1992 жыл. Тәуелсіздігін жаңадан алған еліміз үшін нағыз тағдыршешті кезең.
Болашақта не болары қазір жасалатын алғашқы қадамдарға тікелей байланысты. Отбасы – шағын мемлекет. Сондықтан азаттықтың екінші жылына шолу мақаламды өзімнің әулетімдегі жағдайдан сабақтауды жөн көрдім. Одақтың ыдырауы экономикалық қиындықтармен басталғанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. Сол жылдары марқұм әкем Жаңбырбай Қазезұлы механизатор, ал анашым Гүлнәр Көшімбайқызы кейін тарап кеткен кеңшарда сауыншы болып еңбек етті. Үйдегі бес бала ата-анамызды күні бойы көрмейтінбіз. Өз күнімізді өзіміз көріп, үйдің сүт кенжесі – үш жасар Таңатқа кезек-кезек қарайлаймыз. Шынын айту керек, бала болғандықтан көп нәрсені түсінбедік, үлкендердің қуанышы мен уайымы бізді қатты мазалаған жоқ.
Қазақстан Тәуелсіздігін жариялаған сәтте-ақ, үлкендер “атты мен жаяудың сәлемі жараспайтындығын” түсінді. Біз ол кезде жаяудың кейпінде болғанымыз анық. Жас мемлекет әлемдік бәсекеге қабілетсіз еді. Тек ішкі нарыққа ғана негізделген шаруашылығы бар экономикалық жүйе біржола тұралап қалды. Кедейшілік қыспағына түскен қазақстандықтар көп қиындық көрді. Бұл, ең алдымен, экономиканың сол кездегі заман талаптарына сай болмауынан орын алғанын атап айтқан жөн. Талон-картасыз ештеңе бермейтін дүкендердегі ұзын-сонар кезек, құны кетіп, қадірі қашқан ақша – соның дәлелі. Кешегі одақтың көптеген аймақтарында азаматтық және ұлттық қақтығыстар жүріп жатқан сол тұста Қазақстан да сол құз-шатқалға құлап кетудің аз-ақ алдында тұрды. Мұның аяғы неге соқтыратынын болжаудың өзі қиын еді.
Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих тағылымдары және қазіргі заман” атты баяндамасында: “1993 жылдың соңына дейін біздің өзіміздің экономикалық саясатымыз болған жоқ. Бюджетті жоспарласақ та, инфляцияға қарсы шараларды, әлеуметтік қолдау бағдарламаларын ойластырсақ та біз күннен-күнге “семіп” бара жатқан сол баяғы сомға қарайлайтынбыз. Оның үстіне бәріміз бір “қаржы қайығына” мінгесіп алғаннан кейін жеріне жете ойластырылмаған ырықтандыру бағдарламасына амалсыздан қосылдық. Біздің жас мемлекетімізге апат қаупі анық төнген еді. Сол апаттан бізді КСРО құламай тұрып бірқатар ең тиімді өндіріс салаларын өз бетінше қызмет етуге бейімдеп алғанымыз ғана сақтап қалғанын атап айтқым келеді. Президенттік билік институтын енгізу жөніндегі шешіміміздің маңызы да мұнан кем болған жоқ. Бұл арқылы сондай күрделі жағдайда өкімет билігін орнықты ұстап, мемлекетті басқару тетігін қолдан шығарма дық”, – деп сол жылдарды еске алады.
Мешін жылы табалдырықтан аттап кіргенде Қазақ елінің Тәуелсіздік алғанына бар-жоғы он бес күн ғана өткен болатын. Бұл кезеңде алда, ең алдымен, ішкі, сыртқы саясатты, экономиканы қалыптастыру, әлемнің жетекші елдерімен қарым-қатынас орнату, жас мемлекет ретінде өзін мойындату мақсаты тұрды. Бір жылдың ішінде түрлі заңдар қабылданып, маңызды құжаттар бекітілді, тәуелсіздіктің іргетасы да дәл осы кезеңде беки түсті. Атап айтар болсақ, қаңтар айында “Республикадағы бағаны ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы” Жарлық шықты. Содан бастап азық-түлік және тағы да басқа тұтыну тауарлары отбасының әр мүшесінің қажетіне сай белгіленген норма бойынша арнайы талондар арқылы сатылатын болды.
Шынын айту керек, алғашында әлем мемлекеттерінің бірқатары Қазақстанды даму бағыт-бағдары айқындалмаған, қуатты ядролық қаруы бола тұра мемлекет болып қалу-қалмауы белгісіз ел ретінде қабылдады. Сондықтан республиканың сыртқы саясатын тездетіп қалыптастырмаған жағдайда, халықаралық деңгейдегі мүдделерімізге орасан нұқсан келуі мүмкін еді. Еңсесін енді көтерген еліміз сын сағатта сыртқы саяси ахуалын қалыптастыруды тақыр жерден бастағаны аян. Осы мақсатпен Тәуелсіз елдің сыртқы саяси ведомствосы қайта құрылды. “Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясы”, халықаралық құқық және т.б. құжаттар сараланды. Қысқа мерзімде сыртқы саясат ведомствосының заңнамалық негізі жасалды. Шілде айында “Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы”, “Қазақстан Республикасының елшілігі туралы”, “Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті өкілінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы” Президенттің Жарлықтары шықты.
Осылайша, Қазақстан дербес мемлекет ретінде халықаралық аренаға шықты. Бір жылдың ішінде БҰҰ-ның құрамына кіріп, Халықаралық валюта қорына, Халықаралық реконструкция және даму банкіне, Дүниежүзілік банктің, Халықаралық даму қауымдастығының, Инвестицияға кепілдік беретін көпжақты агенттіктің, Инвестициялық таластарды шешу жөніндегі халықаралық орталықтың, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мүшесі болды. Қазақ мемлекеті өркендеуде өз жолын таба біліп, өркениетке өз үлесін қоса бастады.
Қазақстан толыққанды тәуелсіз мемлекеттің барлық нышандарына ие болды. Бір ғана 1992 жылдың өзінде мемлекетіміздің төл күш құрылымдары – Әскери күштер, Республикалық ұлан, Ішкі және Шекара әскерлері құрылды. Ал жыл соңына қарай ел тарихында тұңғыш рет Әскери-теңіз күштері жұмысын бастады. Осылайша, жас мемлекеттің қорғаныс және қауіпсіздік жүйесін құру ісі аяқталды. Бір атап өтерлігі, 1992 жылдан бүгінге дейін Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдар қатарында 41 мыңнан астам солтүстікқазақстандық әскери қызметін өтеген екен.
Мешін жылының 4 маусымында шын мәнінде тарихи оқиға орын алған болатын. Парламент отырысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Туы, Елтаңбасы, Әнұраны қабылданды. Тәуелсіздікпен бірге қайта түлеген ұлттық рухымыз, мызғымас бірлігіміз, асқақ арманымыз – бәрі де осы рәміздерде көрініс тапты. Содан бері Қазақстан күн астында қыраны қалықтаған көк Туымен, ерекше Елтаңбасымен, жан тебірентер Әнұранымен танылып келеді. Бұл – барша қазақстандықтар үшін баға жетпес байлық, зор мақтаныш.
Билік экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын көтеруді негізгі мақсат етіп қойды. Әрине, нарықтық экономикаға көшу жолына түскен ел үшін бұл кез оңай тиген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың басында солтүстікқазақстандық мұғалімдер мен дәрігерлер, өзге сала мамандары да жалақыдан қағылса, зейнетақы уақытынан кешіктіріліп берілетін. Бала болсақ та ақшаның орнына чек берілгенін көзіміз көрді. Өмірінің басым бөлігін білім саласына арнаған марқұм әжем көп жылдар бойы жинап, сандығында сақтаған ақшасының көк тиын құны қалмағанына қатты қынжылғаны да әлі есімде.
1992 жылдың басында елімізде сауда-саттық саласы еркін нарыққа жіберілуінің салдарынан дүкен сөрелері бос қалды. Аса қажетті азық-түлік пен тауарлар барған сайын қымбаттап, ақшаның құны жоғала бастады. Ел экономикасы құлдырау шегінде тұрды. Ұсыныс пен сұраныс арасындағы қарама-қайшылық еселеп артты, жұмыссыздық жаппай етек алды. Бұл жайттарға газетіміздің сол жылғы сандарын ақтарып қарасаңыз, көзіңіз жетеді. Мәселен, “Жараулы жүрер күн туды” атты мақалада: “Қазақстан” және №5 дүкендеріндегі жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. Мәселен, үйрек пен қаздың бір килограмы – 100-120 сом, шұжық – 47 сом, сиыр еті 35 сом, ал жылқы еті – 45 сом деп көрсетіліп тұр. Көкөніс те қымбаттағаны байқалады: бір килограмм алма – 30 сом, алмұрт – 40 сом болыпты. Дүкенде жүрген адамдардың көңіл күйі төмен екені айтпаса да көрініп тұрды”, – деген ақпаратпен танысуға болады. Бағаның өсуімен бірге алыпсатарлық және ұрлық кең етек алды.
Зауыттардың жұмысы тоқтап, бұрын өзімізде өндірілген кейбір тауарлар сырттан жеткізіле бастады. Сол бір қиын жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, жергілікті еңбеккерлермен, қаладағы “С.М.Киров” атындағы зауыттың және “Налобинская” агрофирмасының ұжымымен кездесіп, халықты қиындыққа төзіп қана қоймай, істің көзін тауып, жаңа нарықтық жағдайда жұмыс істеуге шақырды.
Қазақстан экономикасында ауыл шаруашылығының үлес салмағы басым екені белгілі. Сол жылы облыста 303 шаруашылық болса, қаңтар-сәуір аралығында 20 мың гектарға иелік ететін тағы 204 қожалық ашылды. Шаруашылық басшылары жұмысты жандандыру мақсатында шетел фирмаларымен тікелей байланысқа шығып, өздеріне қажетті құрал-жабдықтар мен басқа да техникаларды сатып алды.
Еліміздің кемел болашағы – мектеп қабырғасындағы жас ұрпақ екені даусыз. Өкінішке қарай, егемендігіміздің елең-алаң шағында облыста дәріс алып жүрген қазақ балаларының саны 21 мыңнан сәл асатын. Сол қарадомалақтардың 15 мыңға жуығы орысша оқыды. Қазақ балаларын ана тілінде оқыту мәселесін алғаш көтерген 1989 жылы құрылған “Қазақ тілі” қоғамының белсенділерінің атқарған жұмысын атап айтуға болады. Олар облыс орталығында қазақ сыныптарын ашу мақсатымен үй-үйді аралап, үгіт-насихат жүргізген болатын. Бұл жұмыстар 1992 жылы да жалғасын тауып, өз жемісін берді. Тәуеліздіктің арайлы таңын қуана қарсы алған жергілікті тіл жанашырлары 1992-1993 оқу жылында орыстілді екі мектепте қазақ тілінде оқитын бастауыш сыныптарын ашу жұмыстарын жүргізді. Қазақ сыныбына оқушы жинау оларды әбден сергелдеңге түсірді. Мұғалімдер мен оқулықтың жетіспеуі де көңілдегі күдікті қоюлата түсті. Дегенмен, намысшыл азаматтардың тікелей араласуымен орыс мектептері жанынан екі қазақ сыныбы ашылып, табалдырығын 35 бүлдіршін аттады. Сондай-ақ, қазіргі Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылындағы мектепте қазақ сыныбы ашылып, ондағы 15 қазақ баласы туған тілінде дәріс ала бастады. Тіл жанашырларының ендігі мақсаты – алдағы оқу жылында Петропавлда 9 қазақ сыныбын ашып, 100-ге жуық бүлдіршіннің қолына “Әліппе” ұстату еді. Абырой болғанда, бұл жұмыстар біртіндеп жүзеге асырылды.
Экономикалық қиындықтар жағадан алғанымен азат елдің еңсесін түсіре қойған жоқ. Жоғалғанымыз табылып, ұмыт қалған ұлт ұландарының есімдері қайта ұлықтала бастады. Жазықсыз жапа шегіп, қиянаттан қаза болғандардың бірі – қазақ педагогикасының іргетасын қалап, оны қалыптастыруға қомақты үлес қосқан ақын Мағжан Жұмабаев. Ұлы ақынның 100 жылдығын ел болып атап өту жоспарланған болатын. Осы мерейтойға дайындық бір жыл бойы жүргізілгені белгілі. Өңірдің намысшыл өкілдерінің бастамасымен Петропавл қаласындағы көшелердің біріне Мағжан Жұмабаевтың атын беру туралы ұсыныс жасалған еді. 1992 жылдың 12 мамырында облыс әкімінің шешімімен Коммунист және 2-ші Коммунист көшелері біріктіріліп, Мағжан Жұмабаев көшесі деп аталды. Бұл жергілікті тұрғындарға ерекше рухани дем бергендей. Бүгінгі таңда ақын атындағы даңғыл облыс орталығының ең көрікті көшелерінің біріне айналғаны сөзсіз.
Бір атап өтерлігі, сол жылы “Ленин туы” газетінің ғимаратының қабырғасына ұлы ақынға арналған ескерткіш тақта орнатылды. Тақтада: “Қазақтың аса көрнекті ақыны Мағжан Жұмабаев (1893-1938) 20-жылдары “Бостандьқ туы” (“Ленин туы”) газетінің редакциясында жұмыс істеді!” – деген сөздер жазылған. Белгілі алматылық мүсінші, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Марат Әйпеков ақынның үш метрлік ескерткішіннің жобасын әзірледі. Бұл жобаны Алматыдағы арнайы комиссия құптаған соң келесі жылы педагогикалық институттың жанындағы саябақта қазақ поэзиясының жарық жұлдызы, ақиық ақынның құрметіне граниттен ескерткіш орнатылса, есімінің жергілікті педагогикалық училищеге берілгені жұрттың мерейін тасытты.
1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктің бір жылдығына арнап Қазақстан халқының форумын өткізіп, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын көтерген болатын. Мақсат – жік-жікке бөлу емес, бірігу. Бұл ниетті түсіне білген әр этнос өкілдері этномәдени орталықтарын құруға білек сыбана кірісті. Осының нәтижесінде өңірімізде 1992 жылдан бастап еврей, неміс, славян, украин, кәріс этномәдени бірлестіктері бірінен соң бірі құрылып, бірліктің отауы тігілді. Қазіргі таңда өңірімізде 150-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Оларға барлық қолайлы жағдай жасалып отыр.
Қандай қиындық болса да халық бірлік пен ынтымақтың арқасында бәрін еңсерді. Түрлі ауыртпалыққа мойымады. Оларды көкіректегі сәулелі үміттің оты, болашаққа деген сенім алға жетеледі. Бастысы – азаттық таңы атып, бодандық бұғауының бұзылғаны еді. 1992 жыл тәу етер Тәуелсіздігімізді нығайтуда атқарылған қыруар істерімен тарихқа енді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
СУРЕТТЕ: Петропавл қаласындағы Мағжан Жұмабаев көшесі.