Футболдан Премьер-лига командалары арасында ел чемпионаты басталды. “Қарасай” стадионында өткен алғашқы ойынның алдында “Qyzyljar” клубының ұжымы облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовпен кездесті. Жиында команда басшылығы өңір намысын қорғайтын футболшыларды таныстырып, жоспарларымен бөлісті.
Кездесуде Марат Тасмағанбетов жергілікті футболдың әлеуетіне тоқталып, облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан жаңа маусымға сәттілік тіледі.
– Бүгіндері өңір спортын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Әсіресе, футболға зор мән беріліп отыр. Солтүстікқазақстандықтарды бұл спорт түріне тарту мақсатында жаңа алаңдар тұрғызылуда. Балаларға арналған футбол орталығы құрылды. Онда 350 жасөспірім шеберліктерін шыңдауда. Жаттықтырушылардың көзіне түскендер жастар командасында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Өкінішке қарай, өткен маусымда пандемияға байланысты біраз ойындар жанкүйерсіз өтті. Дегенмен, біздің команда турнир кестесінде бекіп, жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Биыл жерлестеріміз одан да биік асуларды бағындыратынына сенімдімін, – деді Марат Иманбайұлы.
Бұдан соң команда президенті Григорий Лория өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетовке “Qyzyljar” жейдесі мен чемпионат добын сыйға тартты.
Биылғы маусымда жергілікті футбол ұжымында біраз ауыс-түйістер орын алды. Бапкерлікке Андрей Карпович тағайындалып, команданың 50 пайызы жаңарды. Қуантарлық жайт, басым бөлігі – отандық спортшылар. Дегенмен, легионерлер де жоқ емес. Олардың қатарында черногориялық жартылай қорғаушы Дарко Зорич пен бразиялық шабуылшы Алмейда Данило бар. Команда тізгінін ұстаған Андрей Карповичтің айтуынша, барлық спортшылар ақпан-наурыз айларында өткен сынақтарда өздерін жақсы қырынан көрсете алғандықтан, клубпен келісімшарт жасасты.
– Чемпионат басталмас бұрын клуб Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 12 жолдастық кездесуде кезекті маусымға дайындығын пысықтады. Бұл ойындарда жеңіс те, жеңіліс те, тең түскен матчтар да болды. Нәтижесінде қатарымызға лайықты спортшыларды алдық, – деді клубтың бас бапкері.
Биыл “Qyzyljar”-дың жастар құрамасы еліміздің бірінші лигасында өнер көрсетпек. Сондай-ақ, облыстың футбол тарихында тұңғыш рет қыздарымыз да чемпионатта бақтарын сынайтын болады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.