-біліп, үйренуінен, еңбек етуінен деген болатын.
“Әке – асқар тау, ана – бауырындағы бұлақ, бала – жағасындағы құрақ деген халық тәлімін ескерсек, бала тәрбиесінің бастауын­да отбасы қаншалықты маңызды рөл атқаратынын тани түсеміз.

Жұмаш СЕЙІТБЕКҰЛЫ,
ардагер ұстаз.
 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp